Қалаларға шоғырлану

Урбанизация: ауыл қаланы асырай ма, әлде?..

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-аухатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын жолдауында назар аударылған маңызды бағыттардың бірі¬- урбанизация мәселесі еді. Өйткені, БҰҰ деректері бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы 600 ірі қалаға тиеселі болатыны туралы болжам айтылған. Демек, Қазақстан билігі елдің бұл процестен тыс қалмайтынын ескере келе, басқарылатын урбанизацияға назар аудармақ. Ауылдан ірі қалаларға көшкендер ел экономикасына үлес қоса ала ма, әлде өз жанын өзі зорға баға ма? Жалпы, ауыл санын арттыру қаншалықты тиімді? Әлеуметтанушы Амангелді Құрметтің сараптамасына көз жүгіртіңіз.
Нұр-Сұлтан19 Қазан , 12:18

Президент өз Жолдауында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 30 пайыздан астамын Алматы мен  Астана  қалалары қамтамасыз ететінін атап өткен болатын.  Сонымен қатар, Үкіметке  2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын» әзірлеуді тапсырды. Осылайша  Мемлекет басшысы Қазақстандағы урбанизация  процесінің бақылаусыз кетпеуі  қажет екендігін аңғартты. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы урбанизация процесінің сипаты мен өзіндік ерекшеліктерін зерттеудің қажеттілігін туындатып отыр.

 Әдетте халықтың  урбанизация  процесіне қатысуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды  көрсеткіштерінің  бірі болып саналады.  Классикалық үлгідегі урбанизация  қалалардың  экономикалық, саяси, мәдени рөлінің  ауылдық жерлерге қарағанда  әлдеқайда тез өсуінің нәтижесінде  қала тұрғындары санының  өсуімен тікелей байланысты болады. Бүгінгі  таңда көптеген мемлекеттердің экономикалық әлеуеті артқан сайын аталған елдер тұрғындарының  урбанизация процесіне қатысуы да  тұрақты түрде өсіп келеді. Әлемде, жалпы ішкі өнім көлемі кейбір мемлекеттердің ЖІӨ-нен асып түсетін ірі мегаполистер  бар. Айталық, Токионың ЖІӨ-і Испанияның, Лондонның ЖІӨ-і Швецияның  жалпы ішкі өнімінен  асып түседі. Демек,  қалалардың  экономикалық, саяси және мәдени әлеуеті артқан сайын урбанизация процесі де қарқынды жүруі керек. Алайда,  урбанизация  процесі Қазақстанда тым қарқынды емес. Мәселен, 2007 жылы Қазақстан халқының 42,63 пайызы ауылдық жерлерде тұрса, 2018 жылы бұл көрсеткіш  42,4 пайызды құраған. Әрине, 2007 жылы  Қазақстан халқының саны да төмен  болғанын ескеру  керек. Алайда,  он бір  жылдың ішінде демографиялық   көрсеткіш  біршама жақсарғанымен,  урбанизация процесі  тым жоғары деуге келмейді. Он жыл ішінде ауыл тұрғындарының саны 0,2 пайызға ғана  төмендеген.  Бірақ,  мұның өзін   «төмендеді» деп шартты түрде атауға болады.  Өйткені,  демографиялық ахуал жақсарған сайын  ауыл халқының да саны өсті. Тек ел тұрғындарының жалпы үлесіндегі мөлшері ғана азайып отыр.  Демек,  урнабизация  процесі  алдағы 5-10 жылда экономикаға айтарлықтай әсер  ететін деңгейде  болмауы да мүмкін. Бұл өз кезегінде  біздегі урбанизацияның   ұзақ  мерізімге  созылып кетуі мүмкін екендігін байқатады. Төмендегі кестеге қараңыз:

Ауыл және қала тұрғындарының үлесі:

Жылдар: 2007    2008       2009  2010  2011      2012   2013    2014    2015    2016    2017    2018

Қала :      57,37   53,08   54,19   54,44   54,69   55,4     54,87   54,95   56,48   56,81    57,19   57,6

Ауыл:     42,63   46,92   45,81   45,56   44,31   44,6     45,13   45,05   43,52   43,19    42,81   42,4

Қазақстанда ауыл тұрғындарының  саны 7 облыста әлі де өсіп келеді.  Ауыл тұрғындарының саны  өсіп келе жатқан аймақтардың көшін Түркістан  облысы  бастап тұр. Өткен  жылы бұл облыстағы ауыл тұрғындарының саны 5,2 мың адамға өскен. Одан кейінгі орында -  Алматы облысында ауыл тұрғындары 4,9 мыңға, Маңғыстауда 2,6 мыңға өсіпті.  Ал қала тұрғындарының  саны 1,7% өссе, ауыл тұрғындары 0,8% артқан. Яғни,  қалай болғанда да  қала халқы өсіп келеді.  Бірақ, бұл өсім қала халқының туу  көрсеткіші өскенін  білдірмейді, керісінше  ауылдан қалаларға келушілердің есебінен өсіп отырған тәрізді. Өйткені, қалай болғанда да  қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы,  жұмыс табу мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан,  қалаға келушілер қатары мол.  Дегенмен,  халықтың  дүниетанымы тұрғысынан  қарастырар болсақ,  әлі де болса ауылмен байланысты  үзбеуді   көздейтіндердің қатары мол. Әлеуметтанушы  Бектай Ормановтың пікіріне қарағанда,  көпбалалы  отбасылардың қаламен байланысының өзіндік формуласы қалыптасқанға ұқсайды. Әсіресе,  мұндай үрдіс халық тығыз қоныстанған оңтүстік  аймақтарда  жиі байқалады.

Бектай Орманов, әлеуметтанушы:

«Оңтүстіктің ауылдарында орташа бір жанұяда 3-4 бала болса соның 1-2 ғана қолда қалып, қалғандары ірі қалаларға жұмыс іздеп кетеді. Бірақ одан ауылдарда xалық саны айтарлықтай азайып жатқан жоқ. Ауыл тұрғындарының туу  көрсеткіші әлі де болса жоғары. Әрине, мен  басқа облыстар жайлы айта алмаймын. Тек өзіміз  зерттеулер  жүргізіп отырған Түркістан облысы тұрғысынан  қарастырып отырмыз. Дегенмен, Шымкенттің республикалық мәртебесі бар қалаға  айналуы  осы өңірдегі урбанизация  процесіне  айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Соның өзінде біздің қоғамда  туыстық қатынастың  жоғары   тұратынын ескеру керек».

Урбанизация мәселесіне келгенде қалалардың  тұрғын санының өсуіне  байланысты пайда болатын  түрлі мәселелерді шешу қабілетіне назар аудармауға  болмайды. Президент өз жолдауында  бұл мәселені «Қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді», - деп ашық айтты.  Бұл өз кезегінде біздің қалаларда «жатақ аудандарының» қалыптасуына  жол бермеу керектігін көрсетеді. Бүгінгі таңда әлем бойынша қалалардың  жарлы-жақыбай мен әлеуметтік әлсіз топтар  жиналған аудандарында  шамамен 1 миллиард адам өмір сүріп жатыр екен.  Эколог, футуролог  Стюард Брэнд  жатақтар  саны  алдағы жылдарда екі  миллиардқа жететінін  жазады. Яғни,  урбанизация  процесіне қатысушылардың  осы тобы  кейін қалаларда  түрлі мәселелердің  туындауына  себепкер болуы мүмкін. Демек, Қазақстан жағдайында ірі қалаларда «жатақ аудандардың»  пайда болуы мүмкіндігі  назардан тыс  қалмауы тиіс. Әсіресе,  Алматы, Астана  және Шымкент  тәрізді  «миллионер»  қалаларда  «жатақ аудандардың» қалыптасу  мүмкіндігі  жоғары.  Осыдан  оншақты жыл бұрын  Астананың орталық базарының төңірегі  ішінара  «жатақ аудан» сипатында болған. Ең арзан пәтерлер,  көтерме жұмыспен  айналысатындар,  ұсақ-түйек қылмыс жасаушылар мен алаяқтықпен  айналысатындар көбіне  базарлардың  төңірегінде   жүретін. Қазір  жағдай өзгерді.  «Жатақтар»  орналасқан аудан абаттандырылып жатыр. Ал жатақтар қала шетіне қарай ығысты.  Егер  урбанизация  процесінде  мұндай  ерекшелік ескерілмейтін болса, оның   зардабы  демографияға да тиюі мүмкін. Қала жағалаған  отбасылар  баспаналы болып, әлеуметтік  жағдайларын  түзегенше бала туу мөлшері аз болады. Ал урбанизация   процесіне  жаңадан  қатысқан жастардың арасында отбасын құру  мөлшері де  төмендейді. Яғни,  жатақ аудандардың қалыптасуына жол бермеу  демографияға да,  білім мен біліктілікке де  әсер етеді деген  сөз.  Екіншіден,  «жатақ аудандардың» тұрғындары  электр  қуатын, ауыз суды, кабелді теледидарды,  интернетті заңсыз жолмен  жиі пайдаланатыны белгілі болып отыр. Бұл өз кезегінде экономикаға да кері әсер етеді. Дегенмен,  қалаға ағылған азаматтардың арзан жұмыс  күші екенін ескеру керек. Сонымен қатар,  олар  тұтынушылар. Бір сөзбен айтқанда  урбанизация  процесіне қатысушылардың  сыр-сипатын  біржақты бағалауға келмейді. Алайда, қалай болғанда да  «басқарылатын урбанизация»  бізге қажет болып тұр. «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын» даярлау міндеті  жүктелген құрылымдар  бұл жағдайда назарда ұстауы керек сияқты. Сондай-ақ, цифрландыру  мен ақпараттық технологиялардың даму қарқыны да урбанизация процесіне өзіндік ықпал тигізуі мүмкін екендігін жоққа  шығармаған  абзал. Егер қалалардағы өндіріс орындарында  роботтарды кеңінен пайдаланар болсақ,  жұмыс күшіне қажеттілік те азаяды. Бірқатар сарапшылар қызмет көрсету персоналдарын,  журналистерді,  даяшыларды, қолдау көрсету  қызметінің мамандарын, фармацевтерді, жүргізушілерді, жылжымайтын мүлік агенттерін,  мұғалімдерді, дәрігерлерді роботтардың алмастыруы мүмкін екендігін айтады. Яғни,  қалаға ағылған жұрт үшін де  жұмыссыз қалу қаупі  сақталады деген  сөз бұл. Сондықтан, мемлекеттің азаматтарды  баспанамен,  жұмыспен  қамту және өзге де әлеуметтік бағдарламаларын урбанизацияны басқару бағытындағы шаралардың қатарына  қосуға  болатын сияқты.

Амангелді ҚҰРМЕТ




Яндекс.Метрика