Рухани жаңғыру

Ұрпақтар сабақтастығы: Берлинде қазақстандық суретшілер көрмесі ашылды

«Бетаниян» суретшілер үйінде (Kunstquartier Bethanien) ҚР Ұлттық музейінің «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасының «Астық және раушан гүлдер: қазақстандық суретші әйелдердің төрт буыны» атты екінші көрмесі ашылды.
Астана қаласы27 Қыркүйек , 12:57

«Астық және раушан гүлдер» — бұл 1945 жылдан бастап қазіргі таңға дейінгі қазақстандық әйел-суретшілердің төрт буынының жұмыстарына жасалған зерттеу нәтижелері. Кураторлардың айтуынша, көрме қазақ өнерінің және мәдениетінің жаңа көрінісін және әлемдік бейнелеу өнері тұрғысындағы олардың кең түсінігін ұсынады. Поляк-америкалық кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы және әйелдер құқығының белсендісі Роза Шнайдерман ойлап тапқан «Астық және раушан гүлдер» термині әйелдердің теңдікке, мәдениетке және билікке деген құқығын, сондай-ақ өзекті қажеттіліктерді бейнелейді.

1930–1940 жылдар аралығындағы Қазақ КСР-ның күрделі тарихы және 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері республиканың қарқынды дамуы еліміздің заманауи өнерінде айқын көрініс тапқан өзіндік идеялардың пайда болуына жол ашты. Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты — текеметпен ашылады.

Фото: Camille Blake

«Авангардшылар өздерінің түрлі формалармен, композициямен және түсті таңдауда жасаған эксперименттерінде шынайылықтан алшақ кеткен, ал Қазақстанның халық шығармашылығында түрлі өрнек абстракцияның элементтері болған. Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысты», — деді ол.

Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүлфайруз Ысмайылова көрмеге суретшілердің аға буыны ретінде қатысуда. «Астық және раушан гүлдер» экспозициясының басым бөлігі 1980-90 жылдары пайда болған, бүгінгі күндері де дамып отырған өнерге арналған. Қазіргі заманғы өнердің осы «аналары», «әжелерінің» шығармашылығы елдің толағай тарихы мен жеке адамдардың көптеген теңдессіз оқиғаларын көрсетеді. Бұл әйелдер өз шығармашылығында дәстүрлі қазақ өнерінің, 1920-30 жылдардағы кеңестік авангардтың және социалистік реализмнің арасында өз шығармашылықтарын үйлестіріп, көпір салды.

Сәуле Сүлейменова целлофаннан жасалған шығармаларының сериясын ұсынды — «Остаточная память» туындысы тарихи толғанысқа және оны еске алуға арналған.

Фото: Camille Blake

«Ашаршылық» атты еңбегі 1930 жылдары Қазақстандағы ұжымдастыру кезінде орын алған, ел халқының үштен бірінің өмірін жалмаған ашаршылық кезеңін еске түсіреді.

Сәуле суреткерлік тәжірибе арқылы тарихи толғаныстарды жеңу мүмкіндіктерін зерделейді. Көрменің тең жетекшісі болған Алмагүл Меңлібаева «Тоқамақ» және «Степное барокко» бейне инсталляцияларын ұсынды. «Тоқамақ» — 2017 жылы Курчатов қаласында орнатылған Тоқамақ реакторы бейнесінің сан алуан болып түрленуін қолданатын көпарналы видео.Бұл видео Қазақстанның аумағында ядролық сынақтар жүргізілген кеңестік кезеңді еске салады. Бақыт Бүбіқанованың «Новогодние открытки» туындысында әйел басты орынға ие. Суретші әйелді композицияның ортасына орналастырып, оның қоғамдағы рөлі мен орны туралы сұрақтар қояды. Әйелдің жалаңаш денесі — әлеуметтік рөлдерді мәжбүрлеп таңуға қарсылық іспетті.

Фото: Camille Blake

Арт алаңында әйелдер қауымы аз болған кезең артта қалды. Қазіргі әйел суретшілер түрлі медиаларды пайдалана отырып, өзін және айналадағы қоғамды суретшілік тәжірибе арқылы түсіндіру мүмкіндіктерін зерттейді, өзекті сұрақтар қояды, қабылданған нормаларға шүбәмен қарап, шығармашылық және жеке басының еркіндігін жақтайды.

Көрме Momentum коммерциялық емес заманауи өнер платформасымен серіктестікте ұйымдастырылған. Кураторлары — танымал халықаралық мамандар:  Дэвид Эллиот, Редтори заманауи өнер музейінің директор орынбасары және аға кураторы Рейчел Ритц-Воллох, Momentum директоры және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаева.

Фото: Camille Blake

Көрмеде келесі суретшілердің еңбектері қойылған: Анар Әубәкір, Лидия Блинова, Бақыт Бүбіқанова, Ғания Шағатаева, Вера Ермолаева, Зоя Фалькова, Айша Ғалымбаева, Татьяна Глебова, Гүлфайрус Ысмайылова, Креол орталығы (Мария Вильковиская, Руфия Жендербекова), Ғайша Маданова, Айгерім Мәжітқан, Алмагүл Меңлібаева, Гүлнұр Мырзағалықова, Гүлнұр Мұқажанова, Катя Никонорова, Сәуле Сүлейменова, Гүлмарал Тәтібаева, Елена Воробьева, Наталья Дю.

Сондай-ақ, Берлинде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Momentum-мен серіктестікте арт-резиденция қатысушыларының көрмесі ашылды: Анар Әубәкір, Айгерім Оспанова, Ықылас Шайхиев, Лиля Ким, Сәуле Сүлейменова, Гүлмарал Тәтібаева, Бейбіт Әсемқұл.

«Фокус Қазақстан» жобасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыруда. Жоба жетекшісі — Леонид Кочетов, жоба кураторы — Роза Әбенова.

Басты фото: Camille Blake




Яндекс.Метрика