Парламент

Депутаттық сауалдар: Үкімет қандай мәселелерді шешуі керек

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысында бірқатар тұжырымдамалар ратификацияланып, депутаттық сауалдар жолданды. Сенат депутаттары елдегі шешімін таппай отырған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сауал ретінде жеткізді. Сенат отырысында көтерілген мәселелер туралы толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан01 Ақпан , 12:18

Алдымен  сенаторлар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялады. Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммитінің барысында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан Президенттері қол қойған болатын.  

Конвенцияның мақсаты Каспий теңізін, оның суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен теңіз үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындау және реттеу болып табылады.

Конвенция Каспий теңізінің ұлттық аумақтарының, юридикциясының және егемендігінің аражігін бөлуге, қойнауын пайдалануға құқықты жүзеге асыруға, транзит пен тасымалдауға, су асты тұрба құбырлары мен байланыс желілерін жүргізуге, табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Қазіргі заманғы қауіптер мен қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайларды ескерту және жою, Каспий маңы елдерінің әскери қызметі тұрғысында қауіпсіздік мәселелеріне жеке назар аударылды.

Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің айдыны түрлі тәртіптегі аймақтарға бөлінеді. Тараптар ені 15 мильден аспайтын көлемде аумақтық суды белгіледі, олардың сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәртебесінде болады. Аумақтық суларға он мильдік балық аулау аумағы кіреді, онда әр мемлекеттің кәсіппен айналысуға құқығы бар.Конвенция депозитарийі болып табылатын Қазақстан Республикасы бесінші ратификациялау грамотасын алған күннен бастап күшіне енеді.

Сенат Төрағасы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялаудың ерекше маңызын атап өтті.

«Бұл өте маңызды құжат. Сыртқы істер министрлігі  20 жыл бойы келіссөздер өткізді. Ақыры 5 мемлекет оң нәтижеге келді. Сондықтан тарихи оқиға деп күмәнсіз айтуға болады», - деді Қ.Тоқаев.

Каспий конвенциясының ратификациялануына қолдау білдіріп, сөз алған сенатор Михаил Бортник Каспий мәселелерінің шешілуіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басты рөлі халықаралық қоғамдастықта мойындалғанын атап өтті.

«Қаралып отырған Конвенция бұдан былайғы ынтымақтастықтың негізі құралатын тұғырнама ретінде басты құжат болып табылады. Қабылданған Конвенцияға жағалық мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын сәйкес келтіру жөніндегі ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді, қазірдің өзінде Каспийдегі  экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және ынтымақтастықтың басқа да түрлерін тереңдету және кеңейтуге зор мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтуға болады», - деді М.Бортник.

Сенатор су айдынының экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіру және сақтау қажеттігін атап өтті.

М.Бортниктің пікірінше, Каспий маңындағы барлық мемлекеттердің өзара тиімді тығыз қарым-қатынасы экологиялық мәселелерді шешудің бірден-бір жолы болып табылады.

«Мәселен, қазірдің өзінде бекіре аулауға нөлдік квота қолданылып отыр. Сонымен бірге, бұл квотаның орындалуына мониторинг және талдау жасау тетіктерін әзірлеу керек. Конвенцияға, сондай-ақ бұрын қабылданған  құжаттарға сүйене отырып, Каспий маңы елдері Каспий экологиясын қалпына келтіру және қорғау саласындағы үйлестірілген әрі жүйелі саясатты жүргізе алады», - деді Маңғыстау облысынан сайланған сенатор.

Палата 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Бұл Хаттама Еуразиялық экномикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары 2018 жылы 15 наурызда Мәскеу қаласында қол қойған болатын.

Хаттаманың мақсаты 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 10-бабының 2-тармағына Жоғарғы кеңестің құрамына мүше мемлекеттің басшысы ғана емес, сонымен бірге өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес Жоғарғы кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде шешімдерді қабылдау өкілеттіктері берілген мүше мемлекеттің үкімет басшысын қосу мүмкіндігін белгілеу бөлігіне өзгеріс енгізу болып табылады.

ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізу қажеттігі Армения Республикасындағы конституциялық өзгерістерге байланысты болып отыр.

 Оған сәйкес Армения Президентінің сыртқы саясат саласындағы негізгі өкілеттіктерін Армения  Үкіметі мен Премьер-Министріне беруді көздейтін парламенттік басқару нысанына толығымен көшті.

Сенат басшысы өз сөзінде Парламент пен Үкіметті ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізуге әуес болмауды ескертті.

«Әлі шарттың сиясы кепкен жоқ, бізде оған өзгерістер енгізіле бастады. Бұл одан кейінгі өзгерістерге әкеліп соғып, тұтастай интеграцияның мәніне әсер етуі мүмкін. Үкімет, атап айтқанда, ұлттық экономика министрлігі мұндай мәселелерге өте мұқият қарағаны жөн», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісім ратификацияланды.

Келісімге 2018 жылғы 14 мамырда Сочиде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған болатын.

Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдермен халықаралық шарттарды жасасу, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру тәртібін реттейді.

Келісімде үшінші елдермен келіссөздер жүргізу рәсімі, келіссөз делегациясы басшысының өкілеттіктері мен міндеттемелері, келіссөз ұстанымын қамтитын және үшінші тарапқа берілетін құжаттардың жобаларын мүше мемлекеттермен міндетті келісу реттелген.

Сонымен қатар,  Келісімде халықаралық шарттар жобаларына экономикалық интеграция шеңберінен шығатын ережелерді енгізуге жол бермеу мақсатында Одақ пен оған мүше мемлекеттер атынан әрекет ететін келіссөздер жүргізетін топтардың қызметін бақылау тетіктері көзделген.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісім ратификацияланды.

Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Армения Республикасы және Молдова Республикасы арасындағы терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2012 жылы 5 желтоқсанда Ашғабат қаласында қол қойылды.

Келісімнің негізгі мақсаты – терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды арнайы техникамен, құралдармен, материалдармен қамтамасыз ету үшін тең және жеңілдікті жағдай жасау болып отыр.

Келісім аясында тараптар арасындағы ынтымақтастық құзыретті органдардың сатып алу және жеткізу туралы сұрау салуды орындау арқылы жүзеге асады. Бұл ретте сұрауды орындау мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Сұрау салған тарап сұраудың толық, уақытында және сапалы түрде орындалуына қажетті барлық шараларды жүзеге асырады.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді.

Мәселен,  Сенат депутаты Нариман Төреғалиев   депутаттық сауалға  себепші болған мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден сатып әкелініп жатқан әбден тозығы жеткен ескі көліктерге қатысты болып отырғанын айтты.

«Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор облыстарымен шекараласып жатырғаны белгілі. Әуелден «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» демекші, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, саудамыз жылдан жылға жандануда. Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында шекаралардан әрлі-берлі өту біраз жеңілдегеннен кейін алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түсті. Соның бір айғағы – соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында тіркелген автомобильдердің саны күрт өсуде, бүгін облыста 143 мыңнан астам көлік тіркелсе, соңғы 5 жылда 43 мың көлікке өскені белгілі болып отыр», - деді Н.Төреғалиев.

Депутат атап өткендей, бұл қуантарлық жағдай, алайда  сол Ресей Федерациясынан сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережелерін бұзуға әбден әуестеніп кеткені халықты және құқық қорғау органдарын да әбігерге салуда.

«Бұған дәлел, былтыр, 2018 жылы облыс аумағында 3724 әр-түрлі жол көлік оқиғалары орын алған болса соның ішінде 583 жол көлік оқиғалары шетелдік көліктерді тізгіндегендердің үлесінде, солардың 102-сі жол көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен көліктер болса, бір жағдай адам өліміне алып келді. Шетелден сатып әкелінген көліктердің қатысуымен болған жол ережелерін бұзушыларды анықтау өте қиынға соғуда, оларды тіркеу немесе бақылау мәселелері заңды түрде реттелмегендіктен, қашып кеткен көліктерді іздестіру оңайға соқпай отыр және әкімшілік шара қолдану мүмкіндігі де  шектеулі. Себебі көліктің иесі шетелдік азамат, ал бізде ол машинаның иесі кім екені белгісіз. Осындай иесіз көліктер әр-түрлі қылмысқа барушылар үшін де қолайлы екені даусыз», - деді ол.

Бірқатар депутаттың атынан жолданған сауалды жеткізген Н. Төреғалиев  Үкімет басшысынан  жоғарыда баяндалғандардың негізінде осы мәселелерді реттеуге қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Үкіметтің ұстанымы туралы ақпарат беруді сұрады.

Өз кезегінде  Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы архивтерді Қазақстанға әкелуді басты назарда ұстау қажеттігін айтты.

«Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін үкіметке «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды тапсырған болатын. Осы бағдарлама орындалу барысында мынадай мәселелер ескерілсе дейміз. Шетелдегі архивтерді Қазақстанға әкелудің қамын жасауда басты назарда ұстайтын елдің бірі — Қытай. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде Сақтардан, Ғұндардан, Үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол», - деді М.Бақтиярұлы.

Атап айтқанда, Пекиндегі гугүн мұражайында, сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хут-Хот), Шинжияңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты қаншама деректер жатыр. Қытайды айтсақ, көбіміздің көз алдымызға тарихи жазбалар елестейді.

Алайда, Қытайдағы жартас суреттеріндегі, мәңгітастардағы, көне ескерткіш, көне қорымдардағы қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты зерттелмей жатқан тақырыптар аз емес. Үйсін қабірлерінің дені және ең үлкендері Шинжияңдағы Іле өңірінде жатыр.

«Тарихымызды түгендеуге зор мүмкіндік туды. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана отырып алыс-жақын елдердегі мұрағаттарға іргелі зерттеулер жүргізіп, тарихымыздың асыл қазыналарын қазақ жеріне әкелу, келер ұрпақ алдындағы парызымыз деп білеміз», - деді ол.

 

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика