Сараптама

Дайындық бөлімдері: Этникалық қазақтың бір үміті

Жақында масс-медиада «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шетелдердің жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігін алған отандастарымыздың тізімі жарияланған-ды. Бұл тізімге білікті маман болуға ұмтылған азаматтарымызды бір марқайтып тастаған. Ал бір күн бұрын ғана шетелдердегі этникалық қазақ жастарының Қазақстанда дайындық бөлімдерінде оқуына мүмкіндік беретін тағы бір құжаттың қабылданғаны белгілі болды. Рас, бұл құжат Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарындағы дайындық бөліміне этникалық қазақтарды қабылдауына қатысты бұйрық. Масс-медиаға жария етілген жоқ. Бірақ, атажұртқа келіп оқығысы келетін, Қазақстан десе елеңдеп тұрғатын ғұрбаттағы қазақ үшін қуанышты жаңалық болғаны анық. Әсіресе, шетелдегі қазақ жастарын ел байтағы - Астанаға жинаудың демографиялық һәм әлеуметтік мәні зор болса керек.
Нұр-Сұлтан01 Қазан , 10:31

 Көктемде  елімізде «Шетелдегі  этникалық қазақтарды қолдау  жөніндегі  2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар  жоспары» бекітілген болатын. Сол жоспар бойынша 2018-2022 жылдар аралығында шетелдегі этникалық қазақтарға  түрлі бағыттағы қолдау көрсету үшін  жалпы сомасы 1,8 млрд теңге  қарастырылған. Әлбетте, бұл сома өзгеруі мүмкін. Өйткені, бюджет  жоспарланған кезде мұндай  жобаларға  арналған шығындар қайта қаралып жататыны бар. Әзірге, әлгі жоспарға қандай да бір өзгерістер енгізілгені  жайлы сыбыс жоқ. Бірақ, Қазақстанның шетелдегі қазақтарға қатысты  ұстанымы айқын екені  байқалып келеді. Біз  сөз еткен дайындық  бөлімдері  соның нақты айғағы.

«Шетелдегі  этникалық   қазақтарды қолдау  жөніндегі  2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар  жоспарында»  қиырдағы қазақтарға түрлі деңгейде  қолдау көрсетуге  қатысты түрлі  бағыттар бар.  Онда  білім беру, мәдениет және өзге де салаларға қатысты Қазақстан тарапынан атқарылатын   істердің жоспары көрсетілген. Шетелдегі қазақ жастары да әлгі жоспардағы мақсаттарға сәйкес Қазақстанынң жоғары оқу  орындарына келіп  жатыр.  Алайда, дайындық курстары бұрыннан да бар болатын. Тек  биыл оған тартылатын этникалық қазақтар саны  өсіп отыр.  Атап айтқанда,  Астанадағы Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ  жанынан ашылған  дайындық курсына 200 ге жуық  азамат оқуға қабылданыпты.  Бұдан бөлек  еліміздің бірқатар  қалаларында  дайындық курстары бар.  Елдегі ең беделді оқу орындарының бірінің жанынан ашылған бұл курс Қазақстанның шетелдегі қазақ мәселесіне  қатысты  саясатының нақты екендігін айғақтап тұр. Яғни,  қалай болғанда да   теріскей аймақтардағы демографиялық ахуалға және еңбек нарығына ықпал ету  мақсаты бар.

Белгілі қоғам белсендісі, ұстаз «Қазбілім»  орталығының  директоры   Аятжан АХМЕТЖАН бұл мәселеге қатысты өзінің көзқарасын білдірді.

«Елімізде дайындық курстары әр жылдары үлкен шоғыр қабылдады. Тіпті 2005-2012 жылдар арасында дайындық курстарына үміткер қазақ жастары дайындыққа бөлінген гранттан әлде қайда көп болып, тіпті дайындық курсқа түсе алмай жататын. 3500 балаға арналған квота жетпей қалатын, ал қазір, еліміздегі дайындық курстары бала таппай қалатын деңгейде. Әр елді аралап үгіт нәсихат жасаса да, өздеріне бөлінген квотаны толық игере алмай жатыр. Оған не себеп, оған шетелден келетін қазақ көшінің бәсеңдеуі мен қазақтың  ірі диаспорасы шоғырланған Қытай елінде қазақтың шетке шығуына қойылған тосқауылдар кінәлі. Жалпы ел бойынша кейбір  жылдары дайындық бөлімдерінде  3500 талапкерге дейін оқыған кездер болған.  Қазір қанша келеді, сонша бөлініп жүр, себебі дайындық бөліміне үміткерлер саны азайып кетті. Қазір Астанада Еуразия ұлттық университетінде, Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде,  Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Жезқазған, Арқалық, Қостанай, Петропавл, Өскемен, Орал, Маңғыстау, Көкшетау  қалаларында  дайындық бөлімі бар, өкінішке қарай, бала саны көңіл көншітпейді. Ең көбінде 150 маңайында, кейбіреуінде 10-20 бала ғана оқиды. Астанаға дайындық бөлімін ашу, дайындық бөліміне деген назарды аударту, дайындық бөлімінің статусын көтеру үшін жасалды деп ойлаймын. Себебі, еліміздегі дайындық бөлімдері соңғы 4 жылда ең төмен деңгейге түсті. Ал, Астана, Еуразия ұлттық университеті деген атаулар шетелдегі қазақтар үшін бренд, осы брендті пайдаланып қазақ жинаудың жолы деп ойлаймын. Сонымен бірге сәтті жоба деп бағалаймын. Бұл біраз мемлекетте бар жоба, тіпті теріскей көршіміз біздің ауыл ауылды аралап өз насихатын жасап, тек біздің ел үшін 6-7 мың грант бөліп жастарын тартып жатыр, біз дәл осы қадамға көшуіміз керек. Біз де дайындық бөліміне оқушы тартудың жаңа маханизімін жасауымыз керек. Себебі, біз шетелдегі қазақ жастарын өзімізге тарту арқылы елге үлкен таланттарды жия аламыз, сонымен бірге сыртқы көші қонның әсерінен кеміген жан санын толтыра аламыз. Бұндай жағдайда біз еліміздің бұрынғыдай облыстардағы университеттер емес, ат атағы бар университеттерден дайындық факультеттерін ашу кезек күттірмес дүние», - дейді ол.

«Серпін»  жобасы мен халық тығыз орналасқан оңтүстік   өңірлерден   солтүстікке еңбек күшін  тарту  саясаты  енді  шетелдік этникалық қазақ жастарына білім алуға мүмкіндік жасау арқылы  жалғасуы ықтимал. Әрі  этникалық қазақтарды көшіріп алу мәселесінде  басты назар  жастарға ауғанын  көрсетіп отыр. Бұл бағыт біздің пайымдауымызша өзін ақтауы керек. Мәселен, 2017 жылғы мәлімет  бойынша Моңғолияда 114 мың 506 қазақ ұлтының өкілі тұрады.

Моңғолияның статистикалық қызметінің деректері бұл. Осы 100 мыңнан астам қазақтың жыныстық құрамы тең. 50/50. Дәлірек айтқанда  57 мың 28 ер азамат, 57 мың 478 әйел адам тіркелген. Ал  14 жасқа дейінгі  балалардың үлесі 35 пайыз. 15-24 жас аралығындағы азаматтардың үлесі 19,4 пайыз. 25-34 жас аралығындағылардың үлесі 16,9 пайыз.  Нәтижесінде Моңғолия қазақтарының 71,3 пайызы 35 жасқа  толмаған азаматтар. Бұл дегеніңіз аталған елдегі қазақтардың демографиялық әлеуетінің  жоғары екендігін байқатады.

Моңғолия  қазақтары:                             қазақстандықтар:

0-14 жас - 35 пайыз                                 0-14 жас - 29,4 пайыз

0-35 жас - 71,3 пайыз                             16-57 жас - 59,2 пайыз

55 тен асқандар - 7,8 пайыз                   58 ден асқандар - 11,3 пайыз

Өзге шетелдердегі қазақтардың  демографиялық ахуалына   қатысты деректер сирек. Дегенмен, Қытайдағы және Өзбекстандағы қазақтардың саны мол екені анық. Сәйкесінше, демографиялық қуаты да тәуір болуы тиіс. Демек, мемлекет  шетелдегі этникалық қазақтарды тұтастай көшіріп алмағанмен түрлі тәсілдер арқылы  жастарды  Қазақстанға тартуға мүдделі. Еңбек нарығына жастардың молынан  енуіне мүмкінідк жасайды. Әсіресе,  солтүстік аймақтардағы еңбек нарығында  сұраныс  жоғары. Екіншіден,  шетелдегі этникалық қазақтар  еңбек нарығында жергілікті  мамандарға қарағанда  тұрақты қалуға тырысады.

Қазақстандық жастардың арасында  шетелдерге кетуге тырысатындар үлесі 32 пайызға жеткенін ескерсек,  этникалық қазақтар  шетелге жұмыс істеуге кетіп қалуы мүмкін мамандардың орнын басады. Әрі  демографияға да оң ықпалы бар. Дайындық курстарына этникалық қазақтарды көптеп тарту, сондай бөлімдерді тікелей ел астанасынан ашу, жоғары оқу орындарындағы этникалық  қазақтарға арналған білім гранттары  соның айғағы. Президент  Нұрсұлтан  Назарбаев былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында «Қазақ баласы қай елде тұрса да Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!»,-деген  болатын. 

Этникалық қазақтарды атажұртқа тарту саясаты да осы ұстаным негізінде ұйымдастырылып  жатқан тәрізді. Сонымен бірге, ресейлік жоғары оқу орындары өкілдерінің  біздің елде үгіт-насихат жасап,  мектеп бітірушілердің бірқатарын   қызықтырып, өздеріне алып кетуіне  қарсы жасалған шара ретінде де бағалауға болады.

Мемлекет құраушы ұлттың  қиырдағы диаспораларының  өкілдері  этностың негізгі тобына  қосылған жағдайда өз тағдырларын тікелей сол елмен байланыстырғысы келетіні жиі байқалады. Білім   беру процесінде де  бұл жағдай байқалып тұрады.  Сондықтан,  этникалық қазақтарға  арналған дайындық бөлімдерін қатардағы курстар немесе оқу орталықтары тәрізді  қабылдаудың  жөні болмаса керек.

Амангелді Құрмет

 

 




Яндекс.Метрика