Туризмді дамыту

Туризмді дамыту: 2018 жылы әуебилеттерінің құны төмендейді

Туризм саласы әлем елдерінің экономикасынан ойып тұрып орын алатын салалардың бірі. Қазақстан да көштен қалмай туризм саласын қалыпқа келтіріп, дамыту үшін әрекет етіп жатыр. Алайда, елдегі туризмді дамыту саласының проблемалары да жоқ емес. Туризмді ілгерілендіру үшін туристендіру картасы да әзірленген болатын. Бүгінде аталмыш карта бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілген. Үкімет сағатында талқыланған туризм саласындағы шешілуі тиіс мәселелермен келесі материалдан таныса аласыздар.
Астана қаласы24 Қыркүйек , 13:00

Мәжіліс  төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева   көрші елдердің туризмі ЖІӨ-нің  3-5 пайызды құрайтынын айтты. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпей отыр.

«Жалпы, туризм саласын дамытып,  30 дамыған елдің қатарына қосу және  1 пайыздан  2023 жылы   8 пайызға  жеткізу бойынша көп міндеттер жүктеліп отыр. Бар болғаны  5 жылдың ішінде 8 есе көбейту қажет. Қазақстан ЭКСПО кезінде  туризмнің экономикалық  әсерін іс жүзінде сезіне алды. Тәуелсіздік алғаннан бері  алғаш рет   әлемдік туризм картасында өз орнына ие болды. Мысалы, 2017 жылы Қазақстанда сырттан келген  туристердің жалпы саны  7,7 млн, ішкі туризммен қамтылғандардың саны  5,6 млн адамды құрады. Сыртқа шыққан туристердің саны  10 млн-нан асты», - деді Г.Исимбаева.

Сондай-ақ, ол Астана қаласының  қалалық туризм бойынша жаһандық саммитін өткізу құқығын жеңіп алғанын жеткізді.

«Елорданың бүкіләлемдік туристік ұйымның бұл мәселеге қатысты барлық талаптарына жауап береді деп бағаланды. Бұған дейін мұндай саммит Стамбул, Мәскеу, Кула-Лумпур, Марракеш, Сеул қалаларында өткен болатын. Бұл жеңістің салмағы жоғары.  Бүгін талқыланып отырған мәселенің көйкейкесті екенін көрсетеді. Қазақстан мәдени мұраға бай. Бұл туризмнің барлық саласын дамытуға алғышарт болып табылады», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Г.Исимбаева туризм саласының басты кемшіліктерін атап өтті.

«Салалық туризмді қалыптастыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл бойынша жүйелі шаралар қабылданған жоқ. Туристердің қызығушылығын арттыра алатындай Қазақстан туралы ақпарат жеткіліксіз. Туристік ресурстардың басым ресурстары қанағаттанарлық. Логистика мен инженерлік инфрақұрылым жеткілікті дамымаған», - деді ол.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы туризм саласы әлем экономикасының дамуының қозғаушы күшіне айналғанын атады. Сондай-ақ, елдің басты курорттық аймағының біріне  айналған Алакөлдің жағдайына тоқталып  өтті.

Алакөлдегі туризм

«Елбасының  9 мамырда Алакөлге сапары аталмыш өңір мен өзге аймақтардағы   туризмді дамытуға үлкен серпін берді. Туристік ағым бұл өңірде  2017 жылы болды, онда  1 млн-нан астам турист келген болатын. Жаңа демалу орындары ашылып, көлік-логистика мәселесі белсенді  шешілуде. Жетіген-Достық-Жетіген темір жол қатынасы сәтті іске  қосылды. Астана, Алматы мен Талдықорғаннан Үшаралға әуе қатынасы жақсы істеп тұр. Ақшиден көлге дейін жол толық салынып бітті», - деді А.Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар, министр мырза Щучье-Бурабай курорттық аймағының дамуын тілге тиек етті.

