Адами капитал

Бизнестің жол картасы: Жас кәсіпкерлер ақшалай сыйлыққа ие болды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында «Жылдың үздік кәсіпкері» атты байқау ұйымдастырған. Байқауға 16-29 аралығындағы жас кәсіпкерлер қатысты. Шараға қатысқан әр жоба мемлекеттің жас кәсіпкерге деген қолдауы мен оларды ақпараттық сүйемелдеуінің айғағы болып отыр. Жеңімпаздарға бизнестерін әрі қарай дамыту мақсатында ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Астана қаласы28 Қыркүйек , 09:47

«Атамекен»  ҰКП қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Шұға Наурызбаева аталмыш конкурстар жас кәсіпкерлерге демеу көрсету үшін өткізілетінін айтты. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 51 жоба келіп түскен.

«Әр жұмыс өзінің бағасын алуға тұрарлық. Алайда, байқаудың аты байқау, жеңімпаздарды анықтадық. Бірінші орынға  1 млн ақшалай сыйлық беріледі.  Екінші орын 500 болса, үшінші  орын  300  мыңды иемденеді.  Қосымша арнайы сыйлыққа  200 мың беріледі. Жас кәсіпкерлердің құлшынысы жоғары екенін байқадық. Қатысушылардың барлығы «Бизнестің жол картасы» аясындағы қызметтік көмекті алған кәсіпкерлер. Қазіргі таңда өздерінің мақсаты мен міндетін анықтаған кәсіпкерлер. Осындай буын өсіп келе жатса, болашақта кәсіпкерлер сатысын көтереміз деген ойдамын», - деді Ш.Наурызбаева.

Сондай-ақ, ол айтып өткендей, жобаларды таңдау кезінде жергілікті  қамту мен жаңашылдығы, жобаның тиімділігі, әлеуметтік  бағытты қамтуы және бюджеттігі назарға алынды. Аз ақшамен стартапын жасап әрі қарай ісін дөңгелетіп әкеткен жобалар басымдыққа ие болды.

« «Атамекен» ҰКП  2015 жылдан бастап қаржылай емес қолдау бағытында жұмысын бастаған болатын. Өңірлерде кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары бар. Осы  уақыт аралығында  200 мыңнан астам кәсіпкерге  қолдау көрсетілген. Кәсіпкерліктің деңгейіне қарай, жаңа бастаған және әрекеттегі кәсіпкерлер әртүрлі санатта қызмет көрсетіледі», - деді Ш.Наурызбаева.

Ш.Наурызбаеваның айтуынша байқауда жеңімпаз атанбаған кәсіпкерлергдің жобалары жайында  «Атамекен» сайтында  арнайы кезеңдік ақпарат жарияланатын болады. Байқауды  дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.

Павлодар облысының Екі бастұз қаласынан келген Виктория Воронина арнайы сыйлыққа ие болып, 200 мың теңгені қандығасына байлады. Жас кәсіпкер  байқауға лазерлік нақыштама мен естелік өнімді шығару бойынша жоба ұсынған.  Виктория  лазерлік кесу мен нақыштау үшін заманауи қондырғыларды қолдану арқылы қағаз, былғары, тері гранти пен металдан жасалған естелік сыйлықтарды жасайды.

Ал, үшінші орынға ие болған Елдос Баялышбаевтың оқиғасы ерекше. 2011 жылы жол көлік оқиғасының салдарынан кейін  жас кәсіпкердің қозғалуы мұң болған. Алайда, дене шынықтыру мен массаж, кешенді жаттығулардың нәтижесінде ол аяққа тұрады. Осы нәтиже Елдосқа адамдарға көмектесіп, жеке кәсібін ашуға серпін береді.

«Менің жасым қазір  26-да. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, 3 млн теңге  грант ұтып алдым. Гранттың көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған оңалту оратлығын аштым», - деді Е.Баялышбаев.

Екінші орынды иемденген ақтөбелік Арман  Сәкішев мемлекеттің көмегімен  стамотологиялық орталық ашқан.  Жалға кабинет алудан бастан кәсіп қазір гүлденген бизнеске айналған.  Қондырғыға қаражат керек болған кезде жас кәсіпкерге «Бастау» бизнес-тренингі септігін тигізген екен. Кейін Арман «Атамекен» ҰКП командасының көмегімен  орталық ашып,  жұмысқа  балалар  мен  ересектерді  қабылдайтын дәрігерлерді алады.  Онымен шектелмей жас кәсіпкер «Іскерлік байланыс» жобасына қатысып, Германияда  1 ай оқып келген. Қазір ол цифрлық технологияларды орнатуды көздеп отыр.  Клиниканың штатында  80-нен астам адам жұмыс істейді.  2015 жылдан бастап  25 мың адамды қабылдаған. Болашақта ол Астана мен Ресейдің шекаралас қалаларында кәсібін кеңейтсем дейді.

Бас жүлде  1 млн теңге қаржылай сыйлықты шымкенттік Тәңірберген Есполов алды. Ол ротаннан жасалған жиһаз дайындайтын фабрикасын ашқан.

«Менің кәсібімнің сәтті жүзеге асуы табандылыққа қатысты. Мен өз мақсатыма берік болдым, бизнес болған соң өсу де құлдырау да болады. Алдымен  мен пәтер жөндеу мен дизайнға негізделген кәсіппен айналыстым. Кейін ротангтан жасалатын жиһаздың сұранысқа ие болғанын көріп, оны толық зерттеп, игеріп алдым. Қазір өндірісте  5 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы украиналық мамандардан дәріс алған. Ротанг -бұл өсімдік. Біз шикізатты сатып алып одан пластик жасаймыз. «Бизнестің жол картасы»  бойынша мен екі күндік бизнес-кеңесшілердің семинарына қатысып, маркетинг пен есептік негізге үйрендім. Одан әрі мамандар бизнес жоспар құруға көмектесті», - деді Тәңірберген Есполов.

Негізгі мамандығы инжинер-құрылысшы Т.Есполов  жас кәсіпкерлерге өзінің ісіне берік, идеясына сеніммен қарауға кеңес берді.

Жас кәсіпкер атап өткендей, өндірілетін жиһаз Қытайда шығарылатын өнімге қарағанда әлдеқайда арзанға түседі.  

Қатысушылардың айтуынша,  ҚР «Атамекен» ҰКП жас кәсіпкерлер мен стартапшыларға өз ісіне сеніп, алға жылжуға қолдау көрсетеді.

Ұйымдастырушылар  биыл байқау жас кәсіпкерлерді кеңінен қамти алмағынан айтады. Себебі, Қазақстанда жас кәсіпкерлердің әлеуеті өте жоғары.

Аягөз Құрмаш

Фото: Назерке Абибулла

 




Яндекс.Метрика