100 жаңа есім

100 жаңа есім: Арман Тосқанбаевтың идеядан бизнеске дейінгі жолы

Елімізде «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген болатын. Жобаның алғашқы кезеңіндегі жеңімпаздардың бірі жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев өз кәсібін әрі қарай қалай жетілдіріп жатқанын айтты. Қазақстандағы жас кәсіпкерлер қауымдастығы директоры Арман Тосқанбаевтың сұхбатын Strategy2050.kz АА назарларыңызға ұсынады.
Нұр-Сұлтан16 Қазан , 09:28

 - Арман Айдосұлы, қазір бір басыңызда бірнеше лауазым бар.  Жас кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі және «OTAN»  қазақстандық сағат компаниясының негізін салған кәсіпкерсіз.  Алдымен  бизнесті қалай және неше жасыңызда бастағаныңыз туралы айтып берсеңіз.

-   Мен  1991 жылдың 23 қазанында Қарағанды қаласында тудым. 2010 жылы орта мектепті тәмамдаған болатынмын. Менің кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме 10 жылдай болып қалды. Бірінші бизнесімізді мектеп қабырғасында жүргенде досымыз екеуміз бастадық. Ол кезде біз оны кәсіпкерлік ретінде қарастырмадық. Жәй, ермек болған шығар. Қолымнан келгені компьютер немесе техниканы жөндеу еді. Өзімнің мектебімде жөндедім, одан таныстарым, туыстарым шақыра бастады.  Достарымның барлығы мектеп бітіргенше «Арман компьютерщик» деп атап кетті. Осы жұмыстар мектеп қабырғасында жүргенде біраз ақша алып келді. Сол арқылы көпшілік ортасынан бөлініп шығып, 11 сынып оқып жүргенде қалада компьютерлік техника сататын өзімнің шағын дүкенімді аштым. «Валют Транзит Банк»  банкротқа ұшыраған соң олардың компьютерлерін сатып ала бастадым. Мұны ең бірінші бизнесім деп айтсам болады. 4 мың теңгеге сатып алып, оны тазалап, бағдарламасын орнатып, 20 мыңға саттым. Ал бұл ақшаға тағы 4 компьютер сатып алдым. Солай келе өз ақшамды айналымға салып, жұмыс істей бастадым. ҰБТ-дан жинаған балым – 51. Себебі менің бар ермегім — компьютер жасау, ақша табу. Содан оқуға түспеген соң  бір жыл жұмыс істедім. Бірақ бизнеспен айналысудан да шаршап кеттім. Стресс, ата-анама көмектесу, ары-бері жұмысқа жүгіру деген сияқты. Ресейге оқуға кеттім. Томск қаласында ЖОО-да оқып жүргенде, кесілген материалдарды сатумен айналыстым. Сонымен бірге «Комбинат связи» ЖШС телекоммуникациялық компаниясында жүйелік әкімші, ал кейіннен техникалық директор лауазымында жұмыс істеп көрдім. 2 курс оқып жүріп, оқудан да шаршап кеттім. Менің ол кездегі мамандығым — ұшу динамикасы және басқару саласында еді. Ол маған қызықсыз болып көрінді. Оқуға түсудегі ең басты себебім – диплом алу, бірақ диплом алған соң қандай маман боламын деген ой мүлде болған жоқ. Мақсат тек диплом алу болды.  Мені диплом алғанмен болашақта кім болам деген ой мазалай бастады. Сонда ғана мен өзімнің кәсіпкер болғым келетіндігін түсіндім.   Қазақстанға қайта келіп, бизнеспен айналыса бастадым.

-  Қазір бірнеше жобаның авторысыз.  Бизнесті жоспарламай  тұрып, идеяны қайдан аласыз?

 - Әлемде жаңа зат жоқ деп айтуға болады негізі. Барлық жаңа ескіден келген. Тіпті жаңа идея пайда болған күннің өзінде оның жүзеге асып кетуі екіталай. Идея адамның қажеттілігінен туындаса, яғни ол керек зат. Мысалы Тәуелсіздік алғалы бері елтаңба бейнеленген сағат шыққан жоқ. Ал біз мұндай зат халыққа қажет екенін байқадық.  Алғашқы «Президент» сағаты шыққан кезде 100 данасы бір айдың ішінде тарап кетті. Яғни адамдарға керек дүние. Отандық өнімге  ұраныс өте жақсы. «Отан патриоты», «Сарыарқа аруы», «Президент» және «Алланың 99 есімі» деген сағат коллекциялары бар. Көпшілігі сатылды. Енді жаңа коллекция  шығаруға тура келіп тұр. Біздің негізгі клиенттеріміз – орта табыстағы адамадар.  Біз 4-5 зауытпен жұмыс істейміз. Ресей, Еуропа, Дания бар және аукцион арқылы Швейцариядан келеді. «Президент» сағаты «AmirWatches» және «MiamiWatches» компаниясымен бірігіп,  Американың Майами қаласында жасалған. Сондай-ақ, «Идеядан бизнеске дейін» кітабым жарыққа шыққан болатын.

 -  Бір жыл бұрын «OTAN» сағатын  Елбасына сыйлағаныңызды бүкіл ел біледі . Сол сәтте қандай күй кештіңіз, есіңізге түсірсеңіз...

–  Ең бір есте қалатын қуанышты оқиға болған еді. Жастар форумына шақырту алғаннан бастап дайындалдым. Тіпті, көпшіліктің алдында сөйлейтін сөзімді шатасып қалмас үшін жаттап та алдым, бірақ дәл сол кездегідей толғаныс болады деп күтпедім. Нұрсұлтан Әбішұлына сағатты тебіреніспен тапсырдым, алайда сол мезетте қолына тағады деген ой келмеді. «Тағайын ба?» дегенде аузыма басқа сөз түспей, «Давайте» дегенді айтқаным есімде. Мемлекет басшысының қолына өзіміздің OTAN сағат компаниясының «Қазақстан» маркалы өнімі тағылғанына қуаныштымын.

 - Келесі жобаңыз, жасыл технологиялар компаниясы туралы не айтасыз?

Жаңа жасыл технология компаниясы да дәл солай қажеттіліктен туындады. Қазақстанда төрт-түлікке дайындалған жем ауыл шаруашылығындағы сұранысқа ие өнімдердің бірі. Малға да қажетті дәрумен жетіспесе, салмағы түседі, ауырады. Оның алдын-алу үшін жем дайындайтын құрылғылар қажет. Гидропондық әдісті қолдана отырып өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге болады. Ресейдің Томск қаласында оқып жүргенімде гидропондық әдіспен шөп өсіру идеясы келіп, еліміздің ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдадым. Осы ұсынысымды жетілдіру керектігі туралы берілген жауап ынталандырды. Қарағандыға қайтып келіп, әкеммен бірге осы әдісті іске асырдық. Дайын жүйені шетелден сатып алып келгеніміз жоқ. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 млн теңгеге грант ұтып, қажетті құрал-жабық сатып алдық. Гидропондық әдіс арқылы шөп өсіруді зерттеп, дәнекерлеуші құрал мен қажетті жабдықты қолдан жасап шығаруға тура келді. Гидропондық әдіс арқылы көп сатылы сөрелерде жыл бойы жемдік шөп өсіруге мүмкіндік бар. Шөптің құрамында дәрумендер, құнарлы заттар сақталады. Бір аптаның ішінде 33 келі  дәннен  165 келі  көлемінде ұзындығы 25-30 см көк шөп өсіп шығады. Сиыр сүтін қыстың күні 15 пайызға көбейтеді. Себебі, көк шөпті арпа, бидай, сұлы, қарабидай дәндерінен өсіреміз. Егер жүгері дәнін қосса, құнарлылығы жоғары сүрлем шөбі шығады. Нарықта 1 келі құрама жемнің орта бағасы 53 теңге болса, гидропоника бойынша өсірілген көк шөптің бір килограмы 8-10 теңге. Жақсы өнім алу үшін күн сәулесі түсетін немесе жарық орнатылған жылыжайда, жертөледе ауа ылғалдылығы 60% жоғары, ал ауа температурасы +18-25 градус болу керек. Қажетті жарық пен судың мөлшері де аз жұмсалады. Себебі жайылымда бағу үшін 1 мал басына 1-1,5 гектар жер керек болса, бұл әдіспен жемдеу үшін 1 мал басына 1 шаршы метр ғана қажет, әрі құнарлы көк шөп сөрелерде өсіріледі. Осылайша жауын-шашын аз түсіп, қуаңшылықтың кесірінен жем-шөпсіз қалып, мал басын көбейте алмай отыратын шаруалардың мәселесі жертөледе-ақ шешіледі. Бұл – мал бордақылауға  өте тиімді.

 -  Дәл қазір қанша жобаңыз бар. Командаңызда қанша адам  жұмыс істейді?

Жалпы, қазір  6 жоба аясында  жұмыс істеп жатырмыз. Командамда  50-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Ал, 20 адам  аутсорсингте қызмет ұсынып отыр.  Жобаларыма келсем, екеуі барлығына таныс  «Отан» сағат компаниясы мен гидропониялық жемшөпті өсіру жүйесі. Кейін тағы 3 жоба ашылды. Олар, криптовалюта сақтайтын  CERBER  «суық әмияны», өндірістік майнингті әрбір адам үшін қол жетімді етіп жүзеге асыратын  Union of Miners, дәстүрлі және тікелей егіншілік жобасы мен өндірістік сәулет макеттерін дайындау   бойынша «MAD Company» жобасы бар.

-  Біліміңізді жетілдіру  бойынша   қандай жоспарларыңыз бар?

- Келесі жылы АҚШ-қа барып, білімімді толықтыру мақсатында MBA  бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырмын.

- Жастарға қандай кеңес бересіз?

- Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа  ұмтыла отырып,  өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек.  Сондай-ақ, отбасында көрген тәлім-тәрбие де әсер етеді. Әкемізден еркек адамға тән тәрбие алдық. Ол «Істі қолға алдың ба — сапалы істе және соңына дейін жеткіз!», деп үнемі айтып отыратын. Осы сөздерді күніне бірнеше рет айтатыны соншалықты — санаңа әбден сіңіп, өмірлік ұраныңа айналады. Мен қазір түсіндім: әкемнің дәл айтылған сөздерінің күші сондай — қандай істі бастасам да, осы сөздер есімнен бір сәт шықпай тұрып алады және қанша көңілім ауып кететін сәттер болса да, өз жолымнан таймауға әсері күшті болды.

 - Сұхбатыңызға рақмет!

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика