Рухани жаңғыру

Ұлы даланың жеті қыры: Тарихты қайта жаңғырту қажет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамаларды ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен түрколог ғалымдар талқылады. Мемлекет тарихы институты ұжымы ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланған маңызды ұсыныстарды келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан15 Қаңтар , 16:36

«Біз рухани марқайған елміз. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы  шықты. «Ұлы даланың жеті қыры»  тарихи мақаласы да бар. Осы мақаланы жүзеге асырудың  амалын ойластырып, үлкен абыройға ие болудың жолын іздестіріп жатқан елміз», - деді Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Сондай-ақ, М.Жолдасбеков деректану ғылымын дамыту қажеттігін айтты.

«Бізде деректану ғылымы дамымай қалған. «Анау айтты немесе мынау айтты» дей береміз. Тарихтың бәрін де айналып келгенде жасайтын - өзіміз, яғни халық. Шежіреге сүйенгенімізбен, нақты деректерге  аса маңыз беруіміз керек. Бұрынғы тарихтан айырылып қала жаздадық. Енді жылап көрісіп жатырмыз. Кезінде Елбасына тәуелсіздік дәуірінде мемлекеттің шежіресін жасамаймыз ба деген едім. Мемлекет басшысы сол кезде қолдау білдіріп, 14 томын шығарып, тұсаукесерін өткізген едік. Ақыры оның елу томын да шығардық», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Мырзатай Жолдасбеков айтып өткендей,  Қорқыт атадан қалған, он үшінші ғасырда жазылған кітап бар.

«Оның бір нұсқасы Ватикан кітапханасында, екіншісі Дрезден кітапханасында сақталған. «Дрезден кітапханасында сақталған нұсқасы қыпшақ тілінде жазылған. Оны алдымен орыстар, одан кейін түріктер, әзербайжандар мен түрікмендер аударған. Қазақша да аударылған. Бірақ, ол аударма орыс тіліндегі аудармадан көшірілгенін атап өту керек. Сондықтан, мен қазір Қорқыт ата кітабын аударып жатырмын. Биыл аяқтаймын деген ойдамын», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Өз кезегінде Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Елбасы мақаласынан кейін тарихқа деген қызығушылық артқанын жеткізді.

«Қай кезде бір Қыпшақ даласына енетін   Ұлы даланың барлық тайпалары қыпшақ деп аталған еді. Беріштен тараған Бейбарыс та сонда болған. Тарих өте күрделі, соны талқылаймыз.Көптеген сұрақтардың басын қайырамыз деген ойдамын. Біздің ұлттық тарих тарихшылардың айтуынша,  18 ғасырдан ғана басталған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» басы деп айтайды, бірақ ол дұрыс емес.Қазір шынайы тарихқа деген қызығушылық Елбасының мақаласынан кейін  қайта артып отыр. Біз ұмытылған көне деректерді табамыз деген үміттемін. Түп-тамырды анықтауымыз керек», - деді Қазақстанның Еңбек ері, ақын Олжас Сүлейменов

Ал саяхатшы, белгілі меценат Сапар Ысқақов  тарихқа деген сүйіспеншілікті мектептен бастау қажет екенін айтты.

«Қазір көп жастар тарихқа бармай кетті. Елбасының ұсынысы елді бір көтеріп тастауға  бағытталған.Еуропада  15-16 ғасырда «Еуропалық ренессанс»  болған, олар  Римнің, Грецияның   мәдениетін қайта жаңғыртып, жаңа бағытта халыққа көрсеткен. Сол сияқты бізде де сондай қозғалыс болады  деп үміттенемін. Жаһандану заманында телеарналар мен интернет белең алды, жастар басым бөлігінде соны тұтынады. Оларды тарих пен мәдениетке қалай бұрып, тәрбиелеу керек осы бағытында жұмыс істеу керек», - деді ол.

Сондай-ақ, меценат мектептегі оқулықтардың мазмұны мен сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Мектептердегі оқулықтарды қарап шықтым. Тарихтың көп бөлігі қозғалмаған. Оны қайта жазу керек сияқты. Себебі, біз ұрпақты тәрбиелейтін оқулық жазуымыз қажет», - деді «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы ұлттық тарихты жан-жақты және жүйелі зерттеудің қажеттілігін  айқындайды, отандық және шетелдік мұрағат қорларынан Ұлы дала тарихы бойынша жаңа материалдар мен құжаттарды теріп-жинақтаудың, олардың қалың қауымға қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында сандық жүйеге көшірудің өзектілігін арттырады.

Сондай-ақ, қатысушылар тарихи мұра, ұлт тарихын зерттеп зерделеу  мәселелерін, тарихи сананы жаңғыртудың  Қазақстан қоғамын дамытудағы рөлін,  «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі» сынды ілгері бағдарламаларын талқылады.

Аягөз Құрмаш 

Сурет: ашық дереккөз 

 




Яндекс.Метрика