Өңірлер

Өңірлерді дамыту: Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Алматы облысы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы облыс әкімі Амандық Баталов баяндады. Мәселен, Алматы облысының экономикасына Қытай, Орталық Азия мен Еуроодақ елдері арасындағы тауарлық лек қиылысындағы ірі көліктік-логистикалық Хаб ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА зор серпін береді. Алматы облысының даму барысы туралы Strategy2050.kz АА-дан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан12 Желтоксан , 17:29

Облыс әкімі Амандық Баталов  айтып өткендей, арнайы экономикалық аймақ аумағында  құны 470 млрд. теңге болатын,  4 мыңға жуық жұмыс орнын ашатын 12 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылы инвестиция көлемі 570 млрд. теңгеге жетеді деп межеленген, оның 80%-і, яғни 460 млрд. теңгесі - бюджеттен тыс қаржы.

Сондай-ақ,  газдандыру бойынша Талдықорған қаласында қалаішілік жүйелерді жүргізудің құрылысы жалғасуда, Текелі қаласына дейінгі газ құбыры іске қосылды, Бақанас, Үштөбе, Сарыөзекте жеткізгіш газ құбырлары бар 3 АГБС-тың құрылысы басталды.

«Жалпы облыста газдандыру жұмысы 14 ауданда жүріп жатыр. Таратушы газ жүйесінің құрылысы жеке инвестиция есебінен жүргізілуде. Биылғы жылы бюджеттен 9,6 млрд.теңге бөлініп, 36 млрд.теңге жеке инвестиция тартылды, яғни бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың 3 теңгесі сәйкес келеді. Жыл соңына дейін газдандырылған елді мекендердің саны 142-ге жетеді, газдандыру деңгейі 30%-тен асады деп жоспарланып отыр», - деді А.Баталов.

Өңір басшысының айтуынша,  инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсімінің пәрменді құралы болып отыр.

«Сондықтан бүгінгі күні облыста құны 5,7 трлн. теңгелік, 32 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 306 инвестжоба бар. Олардың қатарында - 9 жоба Трансұлттық компаниялардың, 44-і – шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылады», - деді ол.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, тамыз айында Қазақстанда тұңғыш рет Алматы облысында «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру кешені  ашылды.

« Индустрияландыру күнінде Қапшағай қаласында жеке логистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар, «Роллтон» брендімен өнім шығаратын «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды. Оның жылдық көлемі - 21 млрд. теңге. Зауыт өз өнімінің шамамен 80%-ін Орта Азия елдеріне эскпортқа шығаратын болады. Майлау материалдарын шығаратын ресейлік «Лукойл» компаниясының зауытын іске қосу жұмыстары басталды. Зауыт толығымен «ақылды» қойма мен өндірістік желінің автоматтандырылған жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл кәсіпорындар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген 6 индустриалды аймақта орналастырылатын болады. Мұнда  341 млрд. тенгелік, 4,6 мың адамды жұмыспен қамтитын  49 жоба жүзеге асырылады», - деді А. Баталов.

Оған қоса,  Алматы облысында денсаулық сақтау саласындағы алғашқы медико-санитарлық көмектің, әсересе ауылдық жерлерде қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

« Бұл мәселе өңір үшін өте өзекті саналады, себебі облыстағы халықтың 80 % ауылдық жерлерде тұрады. Облыста 5,5 млрд. теңгеге 18 нысанның құрылысы жүріп, 5 нысанға күрделі жөндеу жасалып жатыр. Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу аяқталып, 1 млн. 450 мың электрондық денсаулық төлқұжаты тіркеліп, халықты қамту деңгейі 83% құрады. Биылғы жылдан бастап «Көмек 103» жүйесі іске қосылды, бұл жедел жәрдемнің ауылдық жерлерге жету уақытын 15 минутқа, қалаларда 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді А.Баталов.

А.Баталов айтып өткендей, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жалпы сомасы 9,4 млрд. теңгеден астам қаржыға 321 жоба іске асырылды.

«Бұл ретте «Туған жер» жобасы шеңберінде бизнес өкілдері әлеуметтік нысандардың құрылысы мен ауқымды жобаларға белсене қатысып, бүгінгі күнге 2,5 млрд. теңгеге 157 жобаны жүзеге асырды.Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты жаңа жыл  2 мың жетісулық жастың қатысуымен ауқымды шарамен ашылатыны белгілі болды. «Жастар жолы» жобасы шеңберінде жастардың демалуы және спортпен айналысуы үшін облыста 18 орталық құрылған. Талдықорған қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Осындай орталықтарды ашу барлық аудандар мен қалаларда қарастырылуда», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ,  өңір басшысы айтқандай,  Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде ашық аспан астында «Жетісудың жеті кереметі» атты археологиялық парктерді музейлендіру жоспарланып отыр.

Сол сияқты «Жетісудың жеті өнері» ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс, «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалін өткізу межеленген.

«Облыста шетелдік архивтердің көне дәуірден бүгінге дейінгі материалдарымен жұмыс істеу мақсатында «Жетісу туралы араб, түрік және парсылық дереккөздер» экспедициясын ұйымдастыру облыс жоспарында бар. Бұл экспедиция Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде «Өлкетану» тақырыбында вайн-ақпарат/квесттер мен челлендждер сериясы берілетін болады», - деді ол.

Сонымен қатар,  экономиканың нақты секторын дамытудың оң динамикасы жергілікті бюджеттің кірісін соңғы үш жылда 1,5 есеге көбейтіп, 194 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.

«  Жыл басынан бері облыста 29 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ке төмендеді. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында облыстағы барлық кәсіпорындармен жалақысы төмен жұмысшылардың айлығын көтеру туралы жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі күні 43503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшы төмен жалақы алады. Қазіргі кезде 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскерінің жалақысын көтеруге дайын. Бюджеттік ұйымдардың 41 мың қызметкерінің жалақысы орта есеппен 35% өседі. Сол сияқты 2019 жылдың 1 қаңтарынан 133,5 мың адам Президенттің салықтық жүктемені төмендету жөніндегі бастамасынан кейін жоғары жалақы алатын болады», - деді А. Баталов.

Жыл басынан бері облыстағы орташа айлық жалақы 5% өсіп, 114 мың теңгені құрап отыр. Халықтың нақты ақшалай кірісі 0,8%-ке өскен.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінде тарифтерді төмендету мақсатында монополистермен жұмыс жүргізілді. Мәселен, «Қапшағайжылу» тарифті 77%,  «Талдықорғанжылусервис» - 16,3%, «Жетісу Энерготрейд» - 2,4% төмендетті.

«Көмір бағасын төмендету үшін көмір қоймаларымен тікелей келісімшартқа отыратын бірыңғай операторды белгілеу мәселесі қарастырылуда. Мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көмірдің бір тоннасының бағасын 800-2,5 теңгеге арзандатуға мүмкіндік туады», - деді А. Баталов.

Биылғы жылы 40 кәсіпорын өндірісті жаңғыртып, соның нәтижесінде тауар айналымының экспорты 23,5% немесе 274,2 млн. АҚШ долларына өсті.

Өңірде экспортпен айналысатын кәсіпорындар саны - 21, олардың саны әлі де артады.

«Мәселен, еліміздегі өңдеуші кәсіпорындардың импортталатын үздік 10-дығына кіретін тауарлардың 7 түрін біздің кәсіпорындар шығара алады», - деді А. Баталов.

Облыс басшысы Жолдауда айтылған өңдеуші өнеркәсіп пен шикізаттық емес экспортты қолдауға қарастырылатын 1 трлн. теңге көлеміндегі қосымша қаржы кәсіпорындардың экспортты ұлғайтып, импорталмасумен айналысуларына мүмкіндік беретінін де атап өтті.

Амандық Баталовтың айтуынша, туу көрсеткішінің өсуі, яғни бір жылда туған балалар санының 50 мыңға жетуі және ішкі көші-қон есебінен оқушылар саны жыл сайын 20 мыңға өсіп отыр (2016ж. – 22 мың, 2017ж. – 19,6 мың, 2018ж. – 17,3 мың). Сондықтан өткен жылы үш ауысымды мектептер қатары тағы 13 мектеппен, ал биылғы жылы – 11 мектеппен толығып, қазір 34-ті құрап отыр. Оның 8-і салынып жатыр, оларды 2019 жылы іске қосу жоспарланған, қалғандары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған қосымша бөлінген 50 млрд. теңгеге кезең-кезеңімен салынатын болады.

Сондай-ақ,  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыс аумағында әлемдік стандарттар талаптарына сай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» (304 км), «Алматы-Талдықорған» (260 км) жолдары салынды. Жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысы мен жөндеуіне жыл сайын 30 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

« «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биылғы жылы Алматы облысында жалпы алаңы 34,3 мың шаршы м. болатын 72 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыста барлығы 706 мың шаршы м. тұрғын үй беріледі. «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 26 массив белгіленді, онда жалпы алаңы  4,1 млн. шаршы м. болатын 2606 тұрғын үй салу жоспарланған. Бастапқы жарнасын төмендету үшін жыл сайын медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд. теңгеден бөлу жоспарланып отыр», - деді әкім.

Айта кетейік, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың 2025 жылға дейін созылуы орталықтандырылған су жүйесімен 100 % қамтуға, жолдардың сапасын 77%-тен 90% жақсартуға, 1 адамның тұрғын үймен қамтылуын 26 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика