Үкімет

Елбасы Үкіметке қандай тапсырмалар жүктеді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында барлық министрлер мен әкімдер 2018 жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Барлық есеп тыңдалған соң Елбасы Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Үкіметке нақты қандай тапсырмалар жүктелгені туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан30 Қаңтар , 16:22

«Өткен жылы Үкімет, Ұлттық банк, барлық әкімшіліктер үлкен жұмыстар істеп, жалпы экономиканың әр саласында табыстарға жетті деп айтып, оң баға беруге болады. Ауқымды жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Барлығы айтылды, дегенмен қайталауға да болады. Жалақының төменгі  мөлшері 1,5 есе артты. Осы айдың ішінде белгілі болуы керек. 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. 113 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кәсіпкерлікпен шұғыландануға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Яғни, экономиканың негізгі секторлары бойынша өткен жылы жақсы нәтижеге қол жеткізілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта жаһандық экономиканың баялауы,  әлемдік сауданың құлдырауы байқалып, санкция соғыстарының жалғасып отырғандығын атап өтті. 

  «Бұл бізге де әсерін тигізбей қоймайды. Себебі, жаһандық экономиканың құрамындамыз. Сондықтан біздің міндетіміз - экономиканың қажетті өсім қарқынын қамтамасыз ету, экономикалық өсімді төмендетпеу үшін дамудың түрлі сценарийлеріне дайын болу. Сол  арқылы ғана қазақстандықтардың әл-ауқатын көтере аламыз», -  деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік қаржыға мұқият қарау керек екенін атап өтті.

«Өткен жылы мемлекеттік және әлеуметтік саясатты жүйелі қайта қарай бастадым. Алғашқы қадам жасалды. Бұл - 5 әлеуметтік бастама. Таяудағы Жолдау мен жастарға арналған әлеуметтік пакет барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Бүгінде барлық ел бірдей мұндай әлеуметтік шығыстарды өсіріп, біз жүргізіп отырған жұмыстарды атқара алмауы мүмкін. Сондықтан барлық мемлекеттік қаражат барынша тиімді пайдаланылуы тиіс, оларға бақылау болуы қажет», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан дамуының басты критерийлерін атады.

«Кіріс пен өмір сапасы сынды екі көрсеткішті мемлекет дамуының басты критерийі деп жариялаймын. Барлық экономика және біз жасап жатқанның барлығы түптеп келгенде адамдарға арналған. Әрбір министр мен әкімнің жұмысын осы көрсеткіштерді жүзеге асыруы бойынша бағалау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, өткен жылдың ақпан айында барлық құжаттық бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігін көтеру бойынша тапсырма берілген болатын.

« Соңғы жылдары ШОБ үлесі экономикада 25-27 пайыз деңгейінде тұр. Біздің мақсатымыз оны 2025 жылға дейін   35 пайызға дейін жеткізу. Ал,  2050 жылға таман  50 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Қазір кедергілер айтарлықтай қысқарды, бизнес ахуал жақсарды. Заң бойынша бизнесті бақылау   үштен бірге қысқарды. «Бизнестің жол картасы» аясында мемлекет 385 млрд теңге бөлді. 20 мың жобаға   қаржылай көмек көрсетілді.  «Атамекеннің» қатысуымен  180  мыңға жуық   кәсіпкер оқытудан өтті.Дамуды одан әрі жалғастыру әлеуеті өте үлкен», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы   «7-20-25»  бағдарламасы бойынша 3700  қазақстандық баспаналы болғанын атап өтті.

 «Мен «кімде баспана жоқ, соған бер» десем, әкімдер «баспана жағдайын жақсартқысы келгендерге берейік» дейді. Әрине,  оларға беруге болады. Алайда олардың саны артып кетеді. Одан да баспанасы жоқтарға берейік. Үйі барлар оны арзан бағамен алады да  жалға беріп қойып ақша табады. Ал біз бүгінде баспанасы жоқтарды қамтамасыз етуіміз қажет. Ал олар ең алдымен жас отбасылар. Сондықтан халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ескере отырып,  халықтың барынша мол санатына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй бағдарламаларымызды қайтадан бір талдауды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы  денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды дамытып, медициналық қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасып келетінін айтты.

«Өмір сапасы мен бала туу көрсеткіші жоғарылады. 16 миллион электронды паспорт жасалды. Жедел жәрдем қызметінің жұмысы жаңғырды. Дәрі-дәрмек бағасын реттейтін заңға қол қойылды. Мен осы жұмыстар үшін Денсаулық сақтау министрін мақтаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алайда, Мемлекет басшысы халықты әлі күнге дейін көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы, әсіресе өңірлердегі қызмет сапасы алаңдататынын атап өтті.

