Инновациялар

Индустрия: Елордада ашылған цифрлық жобалар

Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды. Оның ішінде 3 ірі жоба Астанада іске қосылды. Цифрландыру бойынша жүзеге асырылған жобалар қызметті қаншалықты оңтайландыратыны жөнінде келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан12 Желтоксан , 10:59

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  жүк әуе тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент-орталық қағазсыз құжат айналым ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін іске қосты. Сондай-ақ, Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон станциясын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты іске қосылды.

Астанамен қатар Алматы және Ақтөбе қалаларында   ашылған  фулфилмент-орталықтары  Қазақстан аумағында электрондық коммерцияны дамытуға бағытталған жобалар қатарына қосылады.

Интернет-дүкендерге тапсырысты ресімдеу, сәлемдемелерді сақтау, өңдеу және сатып алушыларға жеткізу бойынша қызметтер кешенін көрсететін орталықтардың жобалық қуаттылығы жылына 8 млн. сәлемдеме.

Күтілетін экономикалық нәтижесі – жылына 3,6 млрд теңге. Бүгінде Алматы мен Астанадағы фулфилмент-орталықтарында 50-ден астам интернет-дүкенге қызмет көрсетіледі.

Олар логистикаға, қойма жалдауға, персонал жалдауға жұмсалатын өз шығындарын және басқа да шығындарды азайтты, сондай-ақ фулфилмент-орталықтарына тауарларды орналастыру арқылы жеткізу мерзімдерін қысқартты.

Сонымен қатар 2017 жылы Қазпошта пошта жөнелтілімдерін сұрыптауға арналған автоматтандырылған желіні іске қосты, оның қуаттылығы тәулігіне 120 мың сәлемдемеге дейін жетеді. 2018 жылы электрондық коммерция орталықтарында шамамен 2 000 шағын және орта бизнес өкілі оқыды.

Электрондық коммерция нарығында 42 мың жұмыс орны құрылды. Осылайша, елімізде электрондық сауданы дамытуға арналған инфрақұрылым толықтай қалыптасты.

Сондай-ақ Елбасына ауылдық елді мекен тұрғындары үшін әзірленген «әмбебап агент» таныстырылды. Бұл кабинадан Қазпошта клиенттері пошта байланысы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласында және ХҚКО-да онлайн режимде қызметтер ала алады.  

Көрмеде көрсетілген дрондар шалғайдағы елді мекендерге мерзімді баспа басылымдарын жеткізуге арналған. Робот-пошташы – салмағы 20 килограмға дейінгі жүктерді жеткізетін мобильді робот, ол «соңғы миля» мәселесін шешеді.

Pepper робот-консультант Робополис аумағындағы Робопост офисінде консультант ретінде пайдаланылады. Биометрия жүйесінің арқасында Pepper келушілерді сәйкестендіре алады және оларға Қазпошта қызметтері мен сервистері бойынша кеңес береді.

Ал  тағы бір іске қосылған жоба  «Digital System Servis» ЖШС жобасының  бірегейлігі  - схемалық техника мен бағдарламалық шешімдерден өндірістің толық цикліне дейінгі өнімдердің барлығы компанияның әзірлемесі.

Бұл өнімнің шетелдік баламаларға бәсекеге түсуіне мүмкіндік берді.

«Қазақстандық әзірлемелер біз өндіретін жабдықтың аппараттық және бағдарламалық бөлігі өндірістің негізі болды. Барлық әзірлемелер авторлық құқықпен, патентпен, куәліктермен қорғалған. Жергілікті қамтудың үлесі 50% - дан асады»,- дейді  «Digital System Servis» ЖШС бас директоры Марат Мұсабеков.

Зауыт өнімдері жақын және алыс шетелдерге экспортқа шығарылатын болады. Жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын жоба «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында  жүзеге асырылуда. Зауыт пайдалануға берілген кезде 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. 

Компания сонымен қатар сыртқы Әзірбайжан, Иран, Ресей және Өзбекстан сияқты елдердің нарығына да шығады.

Сондай-ақ, жалпыұлттық телекөпір барысында «ҚазТрансОйл» АҚ «Астана» бас диспетчерлік басқармасы жұмысын іске қосылды.

«ҚазТрансОйл» компаниясы да  жаһандық цифрландыру трендінен тыс қалмады.

«Біз Қазақстандағы мұнай тасымалын басқарудағы digital-жүйесін құрдық. Бұл бағытта компанияның барлық процестерін түбегейлі өзгерттік. Сандық технологияның соңғы нүктесіне 2018 жылы жеттік. Бүгінде бас диспетчерлік басқармасы (БДБ) ҚазТрансОйлдың сандық экожүйесінің іргетасы болып табылады . Онлайн режимде БДБ мұнайды қабылдайды және өткізеді, шикізатты қазақстандық төрт мұнай өңдеу зауытына жеткізеді сондай-ақ, Ақтаудағы мұнай құятын порты арқылы сыртқы нарыққа шығарады», - деп атап өтті Басқарма төрағасы Димаш Досанов.

БДБ «Астана» - ұзақтығы 5,4 мың шақырым болатын «ҚазТрансОйл» АҚ магистарльды құбыры арқылы мұнай тасымалын автоматтандырылған және интеграцияланған бақылайтын және қадағалайтын жүйе. Жобаның жалпы құны - 2.6 млрд теңгені құрайды.

Сандық жоба, технологиялық процестің өндірістік қауіпсіздігін арттырып, апат болған жағдайдың өзінде тәуекелді азайтып, өндіріс жұмысын тоқтатуға тосқауыл болады.

Айта кетейік,  Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн. теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн. теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілді. Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары барлығы 6,6 трлн. теңгеден астам соманың  1 148 жобасы іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010 – 2014 жылдар) Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн. теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика