Жастар жылы

Жастар кәсіпкерлігін қолдау қалай жүзеге асырылады?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажетігін жеткізген болатын. Сондай-ақ, Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды.
Нұр-Сұлтан25 Қаңтар , 16:17

Елбасы  жалпы, үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатынын жеткізді.

«Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс. Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет.Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.  Жастардың стартаптарына қолдау көрсететін қорлардың қызметін ынталандыру маңызды міндет саналады.   Дамыған елдерде жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін қорлар жұмыс істейді.Олар орталық және жергілікті органдар, университеттер, сондай-ақ жеке құрылымдар тарапынан қаржыландырылады», - деген еді Елбасы.

Өз кезегінде,  әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік бағдарламалардың операторы бола отырып, «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен, жұмыспен және бизнес-жобаларды дамытуға арналған құралдармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы міндеттерді шешу шеңберінде Холдинг жастар бастамаларын іске асыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылуында қойған міндеттеріне сәйкес келеді.

Бұл бағытта бірінші блок «Даму» қоры арқылы жастар кәсіпкерлігін қолдау болып табылады.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде микро және шағын бизнес секторындағы бастаушы кәсіпкерлер инвестициялауға бес жылға дейінгі мерзіммен 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдікті шарттарда 8 мың АЕК-ке дейін кредит алады. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушылары қарыз сомасының 85% дейін кепілдік алу мүмкіндігіне ие.

Краудфандинг қызметін іске қосу 2018 жылы жүзеге асырылды - бұл жобаны ұжымдық қаржыландыру тәсілі, онда өнім немесе қызмет жасау үшін ақша тұтынушылардан түседі. Қор бастамашы кәсіпкерлерге құжаттарды тапсыру, Starttime.kz краудфандингілік платформасында және бұқаралық ақпарат құралдарында ілгерілету, түрлі мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер беру және т.б. бойынша консультациялық-практикалық қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, «Даму» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, бастаушы кәсіпкерлерге арналған аймақтық бағдарламаларды жүзеге асырады. Мысалы, «Астана ZhastStart» және «Ақтөбе ZhasStart» бағдарламалары 29 жасқа дейінгі жастарға арналған, кредит сомасы 8,5% аспайтын мөлшерлеме бойынша 20 млн. теңгеден аспайды.

«Астана Start Up» бастаушы кәсіпкерлерге 7,9% мөлшерлемесі бойынша 50 млн. теңгеден аспайтын қарыз сомасына қолдауды көздейді

Қолдаудың екінші блогы - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жас азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бұл жоба «Алматы жастарын 2017-2020 жж. қолдау жол картасына» сәйкес әзірленген «Алматы жастары» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Холдинг хабарлағандай,  осы бағдарламаны іске асыру үшін Алматы қаласының әкімдігі мен ҚТҚЖБ арасында келісім жасалды, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін банкке бюджеттік кредит бөлінді. Кредит сомасы 3 млрд. теңгені құрады. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: ерлі-зайыптының жасы 35 жасқа дейін, Алматыда кем дегенде бір жыл тұрақты тіркелуі, отбасының жеке баспанасының болмауы, Алматыда кемінде алты ай жұмыс өтілінің болуы, қосымша кепілдік немесе ҚТҚЖБ-да тұрғын үй құрылысы жинақтарының болуы. Кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 5% құрайды, мерзімі 9 жылға дейін.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Холдингтің тағы бір еншілес ұйымы -  Қазақстанның Даму Банкі «Taiburyl» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Қазақстандағы инжинирингтік және техникалық құзыреттерді насихаттауға және дамытуға бағытталған «Керек Адам» әлеуметтік-білім беру жобасын іске асыруда. Жоба шеңберінде орта арнайы және жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері мен 2015-2018 жж. түлектері еліміздің ірі кәсіпорындарында ақысы төленетін тағылымдамадан өтуде.

Жалпы алғанда, «Бәйтерек» холдингі жастарды қолдаудың қаржылық және консультациялық құралдарынан басқа, жастарға қатысты кадрлық саясатты жүргізеді. Холдинг қызметкерлерінің 17%-ы 29 жасқа дейінгі жас мамандар болып табылады.

Холдинг пен оның еншілес ұйымдары жас қазақстандықтарды өз бизнесін жүргізу, жұмыс және тұрғын үй алу, сондай-ақ жаңа перспективалық жобаларды іске асыру мүмкіндігін беру бойынша белсенді түрде қолдауды одан әрі де жоспарлауда.


 




Яндекс.Метрика