Шолу

Дәурен Абаев: Журналистің аккредитациясын ешкім тартып алмайды

Кеше ғана ҚР Премьер-министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет үйіндегі мәжілісте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуы жайында баяндаған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев бүгін «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен жылғы жұмысын қорытындылады. Алқа отырысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев қатысты.
Нұр-Сұлтан20 Ақпан , 18:16

Алқа мәжілісінде 4 билік өкілдерін ерекше мазалаған сауалдардың бірі -  журналистерді тіркеудің қолданыстағы ережесін күшейту мәселесі болды. «Журналистерді аккредиттеу қағидатын бекіту туралы» ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» құжат БАҚ өкілдерінің сынына ұшыраған еді. Бұл өзгерістер 13 ақпан күні қоғамның талқысына шығарылды, ол 27 ақпанға дейін жалғасады. 

«Вице-министр Нұргүл Өсербайқызы Мауберлиноваға аталған жобаны кеңінен талқылауды тапсырамын. Журналистердің барлық ұсыныстары мен ескертулерін қамту керек. Тіркеу ережелері тек консенсус негізінде ғана қабылдануы шарт. Бұқаралық ақпарат құралдарының пікірлерін барынша ескеру керек», - деп атап өтті министр.

Өзгерістерге сәйкес, журналистер баспасөз мәслихаты кезінде талқыланып жатқан тақырып төңірегінде ғана сұрақ қоюы тиіс. Өзге сауалдар баспасөз жиыны аяқталған соң жеке қойылуы керек.

«Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бірақ іс-шарадан кейін маман, я болмаса шенеунік өз құзіретіне жататын кез-келген сұраққа жауап беруге міндетті. Ол үшін журналистің аккредитациясын ешкім алып қоймайды. Аккредитация туралы ережелерде ыңғайсыз сұрақтарға қатысты ештеңе жазылмаған. Ережеде бұған қатысты ештеңе жазылмаса да, модератордың тәртібі сақталмаған жағдайда журналисті аккредитациядан айыру мәселесі бар», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, ережеде ешқандай қитұрқылық жоқ және барлығы түсінікті жазылған.

«Біз барлық редакцияларды қамтуға тырысамыз. Бірақ кей басылымдар 5-7 журналистті аккредитацияға жібереді. Содан орын жетпей жатады. Ол жағын қарастырамыз. Тіркеуүшін журналистің келісімшартын көрсету міндетін де алып тастаймыз», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда министр журналистерге өз ұсыныстарын жазбаша беруді өтінді. Сондай-ақ, алқа мәжілісінде аналогтық теле-радио xабарлар таратудың кезең-кезеңімен шегеріліп жатқаны  айтылды.

«Бүгінде төрт аймақ - Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық хабар таратуға көшті. Осылайша, ауылдағы ағайын 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр», - деді Дәурен Әскербекұлы.

Биыл  Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары осы істі жалғастырады. Бұл жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады. Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға цифрлық телевизияға қажетті абоненттік құралдар тегін беріледі.

«Ал цифрлық сигналдардан шалғай орналасқан елді мекендер отандық «OTAU TV» спутниктік қабылдағыштарымен қамтылады. Ол үшін сол аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, біз бос тұрған жиіліктерді ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында пайдаланамыз», - дейді ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің жетекшісі.  

Сонымен қатар, министр  «E-GOV» порталындағы деректер санының артқанын атап өтті.

«Мысалы, 2018 жылы порталда 150 жаңа дерек пайда болды. Ендігі уақытта Астана тұрғындары портал арқылы қоғамдық көліктердің қозғалысын қадағалай алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті бақылауға да мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, бала туу туралы мемлекеттік жәрдемақыны алатындардың санына қатысты ақпарат та қолжетімді», - деді Д.Абаев.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін «E-GOV» порталы әрдайым жаңартылып, әртүрлі функциялар қосылып тұрмақ.

« Мемлекеттік органның бірінші басшысының блогына өтінішін немесе сұрағын қалдырған азамат өзіне берілген жауапты пікір қалдыру арқылы бірден бағалай алады. Яғни, мемлекеттік органдардың рейтингі олардың азаматтарға берген жауабының сапасына сай сараланып отырады», - деді Дәурен Абаев.

«E-GOV» порталының мобильді және көзі нашар көретін азаматтарға арналған қосымшалары да іске қосылған.

«Бүгінгі күні тұрғындар мемлекеттік органдардың сайттарына қатысты түрлі сыни пікірлер білдіріп жүр. Олар «кейбір сайттарда маңызды ақпарат болмайды. Сұрақтарға жауап біркелкі беріледі және үш тілді контентке ыңғайлы деректер жоқ» дейді. Осы орайда министрлік бірыңғай платформа құруды жоспарлап отыр», - деді Дәурен Абаев.

Министр айтып өткендей,  бұл азаматтар үшін ыңғайлы болады. Қазіргі таңда «Электрондық үкімет» порталына 8 миллионнан астам адам тіркелген. 2018 жылы тұрғындарға 30 млн астам қызмет түрі электрондық форматта көрсетілді.  

«Мемлекеттік органдардың сайтына бір тетік арқылы кіруге мүмкіндік беріледі, маңызды ақпараттың жариялануын қамтамасыз етеді. Жыл соңына дейін біз барлық орталық мемлекеттік органдарды және жергілікті атқарушы органдарды бірыңғай платформаға жұмылдыруды жоспарлаймыз. Сонымен қатар, биыл «Ашық аймақ» жобасын жүзеге асырмақшымыз. Осылайша, өз қызметтерін ашық жүргізіп отырған әкімдер, әкімдіктер анықталады. Үздік деп танылған әкімдіктер барлық аймақтардың назарына ұсынылады. Әкімдіктермен қатар мәслихаттардың да қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл қадам мәслихаттардың «Ашық диалог» порталында өз блогтарын ашулары арқылы жүзеге асады», - деді Абаев.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Astana Hub» дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Айтуынша, «Astana Hub» шетелдік компаниялар үшін визалық және еңбек режимдері жеңілдетілген. Салық саясаты да ыңғайлы.

«Технопарктің аясында  3 акселераторлық бағдарлама өткізілді. Осылайша,180 миллион теңге инвестицияны құрайтын 47 стартап іріктелді. Бүгінде технопарк базасында отандық және шетелдік ІТ-компаниялардың зертханалары орналастырылды», - деді ол.     

Өз кезегінде   ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ақпараттық теxнологияларды дамытудың басым  бағыттарын атап өтті. 

«Бәріміз жақсы білеміз, Astana Hub іске қосылды. Онда қызу жұмыс жүріп жатыр. Жас жігіттер күн-түн демей, қызықты идеяларды іске асыруда. «Astana Hub» корпоративті инновациялардың орталығына айналуы қажет. Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар IT тапсырыстарын шетелге емес, өзіміздің инноваторларымызға беруі керек», - деді А. Жұмағалиев.

Қазір  стартаптарды іске асыру үшін барлық жағдай жасалған. Салықтық жеңілдіктер беріліп, венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданды.

«Ақпараттық теxнологиялар саласындағы отандық өнімдерді көбейту керек. Ал оған өзіміз күш салмасақ, сырттан ешкім көмектеспейді. Әрине, кей кезде сәтсіздіктер болып жатады. Біреулер банкротқа ұшырайды. Дегенмен, аяққа тұрып, алға қарай жылжу қажет. Оның бәрі венчурлік қаржыландыруда ескерілген. Бүгін сәтсіздік болса, ертең табысқа жетуіміз әбден мүмкін. Жас инноваторларымызға сенуіміз керек», - деп атады  А.Жұмағалиев.

Сондай-ақ, Асқар Жұмағалиев  Дәурен Абаевқа барлық артық  анықтамаларды алып тастау қажеттігін тапсырды.

«Мен Фейсбук желісіндегі парақшама анықтамаларды алып тастау туралы жазғанда біраз адамдар осы бастаманы қолдады. Шынымен де, анықтамаларды мүлдем алып тастау қажет. Былай қарасаң, оның бәрін жинаудың да қажеті шамалы. Дәурен Әскербекұлы, осы мәселені жан-жақты зерделеп, мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқартуымыз керек. Әйтпесе, анықтаманы бір мемлекеттік органнан аламыз да, оны екіншісіне апарып береміз. Олар өздері де бір-біріне қажетті анықтамаларды жібере алады», - деді Асқар Қуанышұлы.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қызмет көрсетудің смартфон нұсқасын күшейту керектігін тапсырды.

«Мемлекеттік қызметтерді ұялы телефон арқылы ұсынуға басымдық беру керек. Себебі, мобильді қосымшалар ыңғайы әрі біраз уақытты үнемдейді. Мобильді қосымшалар мен смартфондар арқылы xалыққа барынша жақын болуымыз қажет. Бұл жерде Азаматтарға арналған үкіметтің жұмысы маңызды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтарды мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға үйрету керек», - дейді вице-премьер. 

Айта кетейік, алқа мәжілісінде «Қазконтент» АҚ  Басқарма Төрағасы Думан Қожахметов,  «Зерде» холдингінің Басқарма Төрағасы Е. Дүрмағамбетов, «Atameken Business Channel» телеарнасының директоры  А. Сахариянов,  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы  А.Тұрысов    баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика