Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

2018 жылдың ең маңызды оқиғалары

2018 жылдың қорытындысына орай отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық ахуалы жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, Елбасы баспана, шетелдік инвестициялар мен туризм мәселесіне қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.
Нұр-Сұлтан29 Желтоксан , 14:32

Мемлекет басшысы айтып өткендей,  әлемдік экономикадағы өте үлкен құбылмалылыққа, санкциялық текетірестер мен сауда соғыстарына қарамастан, Қазақстан  экономикасы 4 пайыздан астам өсім көрсетті.

«Бұл, әлемдік деңгейден, әлемдік экономикадан жоғары. Мүмкін бізге үлкен қарқынмен жылжу керек те шығар. Бірақ, қазіргі өмір сүріп жатқан жағдайымызда бұл да жақсы», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  бүгінде инфляция 5-7 пайыз дәлізде тұрғанын атап өтті.

«Елдің алтын-валюта қоры артып, 88 млрд долларға жетті. Бұл, дағдарыс  туындаған жағдайда мемлекетіміздің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Қараңыздаршы, үш ай бұрын мұнай баррелі 80 долларға жуық болса, қазір 60 доллардан төмен түсіп кетті. Міне, осындай  жағдайда жұмыс істеуге тура келеді.  Ал бюджет түсімінің негізі, жартысынан көбі шикізаттан түскен қаражаттан құралады», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың өзінде елімізде 100 жаңа өндіріс ошағы іске қосылғанын, ал жалпы 1200 нысан жұмыс істеп тұрғанын айтты.

«550 мың адам жұмыс, жаңа жұмыс орнын, жоғары жалақы төлейтін жұмыс орнын тапты.  Толықтай алғанда, экономиканы қалыпты деп санауға болады. Үкімет, өңірлер, атқарушы билік жасау керек дүниенің барлығын жасады»,  - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

 Президент Қазақстанда баспана құрылысы еш уақытта тоқтамағанын және соңғы жылдары тиімді бағдарламалар қабылданғанын тілге тиек етті.

 «Ипотека бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» танымал, бұл жұмыстар жалғасып келеді. Одан бөлек, аз қамтылған жандарға, мүгедектерге, өзге де осал топтарға арналған несиелік үйлер салып жатырмыз. «Нұрлы жер» бойынша көптеген жеке үйлер мен көпқабатты пәтерлер салуға болады.  Соңғы қабылданған бағдарлама - 7-20-25. Бұған дейін баспананың жарты құнын банкке төлеу қажет еді. Қазір 20 процент жеткілікті, ставкасы - 7%. Ұлттық банкте бұл көрсеткіш - 12,5%. Яғни, қалған 5,5% мемлекет өз мойнына алып, банктерге өтейді. Егер пәтер 10 млн теңгеге бағаланса, 25 жылда ай сайын 50 мың теңге төлеп алуға болады. Бір үйде екі адам жұмыс істесе, 50 мың теңге түк емес», - деді Президент.

 Оның айтуынша, Қазақстанда биылғы баспана ауқымы рекордтық 12 млн шаршы метрге жеткен.

«Жыл сайын 8-9 млн шаршы метр баспана салып жүр едік. Өткен жылы бұл көрсеткіш тарихта болмаған 11 млн шаршы метрді құрады. Биыл 12 млн шаршы метр болады. Бұл - 100 мың пәтерге жуық. Отбасында шамамен 4 адам болса, ата-әже, туыстарды қосқанда, жылына шамамен жарты миллион тұрғын жаңа, ыңғайлы баспанаға қол жеткізеді. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді», - деп атап өтті Президент.

 Нұрсұлтан Назарбаев жеке үй тұрғызушылар үшін де жер берілетінін және мемлекет коммуникация мен жолды, жылу мен электр жүйесін жеткізіп беретінін еске салды

«Сұраныс бар. Әрбір отбасы жеке баспананы қалайды. Мемлекет үнемі көмектесіп келе жатыр. Халық саны өскен сайын, бұл мәселе өзекті болып қала береді және мемлекет бұл мәселені шешуге тырысады», - деді ол.

