Парламент

Қ.Тоқаев: Заң жобалары бойынша Үкімет Парламентпен алдын ала жұмыс кестесін белгілеп алғаны дұрыс

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы Палатаның отырысында жобаларын Сенатқа әкелудің мерзіміне қатысты Үкіметтің атына сын ескерту жасады. Төраға отырыстың күн тәртібіне өте маңызды заң жобалары енгізіліп отырғанын айтып, олардың 5-і Елбасының Жолдауларында айқындалған мақсаттарды орындау үшін әзірленген заң жобалары екенін атап өтті.
Нұр-Сұлтан22 Желтоксан , 10:01

Елбасының тапсырмаларын орындауға жыл басынан бері жеткілікті уақыт болғанына қарамастан, бірнеше күрделі заң жобалары Сенатқа жыл соңында ғана бір пакетпен келіп түсті. Сенат депутаттары заң жобаларының маңыздылығын ескере отырып, аса қысқа мерзімде қарап, талқылауға мәжбүр болды.

«Жыл сайын қайталанатын мұндай жағдай қабылданатын заңдардың сапасына оң ықпал етпейтіні белгілі. Сондықтан, заң жобаларын Сенаттың қарауына ұсыну мерзімдеріне қатысты осындай келеңсіз жағдайлардың қайта орын алуына жол бермеу қажет. Осы мәселеге Үкіметтің назарын айрықша аударамын. Маңызды заң жобалары бойынша Үкімет Парламент палаталарымен алдын ала үйлесімді жұмыс кестесін белгілеп алғаны дұрыс болады», - деді Сенат басшысы.

Сенаторлар нақтылау сипатындағы бірқатар сұрақтардан кейін «Табиғи монополиялар туралы» заңды қабылдады. Заң табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыруға, тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ осы салаларға инвестицияларды ұлғайтуға бағытталған.

Құжат табиғи монополияның салалары мен осы салалардағы Субъектілердің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру тәртібін айқындайды, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілер қызметіне тарифтердің түрлері мен оларды белгілеу тәртібін реттейді.

 Заңнамалық деңгейде реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділік көрсеткіштерін, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін айқындауды көздейтін тарифті реттеудің ынталандыру әдістері енгізіледі.

Табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында заң жобасымен мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы көзделеді.

 Осыған орай, Тарифтік саясат жөніндегі кеңес енгізіледі және қоғамдық бірлестіктердің жұмыс істеуі реттеледі, сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді орналастыру жөніндегі міндеті көзделеді. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарламаның орындалуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг пен техникалық сараптама жүргізу тәртібі белгіленеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң депутаттардың көптеген өткір сауалдарын туындатып, қызу пікірсайыс өрістеді.

Құжатта орталықтандырылған қызмет негізінде мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда сатып алу өткізу әдістерін қайта қарау қарастырылып отыр. Оның үстіне, мемлекеттік сатып алудың жалпы ережелерінен сырт қалатын «Самұрық-Қазынаның» ерекше мәртебесіне қатысты заң жобасындағы ережер депутаттардың күмәнін туғызды.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпарат жүйесінде электрондық түрде бірыңғай сатып алу орнын құру көзделген. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттейтін құқықтық ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде шағымдар веб-порталы арқылы берілген мәліметтерді, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдерді көрсететін республикалық шағымдар тізімдемесін қалыптастыру және енгізу көзделуде.

Әлеуетті жабдықтаушының қаржылық орнықтылығы жөнінде жаңа біліктілік талаптары белгіленіп отыр. Сондай-ақ офшорлық аймақтарда тіркелген әлеуетті жабдықтаушылардың сатып алуға қатысуына тыйым салынатын болды.

Заңнамаға есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Заң мемлекеттің қазіргі замандағы есірткі қылмысының жаңа қатерлері мен қауіптеріне қарсы қабылдаған шараларын қамтамасыз ету үшін есірткіге қарсы заңнама жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген болатын.

Енгізілетін өзгерістер заңның ұғымдық бөлігін нақтылауды және «есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер», «сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын олардың алмастырғыштары» ұғымдарын енгізуді көздейді.

Еліміздегі бақылауға жататын есірткі, психортроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені және сутегі атомдарын алмастырғыштар тізімін бекіту құзыреті республика Үкіметіне беріледі.  Одан басқа, заттарды еліміздегі бақылауға жататын есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларға және сол тектестер тізіміне жатқызу негіздемесі мен тәртібіне толықтыру енгізілді. Жаңа ережелер нарықта пайда болған жаңа психикалық белсенді заттарды елімізде тыйым салынған есірткі құралдарының тізіміне жедел түрде қосуға мүмкіндік береді.

Заңнамаға денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер «сұрақ-жауап» алмасуларынан кейін қабылданды. 

Заң ережелерінде тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемінің жаңа үлгісін енгізуді көздейді. Оған жедел дәрігерлік көмек; санитарлық авиация; алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек; алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек маманы мен салалық мамандардың жолдамасымен консультациялық-диагностикалық көмек; әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу және созылмалы ауруларды емдеу үшін стационарды алмастыратын дәрігерлік көмек; стационарлық дәрігерлік көмек; медициналық көрсеткіштер бойынша қан препараттарымен және оның компененттерімен қамтамасыз ету; туберкулезбен ауыратын және туберкулезбен ауырған науқастарды қалпына келтіру емі және медициналық оңалту; халықтың жекелеген санаттарына арналған мейірбике күтімі және паллиативтік көмек және тағы басқа түрлері жатады. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның уәкілеттіктері де кеңейеді.

Оның қатарында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік заңды тұлғалардағы корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі қызметті үйлестіру және мониторинг жүргізу; халықаралық медициналық-санитарлық қағидаларды енгізу және іске асыру жөніндегі қызметті саларалық үйлестіру; халықаралық медициналық-санитарлық қағидалар мен қоғамлық денсаулық сақтаудың жаһандық бағдарламасы бойынша ұлттық үйлестірушінің мәртебесі және өкілеттіктері туралы ережені әзірлеу және бекіту бар.

Заңнамаға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша түзетулер де қабылданды.

Осы заңның аясында шекті бағаларды бекіту арқылы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеуді енгізу.

Сенат отырысында заңнамаға халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Бұл заң Қазақстан Президентінің өздігінен дербес жұмыспен қамтылған халықтың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген болатын.

Заңмен 22 заңнамалық актіге   өзгертулер  енгізу қарастырылған. Осы мақсатта бірыңғай жиынтық төлемді енгізу көзделеді, олар төрт міндетті төлемнің түрін: жеке табыс салығын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына әлеуметтік төлемдерді, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдарды бір төлемге біріктіреді.

Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада – айлық есептік көрсеткіштің  1 еселенген және басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің  0,5 еселенген мөлшерінде белгіленді.

БЖТ төлеушілер қызметін кіріс алу мақсатында жүзеге асыратын жеке тұлғалар болып табылады, олар жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайды, жеке тұлғалар үшін жұмыстарды орындайды, қызметтер көрсетеді, жеке қосалқы шаруашылықты пайдаланудан алған ауыл шаруашылығы өнiмiн жеке тұлғалардың тұтынуы үшін өткізеді.

Бейресми жұмыспен қамтылғандар үшін БЖТ енгізу: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және медициналық ұйымдарды таңдау құқығымен сомасы мен түрі бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қолжетімділікті алуға; зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін алуға; еңбекке жарамдылығын жоғалту, асыраушысынан айырылу, жүкті болу және босану, бала немесе қыз асырап алу, 1 жылға дейін бала күту жағдайларында әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы, есірткі құмарлық және оның алдын алу мәселелері туралы сенатор Сәуле Айтпаеваның депутаттық сауалы жария етілді.

Сенат басшысы бұл мәселеның аса маңызды екенін атап өте келіп, есірткі сатушыларға қатысты құқықтық шараларды қатайту қажеттігіне тоқталды.

«Бізге, сенаторларға есірткі таратушылар мен сатушыларды өмір бойына қамауға алу немесе одан да қатаң жазаға дейін қылмыстық және сотпен жазалауға қол жеткізу керек. Өйткені, бұл мемлекеттің ұлттық мүдделеріне қатысты және террористік әрекет қатарына жатқызуға болады», - деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Сенат Төрағасы Сенатқа заң жобаларының келуінде бірқалыпты жүйе жоқ екенін айтты.  

«Шын мәнінде, өте салмақты әрі күрделі заң жобалары бойынша қысқа мерзімде жұмыс істеуге тура келеді. Тиісті түзетулер аса қауырт, қарбаласпен енгізіледі. Біздің ұсынысымызды Үкімет назарына алады деп ойлаймын. Үкіметтің өкілдігіне қатысты айтарым, Сіздерге жұмысты істеу керек қой. Сіздердің жұмыстарыңыз өте нашар», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат спикерінің айтуынша, заң жобаларын Сенаттың қарауына ұсыну мерзімдеріне қатысты осындай келеңсіз жағдайлардың қайта орын алуына жол бермеу қажет.

«Осы мәселеге Үкіметтің назарын   айрықша аударамын.Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне өте маңызды заң жобалары енгізіліп отырғанын, оның бесеуі Елбасының Жолдауларында айқындалған мақсаттарды орындау үшін әзірленген заң жобалары екенін айтқан Қ. Тоқаев «Елбасының тапсырмаларын орындауға жыл басынан бері жеткілікті уақыт болғанына қарамастан, бірнеше күрделі заң жобалары Сенатқа жыл соңында ғана бір пакетпен келіп түсті. Сенат депутаттары заң жобалары маңызды болғандықтан, аса қысқа мерзімде қарап, талқылауға мәжбүр болды», - деді ол.

Сенат төрағасының айтуынша,  жыл сайын қайталанатын мұндай жағдай қабылданатын заңдардың сапасына оң ықпал етпейтіні белгілі.

«Мұндай келеңсіз жағдайлардың қайта-қайта орын алуына жол бермеу қажеттігіне Үкіметтің назарын айрықша аударған Қ.Тоқаев «Маңызды заң жобалары бойынша Үкімет Парламент палаталарымен алдын ала үйлесімді жұмыс кестесін белгілеп алғаны дұрыс», - деп ескертті ол.

Сондай-ақ,  Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің өткен  кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелік институтын жетілдіруге, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған.

Онда 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Еліміздің Қылмыстық-процестік кодексiне мүлікті тәркілеу кезінде адамдардың мүліктік құқығын қорғауды көздейтін толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда: қылмыстық қудалау органының және соттың тәркілеу нысанына жатқызылған нақты мүлікті және дәлелдемені көрсету міндеті; соттың мүлікті тыйым салудан босату туралы мәселені қарау жөніндегі құзыреті белгіленген.

Қылмыстық кодекс экономикалық және салықтық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру мәселелерін қозғайтын нормалармен толықтырылады.

Сот жүктемесін оңтайландыру мақсатында заң жобасымен: сот оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарайтын он істі бұйрық арқылы іс жүргізуге; сот бұйрығы шығарылатын тоғыз даусыз талапты атқарушылық жазбаны жасау үшін нотариусқа; сот атқарушыларының қаулыларын санкциялаудың бірқатарын соттан прокуратураға беруді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» №702 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Жарлыққа сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Заң жобасының мақсаты – нормативтік-құқықтық базаны Президент Жарлығына сәйкес келтіру болып табылады.

Жоба «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.

 Енгізілетін өзгертулер редакциялық сипатқа ие болып отыр. Атап айтқанда, жоғарыда аталған Конституциялық заңдарда «республикалық маңызы бар қала және астана» және «Алматы және Астана қалалары» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар және астана» сөздеріне ауыстыру ұсынылады.

Сонымен қатар, комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Заң жобасының мақсаты Жарлықты жүзеге асыруға орай заңнаманың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылымға енгізілген өзгерістерге сәйкестендіру болып табылады. Онда Шымкент және Түркістан қалаларының мәртебесінің өзгеруіне байланысты 2018 жылғы 1 шілдеден бастап алынатын салық мөлшерлемелерін арттыру бойынша Салық кодексіне түзетулер енгізіледі.

Алайда, аталған аймақтардың салық төлеушілерінің жағдайын нашарлатуды болдырмау мақсатында өзгертілген базалық салық мөлшерлемелерін алуды 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру қарастырылған.

«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы экологиялық қасірет жағдайындағы аймаққа енген болатын.

Түркістан облысы әкімшілік орталығының Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты Түркістан облысына қарасты 12 ауылдық округ тұрғындарын әлеуметтік қорғау шараларын сақтау жөнінде заң жобасына түзетулер енгізіледі.

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында заң жобасы кеден істері саласындағы құқық қорғау функцияларын Мемлекеттік кіріс комитетінен Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметіне беру, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жасау шарасын өткізу көзделіп отыр.

Заң жобасын қабылдау тұрғындарды үздіксіз әлеуметтік қамтамасыз ету мен оларға мемлекеттік қызмет көрсетуге жағдай жасауға, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша мемлекеттік органдардың үйлесімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 




Яндекс.Метрика