Инвестициялар

Қазақстанда алғашқы отандық әуе тасымалдаушы-лоукостер құрылады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған ресми сауалында Strategy2050.kz сараптамалық сайты әуе және темір жол билеттерінің бағасына министрлік әсер ете ала ма деген сұрақ қойған болатын. Министрлік аталған сауалға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің ресми жауабын жолдады.
Нұр-Сұлтан08 Қаңтар , 12:58

-Әуе және темір жол билеттерінің бағасына министрлік ықпал ете ала ма? Әлде бағаны монополистердің өзі ғана реттей ме?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің жауабы:

-Әуе көлігі саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиакомпаниялардың билет бағасын қалыптастыру саясатына араласа алмайды.

Айтып өтетін жайт, 2012 жылы ішкі әуе тасымалдары нарығында барлық шектеулер алып тасталды (толығымын ырықтандырылды), яғни тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар әрбір қазақстандық авиакомпания сұранысқа сәйкес кез келген ішкі бағытта тұрақты рейстерді орындауға құқылы болды. Осы өзгерістер әуе тасымалдары нарығында бәсекелестіктің дамуына жағдайлар туғызды.

Сонымен қатар, халықтың әуе көлігімен сапарлауға қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл  заманауи әуе кемелерінен жасақталған паркі бар бірінші отандық әуе тасымалдаушы-лоукостер құрылатын болады (алдағы 4 жылда сыйымдылығы 180 орындық 15 Эйрбас-320 әуе кемесін пайдалану жоспарланып отыр).

Бүгінгі таңда әлемнің авиатасымалдау нарығында лоукост-тасымалдаушы компаниялар белсенді түрде дамып келеді. Бұл ретте, «лоукостерлер» өздерінің өсу қарқыны жағынан классикалық үлгідегі әуе компаниялардан біршама озып отырғанын атап өткен жөн.  

Отандық «лоукостердің» құрылуы, сөзсіз еліміздің азаматтық авиация саласының дамуына серпін береді. Себебі, қазіргі уақытта нарықта қалыптасқан билеттер бағасымен салыстырғанда едәуір төмен болатын тарифтер халықтың әуе көлігімен сапарлау санын арттырады. Тіпті, жаңа лоукостер-компания бұған дейін ұшақты өте сирек немесе мүлдем пайдаланбаған жолаушыларды тартуды жоспарлап отыр. 

Жаңа әуе компаниясы орташа есеппен екі есе төмен тарифтегі билет бағаларын ұсынуды көздейді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті:

-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теміржолмен жол жүру құжаттарына (билеттер) бағаны мемлекеттік реттеу тек әлеуметтік маңызы бар маршруттарға ғана қолданылады.

Бүгінгі таңда теміржолмен жолаушыларды тасымалдау шығынды болып табылады және мемлекетпен субсидияланады.

2018 жылға дейін облыс аралық әлеуметтік маңызы бар маршруттардағы жол жүру құжаттарының құны (билеттер) 5 жыл бойы көтерілген жоқ, одан кейін инфляция көлемінде өзгерістер болғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар теміржолмен жол жүру құжаттарының (билеттер) құнына заңды түрде мемлекетпен реттелмейтін "Тальго"вагондарынан жасақталған коммерциялық поездар бар.

ҚР 29.10.2015 ж. №375-V Кәсіпкерлік кодексінің 26-бабы1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны дербес белгілеуге құқылы.

Осыған байланысты, коммерциялық маршруттарда жол жүру билеттерінің бағасын тасымалдаушы жолаушылар ағыны, мереке күндері, басым бағыттар және т.б. сияқты аспектілерді ескере отырып және талдай отырып өзі белгілейді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика