ҚР Президентінің Жолдауы

Сарапшылар сөйлейді: Елбасы Жолдауында ешқашан да артық сөз болмайды

Сарапшылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Нұр-Сұлтан05 Қазан , 15:20

Академик  Ғарифолла Есімнің айтуынша, Елбасының Жолдауында сұрыпталған, анықталған  мәселелер халыққа ұсынылады.

«Мен ғалым адаммын. Ішкі өнімнің  10 пайызы ғылым мен білімге бөлінеді деген сөз, бұл революциялық шешім.  Біз 2-3 пайызға өссе  екен деп армандайтын едік. Елбасының сөзі  біздің арманымыздан да асып кетті. Енді соны атқаратын адамдарға жеткізу үлкен мәселе. Жолдауда  тағы бірқатар маңызды мәселелер  айтылды. Тұрмысты жақсарту үшін, күнделікті қарапайым тауарларды шығару керек», - деді ғалым.

Ғарифолла Есім айтып өткендей, Елбасы заманның қиын кезеңінде халықтың көңілінен шығатындай шешім қабылдай алды.

«Тағы бір айтылған маңызды мәселе білім жүйесіне қатысты болды. Білімнің сапасын арттыру керек. Жоғары оқу орындарынан   шыққан маман біздің қоғамға қажеті болмайтын болса, ондай оқу орынының да қажеті шамалы. Осының барлығын ойлануымыз керек. Іске кірісу керек», - деді Ғ.Есім.

Өз кезегінде  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Болат Көмеков биылғы Жолдаудағы Елбасының бастамалары ерекше назарға ие болғанын атап өтті.

«Біздің мемлекетіміздің іргесін қуаттау, халқымыздың хал-ахуалын көтеру бойынша бірқатар мәселелер  айтылды. Екі сала, екі қанаттай әсер етті. Мемлекетіміздің қазіргі жағдайында бизнесті көтеруіміз керек. Шағын және орта бизнес қолға алынуы керек. Бұған үлкен назар аударылды. Қайсібір қоғамда орта тап қалыптаспай мемлекет қарқынды дамымайды. Сондықтан, осы мезгілде Елбасы аталған жағдайға ерекше көңіл бөлді», - деді Б.Көмеков.

Профессордың айтуынша, ең маңызды салалар, олар денсаулық, білім және ғылым саласы.

«Осы салаларға  ішкі өнімнен  10 пайыз бөлу тәжірибесі бірде-бір мемлекетте жоқ. Дамыған мемлекеттердің өздерінде әрі кетсе 3-4 пайыз бөлінеді. 10 пайыз бөлінетін болса, біз көкке самғап кетеміз. Бұл өте қуанышты жағдай», - деді Б.Көмеков.

Б.Көмековтың айтуынша қоғам толыққанды болуы тиіс. Елбасы бүгін  осыған назар аударды.

«Бізде ет, май мен қант-шекеріміз де өзімізден шығуы керек. Оған біздің әлеуетіміз де жеткілікті. Кәсіби жағдайымызды арттыруымыз керек», - деді ол.

Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында  жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін жеткізген болатын.

«Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді.Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет.Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды.Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын», - деді Елбасы.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика