АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Бірыңғай аграрлық салық енгізу тиімді ұсыныс – пікір

Astana AgroForum-ның алғашқы күні бірыңғай аграрлық салық енгізу ұсынысы айтылған болатын. Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл бұл ұсыныс өте тиімді екенін жеткізді. АӨК саласы мен ауылдарды қалай дамыту туралы ұсыныстарды келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан25 Қазан , 15:43

Маңғыстау облысы  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Серік Қалдығұл  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында   АӨК-ні дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.  

«Еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту мен экспортын арттыру туралы айтылды. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыру  тапсырылды. Ауыл шаруашылығы саласында тереңдеу үшін ғылым мен білімге көп көңіл бөлу де алға тартылды. Бұл бізге үлкен көмек деп ойлаймын. Осы бағытта бірқатар жобалар  басталып кеткен. Әкімдік ұсыныстарын беріп жатыр», - деді С.Қалдығұл.

Басқарма басшысының айтуынша, ұсынылған  жобалар  ендігі жылдан бастап жүзеге асырылады.

«Ауыл шаруашылығындағы ғылымды дамыту үшін шетелден ғалымдарды тарту мәселесі де өзекті болып отыр. Әсіресе, біздің Маңғыстау өңірінде  жерді, өсімдіктерді алдын ала зерттеп, болжайтын  ғылыми институттар жоқтың қасы. Сондықтан да, үкіметтен қаражат бөліп, ғалымдарды шақыру қажет деп ойлаймын. Жердің құнарлығын лабораториялар арқылы анықтайын десек, бізде жоғары білікті кәсіби мамандар жетіспей жатады. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары оларды өздерінің қаражатына шақыра алмайды. Сондықтан, орталықтандырылған жоба қажет. Айталық, Маңғыстау облысындағы   ғылыми жобаларға ғалымдар қажет. Біздің  жақтан шетелдік ғалымдардың өкілдіктері ашылса да, құба-құп болар еді», - деді С.Қалдығұл.

Сондай-ақ, екі күнге созылған  Astana AgroForum –ның бірінші күні модератор болған  Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан  бірыңғай аграрлық  салық енгізу және ҚР азаматтары үшін ғана жерді жалға беру жөнінде арнайы  институт құру туралы ұсыныс айтқан болатын.  Басқарма басшысы бұл ұсынысқа қатысты өз пікірін білдірді.  

«Бірыңғай аграрлық салық енгізуді тиімді деп есептеймін. Бізде бір  шаруашылықтың өзінде миллион гектар жер бар. Салық төлемеген соң, не басқа пайдаланбайды не өзі тиімді  пайдаланбайды.  Бірыңғай салық енгізілсе, ол өзі үшін жұмыс істейтін болады», - деді С.Қалдығұл.

Сонымен қатар, ол ҚР азаматтары үшін ғана жерді жалға беру жөнінде арнайы  институт құру жақсы идея екенін жеткізді. Себебі, жерді жалға беру бір жерден басқарылса, ол өте тиімді болар еді.

«Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президентi Әуезхан Даринов жер мәселесіне қатысты М.Тайжанның ұсыныстары ұнағанын жеткізді.

«Шынайы, ашық ойды жеткізетін алаң  бар. Енді айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға көңіл бөлуіміз керек. Осы пікірлер айтылған кезде  жұмыс пен қаржы беретін ұйымдар болған жоқ, банктер мен министрліктер  өкінішке қарай елең етпеді», - деді ол.

Ә. Дариновтың айтуынша, 2009 жылдан бері ол барлық облыстарды аралап шыққан.

«Облыс  өкілдері осы жерде отыр. Біздің қандай жұмыс жасап жатқанымызды олар жақсы біледі. Әрине, кемшіліктер бар.  5-6 жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдарды жиналыстарға жібермейтін. Соңғы жылдары реформалардың нәтижесінде жағдай өзгерді», - деді РҚБ басшысы.

Ол Қазақстанда неге жұмыстың жақсы жүрмей отырғанын айтты.

«Қазақстандықтарға не жетпейді? Жер жеткілікті. Әлем бойынша 9-шы орындамыз. Алтынға да баймыз. Менделеев кестесінің барлық элементі бар. Бұл жерде кадрлық түсініспеушілік, ретсіздік бар.  Статистика көрсетілді, ауылдан кетіп жатыр. Сол үшін ауылда құрылыс жасау керектігін айтқан болатынмын. Ауылдарда көп  нысан салуға болатын еді, алайда олай болмай отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, ең алдымен кадрлық мәселені қарастыру керек.

«Жоғарыдан бастап, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды қарастыру керек. Қандай көрсеткіш, қандай бағыт бойынша дамыту керектігін қарау керек. Екінші мәселе, Президент Жолдауында ауылға көңіл бөлу керектігін ерекше атады. Ауылдарда инфрақұрылым мен құрылысты дамыту керек. Тек қана, тұрғын үй емес, жолдарды жөндеу керек. Ауылдан адамдар не себепті кетеді?  Мысалы, қалада үйірмелер бар. Ал, ауылда үйірме де, түк жоқ. Сондықтан да, адамдар ондай жерде тұрғысы келмейді. Инфрақұрылым болу керек. Кадрлар дайындау керек», - деді Әуезхан Даринов.

 Оның пікірінше,  «Қазақстан фермерлер одағы», тағы өзге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдіктері әр облыс пен ауылда болу керек. Олар мемлекет тарапынан қаржыландырылуы керек.

« Осы саясатты қарапайым адамдарға жеткізу керек. Ауылда ешкім ештеңе білмейді», - деді ол.

Айта кетейік,  2017 жылы 49 790 адам ауылдардан көшіп кеткен. Бұл ресми статистика болып саналады. Ауылдардағы өмір сүру сапасын арттыру бойынша Елбасы Жолдауындағы «Ауыл-ел бесігі» жобасы «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылады.

Аягөз Құрмаш 

 

 




Яндекс.Метрика