Халықаралық интеграция

Сирия мәселесі: Қазақстан өз азаматтарын елге қайтару бойынша жұмыстарды жалғасытарды

6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара – «Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматы, оның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.Осыған орай ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен ҰҚК департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шара туралы баяндады.
Нұр-Сұлтан10 Қаңтар , 12:58

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары  Ерлан Ашықбаев Елбасы айтқандай, Қазақстан өз азаматтарына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын атады.

«Бұл гуманитарлық операция ең алдымен ҚР Президентінің халықаралық аренада жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамаларын кеңінен дамыту, осы саладағы жұмыстардың негізінде жасалған болатын», - деді Е.Ашықбаев.

Вице-министр атағандай, Қазақстанның Сириядағы жанжалды тоқтату, ол елде бейбітшілікті орнату процесіне атсалысып келе жатқанын, оған дәлел ретінде Астана қаласында Сирия мәселесі бойынша екі жыл ішінде келіссөздер өткізілген болатын.

«Аталған келіссөздердің нәтижесінде  Сирияның көптеген аймағында бейбітшілік орнады. Халықаралық терроризммен күресу біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде абыроймен аяқталды. Бұл шаралар ҚР  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017 жылы 21 желтоқсанында қабылданған 2396 қарары аясында атқарылып келеді», - деді Е. Ашықбаев.

Вице-министр гуманитарлық мақсатта өткізілген операцияны ұйымдастыруға және сәтті өткізілуіне Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері белсенді атсалысқанын айтты. 

«СІМ тарапынан әріптестерімізге ризашылығымыз үлкен. Сонымен қатар шет мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға алғысымызды білдіреміз. Олармен дипломатиялық деңгейде  бірлескен көптеген шаруа атқарылып келеді. Қазақстандықтарды, әсіресе кеше Елбасымыз айтып өткендей жас балаларды елге қайтару жұмыстары жалғасатын болады. Біз халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз», - деді ол.

Өз кезегінде  Ұлттық Қауіпсіздік комитеті   департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның қалай жүргізілгенін баяндады. 

«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын: ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осылар жайында және басқа қайтқан азаматтар турасында террористік әрекеттерге қарсы толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершіліке тартылады», - деді Бақытбек Рахымбердиев.

 Ол бірнеше жыл бойы қақтығыстар болып жатқан Сирия, Ирак, Ауғанстан аймақтарынан бірнеше Қазақстан азаматы қайтарылғанын атап өтті. 

«Олардың ішінде тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол турасында көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай лаңкестік қауіп жоқ. Бұл ретте ең басты мәселе – кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі – 1-5 жас аралығындағы балалар», - деді Б. Рақымбердиев.

ҰКҚ департамент басшысының айтуынша, Сирияда әлі де болсын 370-380-ге тарта Қазақстан азаматы бар.

«Олардың басым көпшілігі әйелдер. Олармен бірге 400-500 кішкентай бала бар», - деді ол.

Оның айтуынша, гуманитарлық операция бойынша Қазақстанға 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала қайтарылды. Олардың кейбірін азаматтығынын айыру мәселесі барын атап өтті.

«Иә, Президенттің бастамасымен бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген болатын. Қазіргі таңда қақтығыс аймақтарынан келген азаматтарға қатысты бұл шара қарастырылып жатыр. Бәлкім, кейін сот шешімі бойынша жүзеге асуы да мүмкін. Бірақ, бұл ретте жағдайдың мүлде бөлек екенін айта кету керек. Бұл адамдар өздігімен елге оралуға ниет білдірген. Кінәлі деп танылғандар Қазақстанда жазаға тартылады. Кінәсіздер туралы әлбетте, шара қолдану қарастырылмайды», - деді Б. Рахымбердиев.

Еске салсақ, 9 қаңтарда  Ақорданың ресми сайтында Мемлекет басшысының Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдемесі жарияланған болатын.

«Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды. Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді», - деп мәлімдеген еді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.

«Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз», - деді Елбасы.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика