ҚР Президентінің Жолдауы

Сенаторлар Елбасы Жолдауын өңірлерде түсіндіріп жатыр

Жаңадан сайланған сенаторлар Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров Шымкентте халықпен алғашқы кездесулерін өткізді. Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген сенаторлар Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жан-жақты талқылады. Ал, сенатор В. Волков Алматы облысында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нұр-Сұлтан19 Қазан , 17:02

Д.Сатыбалды Елбасының Жолдауда білім саласына баса назар аударылғанын атап өтті. Алдағы уақытта Шымкентте заманауи үлгідегі мектептер салынатын болады.

«Бізде мектеп жетіспейді, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Елбасы осыны қадап айтты. Ендігі жерде мектеп құрылыстарына қаражат бөлінетін болады», - деді сенатор.

Депутат «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімді болғанын айта келіп, «дегенмен, кәсіпкерлер әлі де қолдауды қажет етеді. Осы мәселені Үкімет қарауына енгізуді жөн санаймыз», - деді. Кездесуге қатысушылар Елбасының әлеуметтік бастамаларын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Сапар барысында депутаттар Елбасының Жолдауы талқыланған аудан басшыларының жиналысына да қатысты. Мұнда өңірдің көкейкесті мәселелері көтеріліп, оны дамыту туралы айтылды.

Сенаторлар сондай-ақ Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының студенттерімен де кездесті.

«Президент алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды тапсырды. Демек, жастарға үлкен қолдау жасалатын болады», - деді Д.Сатыбалды.

Кездесуде қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар қатарында жастар арасындағы кәсіпкерлік, студенттерге арналған жатақхана салу және талантты жастарды қолдау мәселелері болды. 

Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа түсіндіру жұмыстары аясында жұмыс бабындағы сапармен Алматы облысындағы Қарасай ауданында болды.

Сенатор Қарасай ауданынның активімен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында мемлекеттік органдар алдына қойылған негізгі міндеттерді іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесуде аймақтағы азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы айтылды.

Сенатор Қарасай аудандық сотында сала қызметкерлерімен де кездесу өткізді. Жүздесуге қатысушылар көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, сот үдерістерін өткізуді оңайлату және сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде  Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Түркістан облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. Сенатор сапар барысында Түркістан облысындағы Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Қазығұрт және Отырар аудандарының активімен және тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесулерде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңызына мән берілді.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар өздері тұратын елді мекендерінде орын алып отырған түйткілді мәселелерді ортаға салып, ой бөлісті. Тұрғындардың сұрақтарына тиянақты жауап берген халық қалаулысы Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда әр азаматтың үлесі болуы керектігін атап өтті.




Яндекс.Метрика