Қазақстанның Тәуелсіздігі

Тәуелсіздік пен Елбасы – ажырамас ұғым – Мәжіліс депутаты

Эксклюзив
Бүгін Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 27-жылын мерекелеуде. 1991 жылы азат ел атанған жас мемлекеттің мақсаты айқын, қадамы қарымды. Тәу етер Тәуелсіздік ұғымының қазақ елі үшін маңыздылығы туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Генадий Шиповских Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Астана қаласы16 Желтоксан , 10:05

-Генадий Геннадийұлы, Тәуелсіздік мерекесі   қазақ мемлекеті үшін қаншалықты маңызды?

- 1991 жылы Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап осы күнге дейін толағай табысты істер жүзеге асырылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының  салиқалы саясатының нәтижесінде біздің мемлекетіміз халықаралық аренада өзінің орны, дербес пікірі бар. Тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылған жобалар мен шаралар да аз емес. Оның ішінде,  былтыр өткен «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесі  бар.  Осы халықаралық көрменің нәтижесінде біздің елімізге күллі әлем көзін тікті, танысты. Барлық мемлекеттерді достастық, ынтымақтастық қарым-қатынасқа шақыратын «Astana Club» жиналыстары да нәтижесін беріп жатыр. Еліміз әлемде болып жатқан даулы мәселелердің шешуіне бастамашы болды. Осы істердің барлығы   Тәуелсіздік жылдары еліміздің тағдыршешті  оқиғасы  елорданың Алматыдан Астана қаласына көшуі нәтижесінде жүзеге асты. Бас қаламыз –Астана әлем қалаларымен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жетті. Сондай-ақ, туристердің назарын аудара  алатын  болашақтың әсем қаласына айналды.

- Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымын ажыратып қарауға бола ма?

 - Атап өткенімдей, дербестік алған соң көптеген мемлекеттер «басын көпке дейін көтере алмай» қиын жағдайға душар болды. Біздің Елбасымыз қиын-қыстау кезеңде биліктің тізгінін қолына алып, барлық тараптан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Әрине, Тәуелсіздік пен Елбасы –егіз ұғым. Себебі, Қазақстанның барлық жетістігі  Президент саясатының нәтижесінде жүзеге асты. Қазір егер мемлекет басында басқа адам болса, Қазақстан қазіргі деңгейіне жетер ме еді? деген сұрақ туындайды. Сондықтан да Елбасының Тәуелсіз Қазақстандағы тарихи орны ерекше, тарихта қалып, болашақта   ұрпаққа насихатталатын  айтулы тарихи тұлғаға айналады деп  кәміл сенемін.  Қазақстан   ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК,  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі. Цифрландыруға қатысты мақсатты жүзеге асыру үшін IT-стартаптардың   Халықаралық   технопаркі   Astana Hub құрылған болатын. Ол IT жобаларды жүзеге асыруға, инвесторларды тартуға, жоғары технологияларды енгізу бойынша  жұмыс істеп жатыр. Бұл тек қана бастамасы. Болашақта одан да көп жетістікке жетеді деп ойлаймын. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ, осы аталған жетістіктерден кейін Елбасы мен Тәуелсіздік ұғымын ажырата аламыз? Әрине, ол екеуі бір ұғым.

 - Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі азаматтардың сабақтастығы туралы  пікіріңіз қандай?

- Жалпы, адам өзінің тарихын, әлемнің тарихын білмесе, оқымаса алдағы уақытта ол қиындықтарға ұрынуы мүмкін. Себебі, тарих- өте терең ұғым. Жақында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланды. Былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шыққан болатын. «Ұлы даланың жеті қыры» «Рухани жаңғырудың» жалғасы болып табылады. Қазақстанның тарихына әр адамның назарын аудартатын дүние. Мақалада түркі тілдес елдерге байланысты, ата-бабамыздың батырлығы, даналығы, атқа міну туралы тарихи мәліметтер   жазылған. Біз  тарихи құндылықтарымызды келер ұрпаққа қалай насихаттаймыз, қалай бөлісеміз осы мәселелер маңызды. Бүгінгі оқиға мен осы заманға дейінгі тарихты ұштастыра білген адам ұзаққа барады. Мақалада «Архив-2025»  жобасын іске асыру айтылды.  Қазақ мемлекеті мен Қазақ хандығының тарихы, Тәуелсіздіктің тарихын ұштастыру болашақта жақсы идеологиялық құралға айналады деп ойлаймын.

- Тәуелсіздік күні барша қазақстандықтарға айтатын тілегіңіз...

- Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа тек қана бақыт тілмеймін. Елімізде береке, бейбітшілік болсын. Еліміздің көркеюіне бірге атсалысайық.

-Сұхбатыңызға рақмет.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика