Өңірлер

Алматы облысы әкімінің халыққа есебі: баспанамен қамту, газдандыру және туризм

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа тұрғындардан 60 жуық сұрақ қойылды. Талдықорғанда халық алдында есеп берген облыс басшысы өңірдің дамуы туралы негізгі баяндамасынан кейін тұрғындар сұрағына жауап берді. Жиынға ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Айдар Арифханов қатысты. Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан21 Ақпан , 11:17

Тұрғындардан келіп түскен  сауалдардың мазмұны негізінен қаланы газдандыру және көгілдір отынға қосуда әлеуметтік әлжуаз топтарға жеңілдік қарастыру, ауыз сумен қамту, аулаларды абаттандыру, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу, тұрғын үй алу, жол жөндеу сияқты маңызды мәселелерге қатысты болды. Облыс әкімі барлық сұраққа мүдірмей жауап беруге тырысты.

Мәселен,  Талдықорған қаласының тұрғыны Темірлан Өзенбаев Талдықорғандағы жылыту қазандықтарын табиғи газға қашан қосылатыны туралы сұрады.

 Газға қосылса біріншіден төлемі арзан болар еді, екіншіден экологиялық мәселеге ыңғайлы болар еді деді ол.

 «Өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Қанша жерден фильтр қойсақ та, қатты отын пайдаланудан шыққан түтін экологияға кері әсерін тигізеді, залалы да көп болады. Бір қазандықты газға қосуға 900 млн. теңгенің шамасында қаржы қажет екен, бірақ одан шығатын жылу қуаты 22 болса, енді 50 Гкал жетеді. Сондықтан, алдағы уақытта қаладағы 5 қазандықты түгелдей газға қосамыз», - деді облыс басшысы А. Баталов.

Сонымен қатар, сауалдарда сөз қозғалған Балқаш көлінің жағалауын дамыту, қаладағы көркем гимнастикаға арналған залдарды кеңейтіп, жаттықтырушы штаттарын қосу, Шарын шатқалын туристік нысан ретінде дамыту және басқа да мәселелерге қолдау жасалатыны айтылды.

Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде соңғы төрт жылда 36 мектеп, үш балабақша, үш қазандық, 244 км инженерлік жүйелер салынды. Инвестицияның жалпы сомасы 79,6 млрд. теңгені құрайды, 22,7 мың жұмыс орны құрылған.

«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында облыстың транзиттік әлеуеті артып, автокөлік жолдарының сапасы жақсарды. Облыс басшысы жыл сайын өңірде жолдарды жөндеу мен оларды күтіп ұстауға 30 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін айтты.  Биылғы жылы «Талдықорған - Өскемен», «Үшарал - Достық», «Күрті - Бурылбайтал», «Ұзынағаш - Отар» сияқты автожолдарды жаңғырту жобалары басталған. Сондай-ақ, «Алтын Орда» базары аумағындағы жол 10 жолаққа дейін кеңейтілуде», - деді А.Баталов.

Осы жобалардың өзіне 2019 жылы 50,6 млрд. теңге инвестиция игеріледі, 4,5 мың жұмыс орны құрылып, онда облыс тұрғындары жұмыс істейді. 

 

«Алматы облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірленуде. Өткен жылы әлеуметтік көмектің түрлі формаларына 234 мың адам ие болып, 13,8 млрд. теңге алған. Бұл жұмыс жалғаса бермек», - деді А.Баталов.

А. Баталовтың мәліметінше, халықтың аталған санатын қолдау үшін үш млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктері қарастырылды.

«Облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасын әзірлеу жұмысы басталды, коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаты беріледі, оның жиынтық сомасы 300 млн. теңге. Табиғи газға жеңілдікпен қосу да қарастырылып отыр. Бұл мақсатқа 500 млн. теңге бөлінеді.16 мың жеке тұрғын үйлерге улы газ датчиктері қайтарымсыз орнатылады, оған да 96 млн. теңге жұмсалмақ», - деді облыс әкімі.

Жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарына оқуға 100 грант бөлінеді. Бұл мақсатқа 44,3 млн. теңге қарастырылып отыр. Қазіргі кезде грантта 246 жас оқып жатыр.

«Аз қамтылған отбасыларының балалары мектепте ыстық тамақпен 100% қамтылады. Бүгінгі күні осындай 32 мың бала  тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, жазғы демалыспен қамтылған. Көп балалы аналар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі шешілген (200 млн. теңге). Бұған дейін тегін жол жүру мүмкіндігін 42 мың мектеп оқушысы, студенттер мен зейнеткерлер пайдаланып келді. Оған қоса халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын отбасыларынан  шыққан 31 мың баланың балабақшаларда тамағын субсидиялау  ойластырылды, оған бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінеді. Бұл орайда әрбір аудан мен ауылдық округтерде электронды Әлеуметтік карта жасалады. Сонымен қатар, аудан орталықтары мен қалаларда «Бір терезе» қағидатымен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қызмет көрсететін орталықтар ашылады», - деді А. Баталов.

2019 жылы «Халықтың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» бағыты басшылыққа алынады. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлер, жолдар салу, газдандыру, ауыз сумен қамтуға мүмкіндіктер бермек.

«2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 713,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, соның ішінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша барлығы 39 мың шаршы метр салынды. Кезек ретінің артуына байланысты биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен пайдалануға берілетін тұрғын үйлер ауқымын екі есе арттырып, 80 мың шаршы метрге жеткізбек. Соның ішінде 42,1 мың шаршы метр несиелік, 32 мың шаршы метр жалгерлік, 5,2 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үйлер, барлығы - 924 пәтер салынады», - деді аймақ басшысы.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 массив анықталып, оған 2025 жылға дейін 4 млн. шаршы метр үй салуды жоспарлап отырмыз, соның нәтижесінде 104 мыңға жуық отбасы пәтерлі болады.

«Алғашқы жарнаны төмендету мақсатында тұрғын үй сертификаты үшін 1 млрд. теңге бөлінді. Тұрғын үй сертификаттарын бөлу тізімі кеңейтіліп, мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне ғана емес, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, соның ішінде көп балалы отбасыларға да беру туралы шешім қабылдадық», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Өткен жылы Алматы облысына келген туристер саны 2 млн. адамға жетті. Бір ғана Алакөлге келген демалушылардың саны 1 млн. адамды құраған.

«Мемлекет басшысының Алакөлге келген жұмыс сапарында берген тапсырмасын орындау барысында Үкіметтің қолдауымен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, жағалауды бекіту жұмыстары жасалады, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері салынады.Біз туристік нысандарға апаратын көлік қатынасын реттеуде мақсатты жұмыстар атқарып жатырмыз. Мәселен, Көлсай көліне, Шарын шатқалына дейінгі жолдар жасалды, Балқаш көліне апаратын 140 шақырымдық жолды жаңғыртуға қатысты ірі жобаны жүзеге асыра бастадық», - деді А. Баталов өз баяндамасында.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ Туризм» бірлесіп тау туризмі кластерін құруға кірісті. Мәселен, жыл басында инвестиция көлемі 30 млрд. теңге болатын «Ой-Қарағай-Лесная сказка» тау шаңғы паркі ашылды.

«Алматы облысында шағын және орта бизнесте 115 мыңнан астам субъект болса, мұнда облыстың әрбір төртінші тұрғыны, атап айтқанда 245 мың адам жұмыс істейді. Олар жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шығарады, ал салық түсімінің көлемі 1,4 есеге, яғни, 108 млрд. теңгеге дейін өскен», - деді А.Баталов.

«Бизнестің Жол картасы» шеңберінде 4,4 млрд. теңге бөлініп, 257 субъектіге қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында облыста 1339 адам жалпы құны 6,1 млрд. теңге болатын микрокредит алған.

Сонымен қатар портфелінде 6,4 млдр. теңге бар «Даму» қоры арқылы да қолдау көрсетіліп отыр.

««Кәсіпкерлік ахуалды жақсарту мен бос бағыттарды анықтау үшін «Атамекен» өңірлік палатасымен бірлесіп кәсіпорындарды скринингтеу жұмысы жүргізіледі. Бұл шаралардың барлығы биылғы жылы ЖІӨ ШОБ үлесін 28,5% жеткізуге бағытталған. Өткен жылы шағын және орта бизнестің 100 жаңа нысанын ашу міндеттелген еді. Соның нәтижесінде жоспарланғандай 25,5 мың емес, 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылды», - деді А.Баталов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы облысы ирригациялық желілерді қалпына келтіруге кірісті. Биылғы жылы 25 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған. Жалпы толық түгендеу жүргізіліп, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды, үш жыл ішінде осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 10,3 млрд.теңге бөлінді.

Өткен жылы Ислам даму банкінен 19 млрд. теңгеге қаржыландыру басталды, бюджет қаражатын қосқанда 15 мың гектардан астам суармалы жер қалпына келтірілді.

«Биылғы жылы 25 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіретін боламыз. 2022 жылға дейін бұрын айналымнан шыққан 126 мың гектар суармалы жер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», - деді Амандық Баталов.

Өткен жылы Алматы облысы 1000 тонна ірі қара мал етін экспорттады, биылғы жылы оның көлемін 4000 тонна жеткізу жоспарланып отыр.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 28% артып, 60 млн. АҚШ долларына жетті», - деді А. Баталов.

Сол сияқты облыс басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін егістіктен тікелей дүкенге дейін жеткізу үшін оңтайлы логистика құру қажеттігін де атап өтті.

- «Бұл мақсатта әлемге танымал "Ранжис" француз компаниясымен бірлесіп, күніне 1000 жүк көлігін өткізе алатын сауда-логистикалық хабтың құрылысы басталады. Инвестиция көлемі - 32,3 млрд.теңге, 7 мың жұмыс орны құрылады», - деді А. Баталов.

Сондай-ақ, Алматы облысында биылғы жылы экспортқа бағатталған үш ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Іле ауданында ресейлік «Лукойл» компаниясының майлау материалдарын өндіретін, қуаты 21 мың тонналық зауыты жұмыс істейтін болады, соның нәтижесінде 27 млрд. теңге инвестиция тартылып, 200 жұмыс орны құрылады.

Кербұлақ ауданында Сингапур-Қытай компанияларының қатысуымен қуаты жылына 1,2 мың тоннаны құрайтын «АлаЦем» цемент зауытын жүргізу жоспарланған. Мұндағы инвестиция көлемі – 47 млрд.теңге, 360 жаңа жұмыс орны қарастырылады.

«Біріккен Араб Әмірліктерінің «Феникс» және «Заря» компаниялары «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында екі комбикорм зауытын салып жатыр. Жылына 60 мың тонна өндіруге қуатты зауыттардың инвестициясы – 5,8 млрд. теңге, жоспарланған жұмыс орны – 135.Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіне 87 млрд. теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 6% ұлғайып, 395 млн. АҚШ долларын құрайтын болады», - деді облыс әкімі.

Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Райымбек ауданын бөлу арқылы Райымбек және Кеген аудандары құрылған болатын. Райымбек ауданында өткен жылдан бері өнеркәсіптік картоп өндірісі дами бастады.

Картоп өндірісін дамыту үшін 26 бірлік техника мен картоптың элиталық тұқымдары сатып алынып, екі сервистік-дайындау орталығы құрылды. Алғашқы 100 гектарда өнімділік 300 центнерді құрады, бұл бұрынғыдан 2 есе жоғары (187 ц/га).

Облыс әкімі екі ауданның дамуына облыстың барлық аудан, қалалары өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, барлық басқару органдары құрылып, әкімшілік ғимараттары мен әлеуметтік нысандарының қайта қалпына келтірілгені, халықтың көші-қоны тұрақтанғаны айтылды. Соның нәтижесінде 700 жуық адам өз туған жерлеріне қайта оралды.

Сонымен қатар, кәсіпорындарды цифрландыру мен инновациялық технологияларды пайдаланудың арқасында облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 884 млрд. теңгені құрады, бұл көрсеткішті биылғы жылы 1 трлн. теңгеге  жеткізу жоспарланып отыр.

«Облыста Трансұлттық компаниялардың қатысуымен басталған 9 жобаның екеуі өткен жылы іске қосылды. Атап айтқанда, Іле ауданында «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру зауыты ашылды, оның жылдық қуаты 2 мың сорғы шығаруға жетеді, инвестиция көлемі – 2,1 млрд. теңге. Сол сияқты Қапшағай қаласында қазақстандық ұннан 30 түрлі тағам өнімдері мен полуфабрикаттар дайындайтын «Маревен Фуд» зауыты ашылды. Инвестиция көлемі – 15,4 млрд. теңге, 500 астам жұмыс орны ашылды. Олар өз өнімінің 80 % астамын «Қазақстанда жасалған» брендімен Орта Азия елдеріне экспортқа шығарады», - деді А. Баталов.

Ауыл шаруашылығы Алматы облысының драйвері болып отыр. Бұл саладағы жалпы өнім көлемі 700 млрд. теңгеден асты, агроөнеркәсіп кешеніне 82 млрд. теңге инвестиция тартылды.

«Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізудің нәтижесінде соңғы он жылда жүгерінің өнімділігі 1,5 есеге артып, 535 мың тонна өнім алынды (67 ц/га). Қазіргі таңда жүгері өсірумен 6 мың шаруашылық айналысады, оларда 19 мың адам жұмыспен қамтылған.Алматы облысында жалпы егіс алқабы 953 мың гектарға жетті», - деді ол.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов есепті кездеуге қатысқан, өзекті мәселелер туралы сауалдар қойған тұрғындарға алғыс білдіріп, бүгінгі күні проблемаларды шешуге Мемлекет басшысы тарапынан барлық жағдайлар жасалып отырғанын айтты. Ең бастысы, әр мәселеге терең үңіліп, жауапкершілікпен және адамгершілік тұрғыдан қарау керектігін жеткізді. Сондай-ақ, көтерілген мәселелердің барлығы да назарға алынып, олардың кезең-кезеңімен шешу қастырылатын болады.

Айта кетейік, облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны 3 сағатқа созылды.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика