Өңірлер

Құмар Ақсақалов: Солтүстік Қазақстан облысына 2 мың адам көшіп келеді

Өңiр басшысы Құмар Іргебайұлы Ақсақалов халық алдындағы есептiк кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының даму әлеуетімен бөлiстi. Мәселен, облыс орталығы Петропавл қаласының 2015 жылдан 2018 жылға дейiнгі бюджетi 1,5 есе өскен. 28 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге жетіп отыр. Есептік кездесуге ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары — Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi министрi Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев қатысты.
Нұр-Сұлтан22 Ақпан , 16:27

Алдымен облыс әкімі Қызылжардың даму ахуалы туралы айтып берді.

Соңғы 5 жылда қаланың дамуына 158 млрд. теңге бөлiндi. 2018 жылы барлық негiзгi көшелер жөнделдi, 112 аула абаттандырылды.

Биыл тағы 500 млн теңге аулаларды жөндеуге бөлiнбек. Қала көшелерiне 2 мыңнан аса энергия үнемдегiш шам қойылды. 2617 ағаш егiлiп, 8 саябақ қалыпқа келтiрiлдi.

Облыс орталығында «Жас Өркен» жаңа шағын ауданы бой көтердi. 640 ескi және апатты үй сүрiлдi. Жаңа ауданда 2 мың пәтер салынуда.

«Петропавлда көп жылдар бойы апатты үйлердiң мәселесi шешiлмей келдi. Былтыр 3 апатты үй сүрiлдi. Биыл тағы 4 апатты үйдi көздеп отырмыз. Ол жерде екi 93 пәтерлiк үй саламыз. Облыс орталығының дамуына «Шығыс», «Орман», «Жас Өркен» шағын аудандары серпiн бермек. Құрылысқа инвестиция құямыз деген кәсiпкерлер баршылық», — дедi Құмар Ақсақалов.

Жалпы, 2019 жылы 2 240 пәтер салынып, 8 мың облыс тұрғыны баспанаға ие болмақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 518 пәтер дайын, биыл барлығы 851 пәтер сатылмақ.

Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов медициналық қондырғылардың тозуы туралы мәселе көтердi.

«Облыста медициналық нысандардың тозу көрсеткiшi 62,5% құрайды. Мысалы, облыстағы жалғыз МРТ 11 жыл бұрын орнатылған, жиi iстен шығатын. 2019 жылы медтехника алу үшiн 4 млрд. теңге қарастырылған. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп», - дедi Құмар Ақсақалов.

Елбасының тапсырмасы бойынша, Петропавлда көпсалалы аурухананың құрылысы басталмақ. Осының арқасында өңiрде медициналық қызметтiң сапасы артады. Аурухананың жанынан дәрiгерлерге арналған 200 пәтерлiк тұрғын үйлер салынады. Кадр мәселесiн шешу үшiн СҚМУ медициналық факультет ашылды.

2019 жылы 120 мектептi жөндеуге 5 млрд. теңге бағытталады.

«Көп  жылдар бойы қаржының жоқтығынан мектептердi жөндеуге 400 млн. теңге бөлiнiп келдi. Биыл 120 мектептi жөндеуге 5 млрд. теңге бөлiндi. Бұл мектептерде 35 мың оқушы оқиды», — дедi Құмар Ақсақалов.

Қазiр облыс орталығында 2400 орынға шақталған 3 мектеп салынуда. Сөйтiп, үш ауысымдағы мектептердiң мәселесi шешiледi. Өңiрде 3-6 жастағы балалардың барлығы балабақшаға барады. Бiрегей Оқушылар сарайында 1,5 мың бала айналысады. Осының арқасында қосымша бiлiммен қамту 91% жеттi.

Сондай-ақ,  СҚМУ жаңа оқу-зертхана корпусы салынады. Студенттер үшiн 2 мың орындық 5 жатақхана тұрғызылады.

Солтүстiк Қазақстанда 6 мыңнан аса көп балалы ана 1,2 млрд. теңге көлемiнде ай сайын мемлекеттiк көмекке ие.

Көпбалалы отбасыдан шыққан 3 613 оқушы тегiн тамақпен қамтылған. 1,5 мың бала киiм-кешек және мектеп оқу құралдарымен жабдықталған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1300 колледж студентi мемлекеттiк төлемдер алады.

«Әлеуметтiк қолдау аясында «Алтын алқа», «Күмiс алқа» иегерлерi, «Батыр-ана» атағын алған аналарға бiржолғы әлеуметтiк көмек екi есе өседi. 4-5 баласы бар аналарға бiр жолғы әлеуметтiк көмек енгiзiледi», - дедi Құмар Ақсақалов.

Халық алдындағы есептiк кездесуде СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов өңiрдегi өнеркәсiптiң дамуына тоқталды. Облыста қалайы өндiретiн үлкен кен орны ашылып, өңiр экономикасына серпiн бермек.

«Көп жылдар бойы Қазақстандағы жалғыз, Орталық Азиядағы iрi қалайы кен орындарының бiрi — Сырымбет зерттелдi. Биыл мамыр айында ашу жұмыстары жүргiзiлмек. 2018 жылы инвестиция көлемi 4 млрд. теңгенi құрамақ. Жоба толық күшiне 2021 жылы енгiзiлiп, жалпы инвестиция көлемi 100 млрд. теңгеге жетпек. Бiздiң өңiр үшiн үлкен жетiстiк болады»,- дедi Құмар Ақсақалов.

Облыстағы басты кәсiпорындар - «ПАМЖ» және «Киров зауыты» дамудың жаңа сатысына шығуда. Зауыттарды жаңғыртуға 6,7 млрд. теңге бөлiндi.

«Елбасы қолдауының арқасында соңғы 10 жылда зауыттарды жаңғырту жұмыстары басталды. Осының арқасында кәсiпорындар елде шығарылмайтын өнiмдердi өндiре бастамақ. Тұрмыстық техникаға арналған құрылғы, ақпараттық қауiпсiздiк қондырғылары шығарылады. Зауыттардың жұмыс iстеуi алдағы 3 жылда өнiм көлемiн 40% өсiруге мүмкiндiк бермек»,- дедi Құмар Ақсақалов.

«Биооперейшн» зауытының iске қосылуы өңiр эномикасына қан жүгiрттi. Крахмал мен кiлегей цехi iске қосылды. Желтоқсанда биоэтанол шығаратын цех жұмысын бастайды. Өңiрде қайталама полимер өңдейтiн бiрегей зауыт ашылды.

Шетелдiк инвесторлардың қатысуымен жем және ағаш өндiретiн зауыт, бидай өңдейтiн зауытты салу жоспарда бар. Заманауи дата-орталық салу көзделген, инвестиция көлемi 27 млрд. теңге. Қазiр өңiрде 7 iрi инвестициялық жоба әзiрленуде. Екi жылдан соң өңiр экономикасына 80 млрд. теңге инвестиция құйылып, 1500 адам жұмыспен қамтылмақ.

Қазiр мемлекеттiк саясат халықтың әл-ауқатын арттырып, облыс тұрғындарының санын көбейтуге бағытталған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оң көрсеткiш бар.

«Бiз миграциялық процестер бойынша оң өзгерiстердi байқап отырмыз. 2017 жылмен салыстырғанда облыстан көшiп кеткен адамдардың саны 15% азайған. Көптеген жастарымыз облыста қалуда. Шекаралық аймақтарға барып оқитын түлектердiң саны 13% қысқарды. 2018 жылы СҚМУ гранттар санын 3 есеге өсірді. Бұрын 342 грант болса, қазір 1072 құрайды. Жергiлiктi бюджеттен 75 грант бөлiндi», — дедi Құмар Ақсақалов.

2018 жылы 1,5 мың адам немесе 450 отбасы көшiп келдi. Биыл тағы 2 мың адам келедi. Болашағы бар ауылдарда биыл 600 үй салынады. Осы ауылдарға жол, мектеп, амбулатория жөндеуге, ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы бағытталады. Айтып өткен жөн, биыл 705 км жол жөндеуге 37 млрд. теңге бөлiнедi. 29 ауылға таза ауыз су келедi, бұл елдi-мекендерде 24 мың адам тұрады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика