Президенттің бес бастамасы

ҚХА шағын және орта бизнестің дамуын жетілдіреді

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының форумында Ассамблея кәсіпкерлері бизнеске қатысты өздерінің 5 бастамасын ұсынды. Билік өкілдері бизнеске қатысты барлық бастамаларды заң жүзінде қолдауға дайын екендерін жеткізді.
Нұр-Сұлтан20 Желтоксан , 12:28

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Божко ҚХА Елбасының Жолдауын жүзеге асыру бойынша жұмысты белсенді жүргізіп жатқанын айтты.

«Біз бизнес қауымдастықты құруға қатысты   заң шығару үрдісіне белсенді араласамыз. Парламенттегі жеке бизнесті ынталандыруға бағытталған заңдарға қатысты бірнеше мысал келтіргім келеді. Бізге келіп түскен   Үкіметтің бюджетіне өзгертулер енгіздік. Ондағы толықтырулар мен өзгертулер Елбасының Жолдауында айтылған мәселелерді шешуге бағытталған. Бизнестің жол картасының мерзімі де ұзартылды», - деді В.Божко.

Депутат айтып өткендей, қазір Парламентте бизнеске қолдау көрсетуге қатысты заң жобасы жатыр.

«Қазір оны қарап жатырмыз. Сондай-ақ, бізде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты заң жобасы бар. Біз барлық кәсіпкерлердің ұсыныстарымен санасамыз. Оларды сәйкес заң бастамалары арқылы жүзеге асыруға дайынбыз. Қолданыста үйренуді қажет ететін маңызды әдістер бар. Себебі, шағын және орта бизнеске қатысты мемлекет ұсынатын барлық мүмкіндіктерді кәсіпкерлер білмей қалып жатады», - деді депутат.

Өз кезегінде  ҚХА  Кәсіпкерлер қауымдастығының құрамына кіретін отандық тауар өндірушілердің бірі «ВирКро» ЖШС  директоры Абылай Сағалбайұлы   тұрмыстық, құрылыс  әрі медициналық заттарды қалдықтан өндіріп шығаратын кәсіпорынды басқарады.

«Аураханалар мен қоқыс үйінділерінен алынған қалдықтарды қайта өңдеп шығарамыз. Кәсіпорнымызда 5 адам жұмыс істейді. Жұмыстарды ыңғайландырсақ, айына 45 тонна таза  битум шығара аламыз. Бүгінде ол өнім Қазақстан нарығында кем дегенде  130 мың теңге тұрады. Ал оның өз бағасы  20 мың теңге болып отыр. Импортты алмастыру және жаңа жұмыс орындарын құруды жүзеге асырып жатырмыз», - деді А.Сағалбайұлы.

Директор айтып өткендей, олар  экологияның таза болуын қамтамасыз ететін технологиялармен жұмыс істейді.

«Біз нарықта 2012 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Кезеңдеп жұмыс көлемін арттырып  келеміз. Ресей технологиясын тәжірибеде қолданамыз. Өнім сапалы болу үшін тәжірибемізді жақсартып, жетілдіріп тұрамыз. Кейде тұрмыстық қалдықтарды Ресейден, Беларусьтен жеткізетін жағдайлар болады. Себебі, бізде қоқысты жинайтын алаңға қаржы жетіспей жатады. Сондықтан да бізге сырттан жеткізілген қалдық тиімді болып жатады», - деді ол.

Айта кетейік,  форумда Кәсіпкерлер қауымдастығы ұсынған  5 бастамаға агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін іске асыру, жастар кәсіпкерлігін қолдау, импортты алмастыру және кооперация орталығын дамыту, технология және құзыреттерді беру, жасыл экономиканы дамыту кіреді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика