Адами капитал

Орта тап азаматтардың әлеуметтік статусының өсуіне ықпал етеді

Бүгінде қоғамның стратификациясында орта тапқа айырықша көңіл бөлінеді. Өйткені, орта тап қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін, экономиканың дамуына ықпал жасайтын әлеуметтік топ. Орта таптың қоғамдағы рөлі мен атқаратын қызметі де ерекше.
Нұр-Сұлтан27 Желтоксан , 12:35

Орта тап қоғамда нақты рөл атқарады. Сонымен бірге, мұндай  рөлдер нақты функцияларды туғызатындығын да ескермек керек. Орта  тап әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, вертикалды мобильділікте  шешуші қызмет атқаруы керек. Яғни, орта тап азаматтардың әлеуметтік статусының өсуіне ықпал етеді.

Нақты мысалмен айтсақ, азаматтың қатардағы жұмысшыдан  менеджерге дейін өсуге, білімі мен біліктілігін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуына орта тап әсер етеді. Екіншіден, орта тап экономикалық донор саналады. Қандай да бір елде орта тап  неғұрлым үлкен болса, олардан түсетін салық, бюджеттік алымдар да соғұрлым мол болады. Әлеуеті жақсы салық төлеуші ретінде ғана емес, орта және шағын кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру арқылы да орта тап  экономикалық донор бола алады.

Сонымен бірге орта тап нарыққа білікті жұмысшылар ұсынатын әрі негізгі жұмыс беруші рөлін де атқаратын топ. Сондай-ақ, орта тап елдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың сақталуына мүдделі келеді.Кедейлікпен күрес, жемқорлықты азайту, бюджет пен мемлекеттік қызметтің ашық болуына да көбіне орта тап мүдделі болып келеді.

 Бір сөзбен айтқанда орта тап елдегі тұрақтылық пен дамудың кепілі деген сөз. Алайда, бұл айтылғандардың тек классикалық орта тап ұғымына  сәйкес келетіндігін де ұмытпаған абзал. Қазақстан жағдайында орта таптың үлесі қандай, біздегі орта тапты анықтайтын негізгі критерилер не, азаматтар өздерін қандай тап өкілі ретінде қарастырады деген мәселе өзекті.

Жалпы, Қазақстандағы орта таптың үлесіне қатысты пікір қайшылығы бар. Бірқатар әлеуметтанушылар  орта таптың үлесі ел халқының 20-30 пайызын құрайды деген пікірде. Бірақ, өзін орта таптың құрамына қосатын азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, білімі мен білігі, құндылықтары, түрлі материалдық және рухани игіліктерге қол жеткізу мүмкіндіктері туралы біржақты  пікір білдіруге болмайды.

Әлеуметтанушы Бақытжамал Бектұрғанова Қазақстандағы орта таптың батыс елдеріндегі орта таптан кем түспейтін тұстары бар екендігін айтқан. Атап айтсақ,  қазақстандық орта тап білім деңгейі мен біліктілік тұрғысынан дамыған елдердегі орта таптан кем емес. Бірақ, меншік пен табыс көлемі, тұтыну мөлшері және өзгеде бірқатар критерилер тұрғысынан қазақстандық орта тапты классикалық үлгідегі орта тап деуге келмейді.

Өйткені,  қазақстандықтардың табыс деңгейі ала-құла әрі бай мен кедейдің арасындағы алшақтық тым үлкен. Мәселен Credit Suisse Research Institute зерттеу орталығы 2017 жылы «Қазақстан халқының 97,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін табыс табады» деген дерек жариялады. Зерттеу қорытындыларына сенсек, біздің отандастарымыздың арасында 10 мыңнан 100 мың долларға дейінгі табыс табатындар ел халқының 2,1 пайызын, 100 мыңнан 1 млн долларға дейін табыс табатындар 0,3 пайызын құрайды екен. Ал,  Статистика комитеті 2018 жылдың наурыз айында елдегі орташа жалақы 157 мың 930 теңге деген ақпарат таратты.

Мұның өзі Credit Suisse Research Institute деректерінің шындыққа жақын келетінін көрсетеді. Яғни 157 мың жалақысы бар азамат бір жылда 1 млн 900 мың теңгеге жуық теңге табыс табады. Оның үстіне Елбасының

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады»,-делінген. 

Жалпы, дамыған елдерде азаматтың жылжымайтын мүлікке иелік етуі,табыс деңгейі, тұтыну стандарты арқылы қандай әлеуметтік топқа кіретіндігін анықталатын болса, біздегі орта тапқа байланысты бірден мұндай классикалық  өлшемдерді қолдану қиын. Өйткені, Қазақстанда баспана мәселесі шешілмеген азаматтардың қарасы мол, ауылды жерлердегі табыс көлемі төмен, азаматтардың тұтыну  стандарты төмендеп келеді. Мәселен, 2017 жылдың күзінде қазақстандықтар 2016 жылға қарағанда макарон өнімдерін 13 пайызға көп тұтынған. Себебі, бұл өнімның қымбаттауы  небары 1,8 пайыз ғана болыпты. Ал өзге өнімдер екі немесе үш есеге дейін қымбаттаған.

Сондықтан, тұрғындар қымбат шоколадтар мен кондитерлік өнімдерден, жармалардан бас тартқан.   Сол сияқты, 2015 жылдың сәуір айында құны 2 млн 200 мың болған стандарт сыныпты жаңа жеңіл көлік қазір 5 млн теңгеге жақындады. Кей маркалар 5 млн-дық межеден асып та кетті. Нақты мысал ретінде айтсақ, 2015 жылдың сәуір айында   мотор көлемі 1,2 текше сантиметр болатын Шкода Рапид көлігінің бағасы 2 млн 220 мың теңге болды. Үш жылдан соң, яғни 2018 жылдың сәуір айында аталған көліктің құны 5 млн 290 мың теңгеге жетіп отыр.

Ал 2015 жылы елдегі орташа жалақы 121 мың 817  теңге болатын. Демек, тұрғындардың тұтыну мүмкіндігі мен нарықтағы бағаның арасында да тым үлкен алшақтық бар деген сөз. Бұл өз кезегінде тұтыну стандарты жоғары әрі елдің болашағына сеніммен қарайтын орта таптың қалыптасуына кедергі жасайды.  

Тіпті, классикалық үлгідегі орта таптың да қалыптасуын кешеуілдетіп жатыр. Өйткені, медианды яғни «нақты орташа жалақы» елімізде 83 мың теңгені құрайды. «Halyk Finance» АҚ сарапшыларының деректеріне қарағанда елдегі барлық жұмыскерлердің тең жартысы 83 мың теңгеден аз жалақы алса, 50 пайызы бұл мөлшерден молдау еңбеақы алады екен.  Демек, Президенттің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін Қазақстанда тез арада орта тапты қалыптастыруға бағытталған шара ретінде қарастыру керек. Өйткені, орта тап қалыптаспайынша әлеуметтік шиеленістер туындап, халықтың билікке, мемлекетке деген сенімі төмендей бермек.

Президент үндеуіндегі  бес тапсырманың бесеуі де  орта таптың классикалық бейнесін сипаттайды. Баспаналы болудың жаңа амалдары, жалақыны көтеру де, несие алу да,  жоғары білімге қол жеткізу мен елді газбен қамтамасыз ету де орта таптың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Яғни, орта тапты анықтайтын классикалық критерилер саналатын  білім, табыс деңгейін көтеру, материалды және интелектуалды мүлікке ие болу мүмкіндігін арттыру, тұтыну стандартын жақсартуға «Бес бастама» өз ықпалын тигізетіні анық. Алайда, қазақстандық орта таптың құндылықтары,  арман-аңсары қандай деген мәселе тағы бар.

Амангелді Құрмет

 




Яндекс.Метрика