Өңірлер

Жолдауды жүзеге асыру: Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың, өңірде Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен мемлекеттік әрі салалық бағдарламалардың іске асырылу қорытындысын қарады.
Нұр-Сұлтан29 Қазан , 11:10

Бақытжан Сағынтаев  Алматы облысының кәсіпкерлер қауымымен кездесуі барысында өңірлік бизнесмендер Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру »Жолдауында айтылған бастамаларына қолдау білдірді.

Бірқатар компаниялардың басшылары қызметкерлерінің жалақысының ең төменгі мөлшерін көтеру туралы шешім қабылдағандарын жеткізді.Олардың ішінде «Алматы бояулары» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС бар.

«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Римма Салықова компанияның биылғы қараша айынан бастап жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге ниетті екенін жеткізді. Бұл кәсіпорны 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді, жол белгілері үшін лак-бояу заттары мен жол жөндеу үшін материалдар шығарады.

«Компанияның қалыптасуында мемлекеттік қолдаудың рөлі зор болды. Біз "Бизнестің жол картасы" бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі болдық, зауытты жаңғыртуға несие алдық, соның есебінен жаңа жабдықтар сатып алып, жұмыс орындарын құрдық. Қазір бізде 160 жұмыскер жұмыс істейді», — деді Р. Салықова.

Сонымен қатар ол компания басшылығы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге және адам капиталын дамытуға қаражат салуға ерекше көңіл бөлетінін айтты.

«Біз үнемі өз жұмыскерлеріміздің жалақысын көтеріп отыруға тырысамыз. Бүгінгі таңда біз барлық жұмыскерлеріміздің жалақысын 50%-ға көтердік. Еңбекақыны тағы көтеру керек деп шештік, өйткені халықтың әл-ауқатын шынымен де арттыру керек. Біз жалақыны тағы 15%-ға көтеруді шештік. Барлық кәсіподақтар мен белсенді қауымдастықтар аудандарға барып, әкімдермен, кәсіпкерлермен кездесіп, бұл мәселені талқылауы керек деп ойлаймын. Әрі, мемлекеттің көмегі бар, мысалы, бизнесті қолдау ретінде салық амнистиясы. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Бұл міндет барлық кәсіпорындардың басшыларының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын», — деді Римма Салықова.

Бұл орайда ол кәсіпорындағы ең төменгі жалақы бүгінгі таңда 76 мың теңгені құрап отырғанын айтты. Қараша айында еңбекақы тағы 15%-ға артады. Бұған қажетті қаражат компания бюджетінде қарастырылып қойылған.

Өз кезегінде «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасанов та Президенттің ең төменгі еңбекақыны арттыру туралы шешіміне қолдау білдіретінін жеткізді.

«Жолдауда қосымша қаражат бөлу арқылы "Бизнестің жол картасы" бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы өңірдің бизнес қауымының өкілдерін ерекше қуантқан шешім болды. Отандық бизнестің дамуына жыл сайын 30 млрд теңге қарастыру мультипликативті әлеуметтік-экономикалық әсер беретіні сөзсіз. Бұл бізге берілген жаңа мүмкіндік. Біз Бағдарламаның мемлекеттік қолдау құралдарын алуға қатысуды және мүмкіндік болған жағдайда оның жобасын әзірлеуге белсенді түрде араласуды жоспарлап жүрген кәсіпорындардың біріміз», — деді З. Гасанов.

Зиятхан Гасанов өз кәсіпорнындағы еңбекақы мөлшерлері туралы айтып берді: ең төменгі еңбекақы — 120 мың теңгені құрайды, орташа жалақы — 353 мың тг. Сонымен қатар, кәсіпорында Президент Жолдауына қолдау білдіру аясында еңбекақы мөлшерін қосымша арттыру туралы шешім қабылданған.

Бұдан өзге, өңірдің кәсіпкерлер қауымынан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиев сөз сөйледі. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге мамандандырылған. Оның айтуынша, өнімдердің 63% Орталық Азия, Қытай және Ресей нарықтарына экспортталады.

«Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы бірінші тармақ халық табысын өсіруге арналған. Облыс әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осыған орай, біздің компания 1 желтоқсаннан бастап еңбекақы мөлшерін ұлғайтады. Бүгінгі таңда бізде 1200 адам жұмыс істейді – бұл негізінен ауылдық елді мекендердің тұрғындары. Орташа жалақы мөлшері қазіргі таңда 114 мың теңгені құрайды, ең төменгісі – 68 мың. Жалпы алғанда компания тобы бойынша еңбекақы 1,5%-ға өседі, бұл 311 қызметкерге қатысты. Осылайша, осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап орташа еңбекақы 127 мың тг дейін, ал төменгісі 80 мың тг дейін өседі», — деп З. Кузиев, еңбекақының өсуі компания табысы есебінен жүзеге асырылатынын айтты.

Сөзінің соңында Зәкіржан Кузиев бизнестің басқа өкілдері де Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, өздерінің қызметкерлеріне мүмкіндігінше еңбекақы мөлшерін ұлғайтатынынаа сенім білдірді.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын орындау мәселелері бойынша өңірдің кәсіпкерлер қауымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында шағын және орта бизнесті субсидиялау, «салықтық амнистиясын» жүргізу, қарапайым заттар экономикасын дамыту, сондай-ақ экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды, әсіресе өңдеу өнеркәсібінде мемлекеттік қолдау шаралары қаралды.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың 1 ақпанынан бастап шағын және орта бизнеске арналған «салық амнистиясын» жүргізуді бастау тапсырылды. Бүгінде 66 933 орта және шағын бизнес субъектілерінің 01.01.2018 дейін жиналған және осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өтелмеген 152,8 млрд теңге қарызы бар. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін 80,3 млрд теңге негізгі қарызды өтеген жағдайда 59,5 млрд теңге өсімақы мен 13 млрд теңге айыппұлды (72,5 млрд теңге өсімақы + айыппұлдар) есептен шығару жұмысын жүргізеді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президент Жолдауында кәсіпкерлерді қолдауға аса мән берілгенін атап өтті. Бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бизнесті қолдаудың негізгі құралы болып отыр. Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Елбасы аталмыш бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа жыл сайын қосымша 30 млрд теңге бөлінбек.

Бағдарлама аясында республика бойынша 19 мыңнан астам бизнес субъектісіне 406 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Алматы облысының 1200-ден астам кәсіпкері 43 млрд теңгеге қаржылай көмек алған. Бұдан өзге, Бағдарлама аясында Алматы облысының 37 мыңнан астам кәсіпкері оқытылып, оларға сервистік қызмет көрсетілген.

Бағдарлама қатысушыларын қолдағанның арқасында Алматы облысының кәсіпкерлері 89 млрд теңгеге өнім шығарып, 23 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, сақтап қалды. 89 млрд теңге салық төленді.

2019–2021 жылдары өңдеу өнеркәсібі және шикізаттық емес экспорт салаларын дамыту мақсатында Президент Жолдауы аясында қосымша 500 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, индустриялық жобаларды несиелендіруге кемінде 600 млрд теңге қарастырылады.

Б. Сағынтаев мемлекет тарапынан жүйелі түрде кәсіпкерлерге көрсетіліп келе жатқан қолдаумен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту және заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстардың да жүргізіліп жатқанын атап өтті. Шағын және орта бизнеске арналған «салықтық амнистиясы» туралы сөз қозғаған Премьер-Министр бизнес өкілдерін экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, оның ішінде бизнесті дамытудың тұрақты көздерін қалыптастыру, жеке инвестицияларды және нарықтық еркіндікті ынталандыру, 2025 жылға дейін БЖК мембағдарламасын одан әрі іске асыру туралы баяндады.  Оның айтуынша, Алматы облысы БЖК–2020 бағдарламасын жүзеге асыруда жетекші орын алады. Жергілікті бюджет құрылымында шағын және орта бизнес үлесі 53%-ды құрап отыр.

Сондай-ақ, кеңес барысында облыстың кәсіпкерлер қауымының өкілдері сөз сөйледі. «Текелі тау-кен өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Б. Шалбаев өңдеу секторы кәсіпорнына инновациялық технологияларды ендіру туралы айтып берді. Компания жаңа технология бойынша кез келген өңделмеген, құрамында темірі бар материалды өңдеуді көздеп отыр, бұл бірден дайын өнімнің құнын төмендетеді. Оның айтуынша, жаңа өндіріс өңірдің металлургия саласын дамытуға серпін беріп, оның экономикалық әлеуетін кеңінен ашуға жол ашады.

«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Р. Салықова БЖК–2020 аясында ұсынылған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бизнесті дамыту тәжірибесімен бөлісіп, Президенттің ең төменгі еңбекақы мөлшерін көтеру туралы бастамасына қолдау білдірді.  

«Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры З. Гасанов, өз кезегінде, компанияның «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мемлекеттік қолдау құралдарын алуға қатысуға мүдделі екенін жеткізді.

«Биылғы Жолдауда қосымша қаражат бөлу арқылы "Бизнестің жол картасы" бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы өңірдің бизнес қауымының өкілдерін ерекше қуантқан шешім болды. Отандық бизнестің дамуына жыл сайын 30 млрд теңге қарастыру мультипликативті әлеуметтік-экономикалық әсер беретіні сөзсіз. Бұл бізге берілген жаңа мүмкіндік. Біз оған қатысуды жоспарлап жүрген кәсіпорындардың біріміз», — деді З. Гасанов.

«Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиевтің айтуынша, оның кәсіпорны мемлекеттік қолдаудың құралдарын жан-жақты пайдалану есебінен соңғы бес жылда жүгеру өңдеу көлемін жылына 10 мыңнан 120 мың тоннаға дейін өсірді.

«Қазіргі таңда кәсіпорын жүгері дәнін терең өңдеу есебінен 27 өнім түрін алады. Сыртқы нарықтарда крахмал, сірне, глюкоза–фруктоза шырыны және т.б. үлкен сұранысқа ие. Бірінші кезекте, біз ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеміз, қалған өнім ҚХР-ге және Орталық Азия елдеріне экспортталады», — деді Зәкіржан Кузиев.

Оның айтуынша, бұның барлығына өңірлік даму институттарының кең ауқымды қаржылық құралдарының арқасында қол жеткізілді. Олардың несиелік портфелі қазіргі таңда 4 млрд тг асады.

«Аlina» компаниялар тобының президенті Е. Балфанбаев құрылыс бизнесін дамыту туралы айтып берді. «Kagazy Recycling» ЖШС бас директоры В. Горобцова өз сөзінде өңірде өңдеу саласын дамыту келешегіне тоқталды. Аталған мәселелер бойынша ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек түсініктеме беріп өтті.

Сондай-ақ, Ұйғыр ауданының су пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы А. Имиров ішкі туризмді дамыту мәселесін қозғады.

«Біздің облыста туризм дамудың жаңа деңгейіне жетіп, әлемдік туризм индустриясына жылдам қарқынмен интеграциялануда. Бұл еліміздегі бизнесті қолдау шараларының арқасында орындалып жатыр. Бұған мысал ретінде Мемлекет басшысының жақында Алакөл көлінің жағалауына жасаған сапарының қорытындысын айтуға болады, онда өңірдің туристік инфрақұрылымын одан әрі дамытудың негізгі мәселелері талқыланды», — деп А. Имиров, Елбасыныің тапсырмаларын табысты іске асыру тек Алакөлдің емес, сондай-ақ, облыстың басқа да туризм нысандарының әлеуетін арттыратынын атап өтті.

Айта кету керек, бірқатар ірі өңірлік кәсіпорындардың өкілдері Қазақстан Президентінің Жолдауын қолдау белгісі ретінде өздерінің қызметкерлеріне еңбекақыны көтеретіндерін мәлімдеді.

 




Яндекс.Метрика