Сондай-ақ,   Елбасы  бүгінде Қазақстанда 28 банк жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Оның ішінде 14-і шетелдік капиталдың қатысуымен, ал қалған 14-і қазақстандық банктер. Соңғы кездері Ұлттық банк 5 ірі банкке қолдау көрсетті. Оның ішінде «Қазкоммерцбанк» бар, ол «БТА Банктің» барлық қарызын өз мойнына алған еді. Онда 2,4 трлн теңге салу керек болды. Ұлттық банк тарапынан осы шаралар атқарылды. Бұл қаржының барлығы қайтарымды, несиелерді қиын кезде алып, кейін қайтарады. Егер де жалпы көрсеткішке тоқталсақ, экономиканы несиелеу 26 пайызға артып, банктер активі 29 пайызға өсті. Жалпы, жағдайды қанағаттанарлық деп санауға болады. Дегенмен, проблемалар бар. Сәйкесінше, оларды шешу керек»,- деді Президент.

Елбасы банктердің сапасыз жұмысынан салымшылар зардап шекпеуі тиістігін қадап айтты. Ол үшін арнайы сақтандыру қоры бар.

Н. Назарбаев бүгінгі мүмкіндіктер болашаққа оптимизммен қарауға жол ашып отырғанын жеткізді. Елімізде алтын-валюта қоры елеулі көлемде жинақталған.

«Қиындықтар болады. Яғни, бұл қиындықтар банк акционерлерінің, менеджментінің тәжірибесі деңгейінің аздығынан болуы мүмкін. Ұлттық банк бұл бағыттағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр», - деді Мемлекет басшысы.  

Сонымен қатар,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қай өңірінде туризм қарқынды дамытылатындығын айтты.

«Туризм дүниедегі экономиканың үлкен саласының бірі. Дүниежүзі экономикасының 10 пайызы туризмде жатыр. Ал, бізде онша дамымаған. Енді қолға алынып жатыр. Биыл елдің бәрі көрсін деп, әдейі Алакөлге бардым. Адамдар өте көп, салынып жатқан 4-5 жұлдызды бір-екі қонақ үй бар. Туризм болуы үшін алдымен жол керек. Алматыдан Талдықорған арқылы Алакөлге дейін жол бар. Сол арқылы халықтың барлығы барып жатыр», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Балқаш көлі еліміздің дәл орталығында орналасқанын және оның Ыстықкөлден еш кем еместігін атап өтті.

«Бірақ, инфрақұрылымы жоқ. Оған қонақ үй салынды. Мұнан кейін, Алматы облысы туризм үшін тартымды.  Түркістанда да туризм үшін қонақ үйлер салып жатырмыз. Әуежайы, жолдары жөнделетін болса, ел барады. Көкшетауда «бес жұлдызды» бір қонақ үй бар. Коттедждер салынуда. Ресейден де адамдар көп келеді. Солтүстік Қазақстанда Шалқар-Имантау  деген көл бар. Ол Бурабайдан да әдемі», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда Түркиядан кем емес демалыс орындарын салуға болатындығын да баса айтты.

«Каспийде суға шомылу маусымы 4-5 айға созылады. Мұндай Түркияда да жоқ. Ыстықкөлде бір ай ғана. Қазір Ақтауда әуежай да бар. Қаланы әуежайға қарай өсіретін боламыз, жаңа қала салынады. Жағалауының барлығы ел демалатын жерлер, қонақ үйлер, коттедждер болады. Оған туристік жағынан қараған емеспіз. Себебі жол болған жоқ. Қазір міне, Астанадан барлық жаққа - оңтүстікке, солтүстікке, шығысқа, батысқа салып жатырмыз. Қазір туризмді дамытатын 10 нысан таңдап алдық, оның ішінде Ақтау, Алматы, Каспийдің жағалауы, Оңтүстік Қазақстан, Баянауыл бар», - деді Н. Назарбаев.

 




Яндекс.Метрика