Бурабайдағы туризм

«Өңірге  биыл  1 млн-ға жуық турист барған. Бұл бағыт бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады. Елбасы «Бурабай-Қазақстан»  бірегей халықаралық  шаңғы орталығын ашты. Елбасы Бурабай курортын «Four seasons» тәжірибесі бойынша дамытуды тапсырды. Ол ірі өңірлік шараларды өткізу арқылы туристерді тартуды тапсырған болатын», - деді А.Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр Маңғыстау  облысындағы туризмнің дамуына тоқталды.

Маңғыстаудағы туризм

«Каспий жағалауындағы демалысты күшейту үшін өңірде  бұқаралық демалуға көңіл бөлінетін  болады. Каспийдің туристік әлеуеті көрші Түрікменстан, Әзербайжан мен Иранмен ынтымақтасу арқылы артып жатыр», - деді министр.

А.Мұхамедиұлы Түркістан аймағының дамуы да шеттен тыс қалмай, бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Түркістандағы туризм

«Түркістанды дамытудың сәулеттік  тұжырымдамасы туристік және қаржылық мүдденің  магниті болып табылатын Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің айналасындағы Жібек Жолы дәуірінің ежелгі ұлылығының   түпнұсқалық бейнелерін қалпына келтіруге бағытталған. Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, бүкіл әлемге танымал еліміздің бренді болуы тиіс», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министрдің  айтуынша,  Алматы өңіріндегі туризмді дамыту да белсенді жүзеге асырылмақ.

Алматы өңіріндегі  туризм

 «Осы орайда Алматы өңірі бойынша тау-шаңғы кластері әзірленді. Бұл ішкі туризмді дамыту бойынша қозғаушы күш  ретінде қолданылады. Тау кластері Қаскелеңнен Түргенге дейін Шымбұлақ,Ақбұлақ арқылы өтеді. Алматы өңірінің  тау-шаңғы  саласы бойынша ірі орталыққа айналатын  әлеуеті бар. Себебі, Шымбұлақ пен Табаған бар,  Орман ертегісі де өзінің шаңғымен төмен сырғанау базасын салып жатыр. Егер біз канаттық жолдар арқылы  бір-бірінің арасын жалғайтын болсақ. Инфрақұрылымдық желі пайда болады. Бұл қысқы спорт түрін ғана емес, жазғы спорттың түрін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ат міну, жаяу жүру және велосипед тебу сынды бағыттарға бөлінеді. Біз инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Ақбұлақтан Шымбұлаққа дейін канаттық жолмен түсейтіндей жағдай жасау керек», - деді А.Мұхамедиұлы.

А.Мұхамедиұлы Қазақстанға туристер ағынына ЭКСПО кезінде куә болғанымызды жеткізді.

Шекаралық ынтымақтастық

«Бір жылдың ішінде  туризмге келу  22 пайызға өсті. Саяси тұрақты және дамыған  64 елдің азаматы туристік және басқа мақсаттар бойынша Қазақстанға визасыз келе  алады. 2018 жылдың соңына дейін Астана мен Астана қалалары арқылы Қытай мен Үндістан азаматтары үшін  72 сағаттық визасыз транзит енгізілді. Оның нәтижесінде, Қазақстаннан Қытайға транзит ағымы  60 пайызға артты. Жыл соңына дейін Астана мен Алматы әуежайларында  128 елдің азаматына электронды виза механизмі іске  қосылады. Бүкіл әлем электронды визамен жұмыс істеп жатқанда, Қазақстан әлі кезекке тұрып қолмен барлығын толтырып алып  жүр. Бұл визаны алу мерзімін 5 күнге қысқартады. Өзбекстанмен шекаралық  туристік бағыттарды «Silkway vısa»  визаларды өзара тану механизмі бойынша  жұмыс талқылануда. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында уақытша туристік өткелдерінің ашылуы мен тікұшақ  паркінің қызмет көрсетуіне байланысты Қазақстан  17 жыл ішінде алғаш рет орталық Тянь-Шаньда стратегиялық артықшылыққа ие болды», - деді А.Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр туризм Қазақстанның  көпжақты  дипломатиясында маңызды орынға ие екенін атап өтті.

Өз кезегінде  Мәжіліс депутаты  Майра Айсина  министрге туристік нысандардың тізілімі мен кадастры әлі де жасалмағанын айтты.

 «Туристік нысандардың тізілімін жасау жоспарда бар ма? Ол қашан әзірленбек? Туристік өнімдерді есепке алу, туристік агенттердің орталықтарының жұмысын үйлестіру қай бағытта жасалып жатыр?», - деген сұрақ қойды.

«Біз өз жұмысымызды жүйелі түрде жалғасытыруымыз керек. Мемлекеттік  реестрді  қалыптастырдық. Қазіргі уақытта  оған 3 мыңнан астам туроператорлар мен  1,5 мың  жеке кәсіпкерлердің тізімі еніп жатыр. Туристік салада орталық құруды қарастырып жатырмыз», - деді А.Мұхамедиұлы.

Елдегі темір жол мен әуе билеттерінің шарықтап тұрғанына қатысты сұрақты Мәжіліс депутаты Шавкат Өтемісов  Инвестициялар және даму  министрлігіне қойды.

«Туризмді дамытуға кедергі келтіріп отыратын  ереулі проблемалар бар. Мысалы, Ресей туристері үшін Мәскеуден Астанаға келу  20 мың ресейлік рубльді құрап отыр. Ал, Амстердамнан Мәскеуге келу  билетінің құны  12-13 мың рубльді құрап отыр. Қазақстанның ішкі рейстерінің бағасы да өте қымбат. Көп қазақстандықтың қалтасы оны көтере алмайды. Астанадан Алматыға бару үшін  20-82 мыңды құрап отыр. 20 мың теңге  бірнеше ай бұрын сатып алған баға және ол қайтарымға жатпайды. Облыс арасындағы қарым-қатынас тиісті рейс бағыттарының жоқтығы мен олардың аздығы  туризмді дамытуға кері әсер етеді. Әуебилеттеріне қолжетімді баға қалыптастыру және ішкі бағыттарды құру мәселелері қалай шешілетін болады?», - деді депутат.

Аталмыш сұраққа  Инвестициялар және даму  вице-министрі Тимур Тоқтабаев әуебилеттерінің қымбатшылығы өзекті мәселелердің бірі екенін атады.

«Министрлік қажетті жұмыстарды жүргізіп отыр. Бізде жолаушыларды  тасымалдау бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге, балаларға қатысты жеңілдіктер бар. Олар әрекетке енгізілген. Алайда, біз қалаған қарқын бойынша билеттердің бағасы төмендемей отыр.  Біз  Энергетика министрлігімен ішкі әуе-керосинмен қамту  бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, әуекомпания бағыттарының рейсі 15 пайызға  артқан. Бұл билеттер бағасының  түсуіне әкеледі. Ендігі жылдан бастап әуебилеттерінің бағасы төмендеуі мүмкін», - деді Т.Тоқтабаев.

Сондай-ақ, Бөкей Ордасының  айналасында қажетті инфрақұрылымның  жоқтығына қатысты  сұраққа А.Мұхамедиұлы былай жауап берді.

«Бөкей-Ордасы тарихымыздағы ең елеулі оқиғалардың бірі.   Орал қаласының орталығынан   600 шақырым жерде орналасқандықтан, нақты автомобиль тас жолы жоқ. Осы жылы Елбасы Орал өңіріне  барған кезде міндетті түрде тас жолды салу керек  деген  тапсырма жүктеді. Бөкей Ордасы  2003 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің тізіміне енген болатын. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» аясында Бөкей Ордасы Киелі жерлердің географиясына енген болатын. Қазір қайта жөндеу жұмыстары кеңінен жасалып жатыр. Қазір Бөкей Ордасы туралы деректі фильмді түсіруді қолға алдық», - деді А.Мұхамедиұлы.

Осылайша, туризм саласындағы проблемаларды жою бойынша  кешенді жұмыс жүргізіліп жатқаны мәлім болды.  Айта кетейік, 2018 жылдың  16 маусымында Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкіметте туристификация картасы жобасын таныстырған болатын. Карта жобасы 62 туристік дестинация мен нысаннан тұрады, олардың 46 бұрыннан әрекет етуші және 16 жаңа.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика