ҚР Президентінің Жолдауы

Елбасы Жолдауы – шынайы қамқорлықтың бейнесі - депутат

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған бүгінгі Жолдаудың мазмұны елге, халыққа деген шынайы қамқорлықтың айнымас дәлелі болып табылады. Сонымен бірге, бұдан бұрын белгіленген бағдарламаларды табанды түрде іске асыруды көздейді. Бұл пікірді Елбасының Жолдауына қатысты Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев білдірді.
Нұр-Сұлтан07 Қазан , 11:20

Депутаттың айтуынша,  2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі еңбекақыны бір жарым есе ұлғайту көзделуде. Сол арқылы барлық салаларда, барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 1,3 миллион адамның жалақысы ұлғаятын болады. Мұндағы мақсат – адамдардың қолайлы өмір сүруіне тікелей жағдай жасау.

«Шынында да, адам еңбек еткенде ғана табысы өседі. Сондықтан, мәселен, күнделікті ісінде жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қабылеті мол бөлімшелік медицина қызметкерінің жалақысы еңбек нәтижесіне қарай көтеріліп отырады. Осы мақсатта алдағы жылға бюджеттен 5 миллиард теңге қарастырылмақ», - деді М.Жұмағазиев.

Депутат айтқандай,   қазір мектеп әкімшілігі және ата-аналармен жұмыс жасап жүрген мұғалімдер өзінің тікелей міндетіне көбіне-көп уақыт таба алмай қалады.

« Ұстаздық қызмет – ауыр еңбек. Осыған орай Елбасы алдағы жылы «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылдап, бұл салада біліктілік талаптарын оқыту әдіснамасын, тәрбиешілер мен бала бақшадағы өзге де қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау керек екенін атап көрсетті.Елбасы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында ауыл тұрмысын одан әрі жақсартуды тағы да ерекше атап өтті. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында соңғы үш жылда қалалар мен ауылдарды байланыстыратын 2400 шақырым автожол салынып, жөндеуден өтті. Ал, 2020 жылға дейін автожол салу көлемі одан екі еседен асып түседі. Күні бүгінге дейін бірқатар елді мекендерде ауыз су мәселесі өткір күйінде қалуда. Сондықтан ауыл-аймақтағы су проблемасын шешу үшін бюджет мөлшері 100 млрд. теңгеге дейін көбейтіледі», - деді депутат.

Сондай-ақ,  Сенат депутаты   «Ауыл – ел бесігі» дей отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдағы кәсіпкерлерді жаңа талаптарға сай жаппай оқыту жүйесін қолға алу қажеттігін атап көрсеткенін жеткізді.

«Осы мақсатқа, соның ішінде ғылымға жыл сайын қосымша шамамен 100 миллиард теңге қарастыру жөнінде Үкіметке тапсырма берілді. Бұл орайда экономиканың инновациялық және сервистік секторларын дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.Әрине, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасына негізделген бүгінгі Жолдаудың қазақстандықтар үшін игілікті бағыттары көп. Соның ішінде ауылдың, аграрлық сектордың дамуына соны серпін әкелетін тұстары да мол», - деді М. Жұмағазиев.




Яндекс.Метрика