«Жеке ауылдарда медициналық тексерістің көшпелі пунктерін құруға болады. 3 жыл ішінде жедел жәрдем қызметін автокөліктермен қамту мәселесін шешу керек. Бұл - кейінгі ысыруға келмейтін шаруа. Адамның денсаулығына қатысты жұмыс. Осы үшін Үкімет 27 млрд теңге бөліп, бұл мәселені біржола шешуі керек. Біз адамдарды емдеу үшін пойыздарды жіберуші едік қой. Соны неге тоқтатып қойдық? Бұл шаруа үшін авиацияны да айқындаған едік. 2020 жылдың соңына дейін әкімдер ең бірінші кезекте аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрылғылармен қамту мәселесін шешуі керек», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еңбек құқығының бұзылуын да тілге тиек етті.

 «Ел прокуратурасы жұмысшылардың еңбек құқығын бұзудың 37 мыңнан астам жағдайын анықтады. Бұл тұрғыда еңбекақы бойынша қарыз, еңбек қауіпсіздігін бұзу, жалақыны дұрыс есептемеу, зиянды жағдайдағы жұмыс үшін үстеме төлемеу, шетел кәсіпорындарында біздің азаматтардың құқығын кемсіту секілді мәселелер байқалған. Осының барлығы немқұрайлылық пен тәртіпсіздіктің арқасында болып жатыр, бұған жол бермеу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы жаңа технологиялар мамандықтардың жаңа  дағдысын талап ететінін айтты.

«Президент Аппаратының сауалнамасы бойынша жұмыс берушілердің 70 пайызы кәсіптік және техникалық білім алып, жұмысқа орналасқандарға көңілі толмайтын болып шықты. Өмір тез өзгеріп келеді. Жаңа технологиялар мамандықтардың жаңа дағдысын талап етеді. Міне, сондықтан, жастармен кездескенде 20 негізгі ЖОО-ны жаңғырту тапсырмасын жүктедім. Әрбір облыстағы негізгі ЖОО-ларды Назарбаев Университетінің деңгейіне жақындату керек. Әлбетте, 100 пайыз жақындату мүмкін болмас. Десе де, білім сапасы бойынша жақындатуға тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы  әрбір өңірдегі 10 колледжде заман талабына сай жаңа мамандықтарды оқыту керектігін атады.

 «Әр облыста қандай мамандықтардың керектігі белгілі ғой. Бізде жұмыссыздық деген мәселе жоқ. Бізде мамандық деген мәселе бар. Жан-жақтан, облыстардан Астанаға келеді. Барлық жерде құрылыстар жүріп жатыр. Жұмысшылар жетіспейді. Дәнекерлеуші, құрылысшы жоқ. Бұл жерде аспаз, бала тәрбиелеуші, даяшылар тапшы. Мәселе сонда. Жұмыссыздықта емес», - деді Елбасы.

Осы себепті Президент әр аймақтан 10 колледжден іріктеп, жоғары деңгейге шығаруды жүктеді.

«20 ЖОО мен 200-ге тарта жаңа колледжді айқындау тапсырмасын Сағадиев пен Әбілқасымоваға тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы алдымен экономиканың трақты өсімін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бүгін  4 пайыз, алайда  2050 бағдарламасында  30 елдің қатарына ену үшін  5 пайыздан кем болмауы керек делінген. Екінші – биыл  ШОБ үлесін ЖІӨ-ға жаққанда   28,2 пайызға жеткізу.Бұны орындауға болады. Шикізаттық емес тауар мен қызмет көлемінің өсімін 24,7 млрд долларға, еңбек өнімділігін  12,3 пайызға, инвестицияларды 16,8 пайызға өсуін қамтамасыз ету. Бұл «Қазақстан 2025» бағдарламасында көрсетілген», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметтің  кез келген тапсырманы орындай алатынына сенім артты. 

«Бүгінгі Үкімет алдында қандай тапсырма тұрмасын, орындауға қауқарлы. Күндіз-түні тек жұмыс туралы ойлау керек. Мен сендерге сенемін. Сондықтан да, бүгін айтылған барлық мәселелер өте маңызды. Үкімет пен әкімдер  халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру үшін бірігіп жұмыс істеулері керек. Табыс қай жерде артады, әл-ауқат қалай жақсарады – бұл жақсы өңір. Бұл басты критерий болуы керек. Сол үшін де барлық стратегиялық  мемлекеттік бағдарламалар, Жолдау сапалы әрі тиімді деңгейде жүзеге асырылу керек. Осының барлығы сол үшін», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы тапсырмаларды орындау үшін қауқар, қаржы мен ресурстар жеткілікті екенін айтты.

«Бірлесіп жұмыс істейік. Жұмысымыз тиімді әрі сәтті болсын», - деп қорытындылады Елбасы.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика