Жастар жылы

Нұрсұлтан Назарбаев Садриддин Ахмедов сынды мықты спортшыларды қабылдады

«Ақорда» резиденциясында өткен кездесуге ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қазақстандық әуесқой бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жаңа төрағасы Серік Сәпиев, жақында ғана АҚШ өткен фристайл-могулдан Әлем чемпионатының жеңімпазы, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Юлия Галышева, кәсіпқой бокста жұлдызы жанып келе жатқан боксшы Садриддин Ахмедов, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева, шаңғымен трамплиннен секіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Ткаченко қатысты.
Нұр-Сұлтан15 Ақпан , 17:51

Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті.

– «Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. 2019 жыл - «Жастар жылы» деп жарияланды. Ал спорт, негізінен,  жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Өздеріңе қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді», – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Спортшылар халықаралық жарыстардан алған әсерлері жайында ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтып берді.

– «Мен жастарды әрдайым спортпен шұғылдануға шақырамын. Барлық облыстарда заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Стадиондар салынып, жабық кешендер бой көтерді. Спорт – денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан өсуінің перспективаларына назар аударды.

– «Бағындыратын биіктеріңіз әлі алда екенін көріп отырмын. Әлемдік жарыстан медаль алу оңай емес. Жастардың сіздерге қарап бой түзеп, дендері сау, мықты болып өскенін қалаймын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президент атлеттерді осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа белестерді бағындыруға шақырды. Кездесуде жас спортшыларға Қазақстан Президентінің атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Өзге мақалалар:

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі

Ұлы даланың 7 қыры 




Яндекс.Метрика