Энергетика

2019 жылы тарифтер қалай өзгереді

Бүгінгі күні жылумен, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау саласындағы 40 монополист бойынша тарифтердi 28,8 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды. Атқарылған шаралар ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың 13 қарашадағы хаттамалық тапсырмасы шеңберінде бірқатар қызметтерге тарифтерді төмендету бойынша егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспарын талқылау барысында белгілі болды.
Астана қаласы10 Желтоксан , 17:22

Ұлттык экономика Вице-министрі Серік Жұманғарин тарифтерді төмендету жөніндегі шаралар туралы айтып берді. 

«Бүгінгі күні жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау саласындағы 40 монополист бойынша тарифтердi 28,8 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды.Сонымен қатар, жыл соңына дейін жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және газды тасымалдау саласындағы 15 монополист бойынша тарифтерді 2,7 млрд. теңгеге төмендету күтілуде», - деді С.Жұманғарин.

Вице-министр еліміздің қай өңірінде қандай салаларында тарифтер төмендетілетіні туралы жақын арада хабарланатынын айтты.

«Монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару максатында монополисттерге қатысты 53 жоспардан тыс тексерулер ашылды. Оған  жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру,  электр энергиясын тарату және электрмен жабдықтау, газды тасымалдау  жұмыстары жатады», - деді ол.

С.Жұманғарин  осы бойынша  қазіргі уақытта 53 тексерудің 26 аяқталғанын айтты.

«7 тексеру бойынша жалпы сомасы 9,8 млн. теңгеге заңнаманы бұзушылықтар анықталды.Көтерме бағаларын төмендету кезінде, Ұлттық экономика министрлігі соңғы тұтынушылар үшін бөлшек саудадағы бағаларды төмендету бойынша жұмыс жүргізетін болады», - деді С.Жұманғарин.

Өз кезегінде  Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Елбасының Жолдауында тапсырылған   тарифті қалыптастырудағы  ашықтық бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда «Табиғи монополияларды реттеу» заң жобасы әзірленді. Қазір ол Сенатта. Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында заң жобасына  тарифті қалыптастырудағы ашықтықты күшейту, бұқаралық, орындалуды бақылау нормалары енгізілді. Жаңа заңның қабылдануы монополия субъектілері қызметінің сапасын арттырады. Қызметтерді реттеудің сапасын арттыруға өз септігін тигізеді», - деді М.Қазбекова.

Ал  Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын  Тұяқов инетернет пен телефон байланысына қатысты тарифтердің төмендеуі туралы  түсінідіріп өтті.

«Тарифтерді төмендету бойынша 23 қарашада министрлікте барлық операторларды шақырып отырыс өткіздік. Жиын барысында байланыс операторлары әлеуметтік тариф жасайтын мүмкіндіктердің бар екенін айтты. Ол барлық абонементтер мен әлеуметтік аз қамтылған санатқа  бірдей қатысты болмақ. Барлық операторлар бойынша сараптама жүргіздік. Мәселен, «Қазақтелеком»  2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап әлеуметтік тарифті енгізеді. Бұл әрекеттегі тарифтен  5 пайызға  төмен болып отыр», - деді Д.Тұяқов.

Вице-министр айтып өткендей, «Кар-Тел»  желі операторы  әлеуметтік  тарифтік жоспар бойынша қызметтердің құнын  50 пайызға дейін арзандатынын айтқан.

«Қазіргі таңда министрлік желі операторлары бойынша сұрақтарды шешіп жатыр. Қазір кейбір операторлар өздерінің ұсыныстарын жеткізген жоқ. Жақын арада барлық ұсыныстарды айтатын боламыз», - деді Д.Тұяқов.

Ал ТКШ саласына  халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициясын тарту бойынша көшбасшы  болып табылатын  ЕҚДБ өкілі Григорий Савва коммуналдық салада  12 қалада  22 жоба  350 млн  еуроға  қаржыландырылғанын жеткізді.

«Біз үшін тарифтердің қолжетімділігі басымдыққа ие. Біз инвестиция тартумен қатар халыққа қолжетімді болу маңыздылығын теңдікте ұстаймыз. Тарифтерді ұзақмерзімге төмендету үшін кәсіпкерліктердің тиімділігін арттырып, олардың шығынын азайту қажет», - деді ол.

 Григорий Савваның айтуынша, тарифтер ең алдымен әлеуметтік аз қамтылған тұлғаларға қолжетімді болуы тиіс.

«Тұрмыстық көмек көрсететін жүйенің дұрыс жұмыс істеуі  өте маңызды. Осы орайда біз Үкіметпен бірігіп жұмыс істейміз. Мекен-жайлық көмек көрсетуді тиімді ету  жобасын келесі жылы жүзеге асыруды көздеп отырмыз», - деді ол.

Облыс әкімдіктерінің  ақпаратына сәйкес, биылдың  желтоқсанында ПИК, автобус, троллейбус пен трамвай тасымалдау, қоқысты шығару мен лифт кызметтеріне тарифтердің  төмендеуі Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Казакстан мен Түркістан облыстарында болады.

Айта кетейік, шараға  орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың кұкыктарын қорғау комитетінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика