Адами капитал

Нұрлы жер: 2 бөлмелі пәтерді жалдау төлемі айына 5 мың теңге болады

Бүгінде азаматтардың маңызды мәселелерінің бірі - өз баспаналарына қол жеткізу. Халық саны өсіп келеді, жаңа отбасылар құрылуда. Сондықтан қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі - басты назарда. Бүгінгі таңда осы мәселелерді шешу жүйелі түрде қолға алынды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
Астана қаласы21 Қыркүйек , 09:21

Елбасының бастамасымен түрлі деңгейдегі табысы бар барлық қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда және 2 ай бұрын жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

ИДМ басшысы атап өткендей, тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуына және халыққа жеңілдетілген кредит беру басталғанына байланысты осы салаға тартылған инвестициялардың өсімі байқалады.

«Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 702 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ол өткен жылдағы деңгейден 31%-ға артық. Нәтижесінде мемлекет тарапынан жұмсалған 1 теңге қаржыға 7 теңге жеке инвестиция тартылды.

Биыл 7,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112%-ға артты. Ал биылғы жылдық жоспар (12,1 млн. ш. м) 64%-ға орындалды. Жоспар жыл соңына дейін толық көлемде орындалатын болады», - деді Ж.Қасымбек.

Министр атап өткендей, республика бойынша барлығы 67 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 27 мыңға жуық жеке үй бар.

Айта кететін бір жайт, бұрын жеке тұрғын үй салу құрылысы басым болса, қазір көпқабатты үйлердің көлемі артты.

«Оған тұрғын үй құрылысын ынталандыру саясатының іске асуы, халықтың әлеуметтік топтарына қолжетімді кредиттік және арендалық үйлер құрылысы арқылы қолдау көрсету басты себеп болып отыр.Өздеріңіз білетіндей, «Нұрлы жер» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша іске асырылып келді», - деді Ж.Қасымбек.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер  әкімдіктерде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан ең осал, өзіне пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдар баспанамен қамтамасыз етіледі. 

«Оларға жыл сайын шамамен 3 мың пәтер салынады және бұл тұрғын үй мәселелерін шешуге үлкен қолдау болады. Бұл баспана тегін, сатып алу құқығынсыз беріледі.Барлығы 2 жыл ішінде 6182 жалдамалы пәтерді (331,0 мың ш. м) пайдалануға беру жоспарда. Биылғы жылдың 8 айындағы 922 пәтерді (49,6 мың. ш. м) қосқанда бүгінгі күні 3542 пәтер салынды (196,2 мың ш. м).Әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау төлем ақысы шамамен 100 теңгені құрайды», - деді Ж.Қасымбек.

Мысалы, алаңы 50 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерді жалдау төлемі айына 5 мың теңге болады.

Министр кредиттік үйлердің бағасы 140-180 мың теңгеден аспайтынын айтты.

«Мұндай үйлер әкімдікте кезекте тұрған азаматтар (тұрақты табыстары бар мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер) мен Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі салымшыларына арналған. Бастапқы жарнаның және несие ставкасының төмендігіне байланысты бұл механизм олардың үлкен сұранысына ие болып отыр», - деді Ж.Қасымбек.

Министр айтқандай, бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиесі арқылы осы кредиттік үйлерге жинақтаудың қажет сомасы 20%-ға дейін төмендеді.

«Биылғы 8 айда тапсырылған 1970 пәтерді қосқанда 2 жылға жуық уақытта 18,5 мың пәтер пайдалануға берілді.Ал Ұлттық Банктің «7-20-25» бағдарламасының осы «Нұрлы жердің» бағытынан айырмашылығы – ешқандай кезекке тіркелмеген баспанасы жоқ әрбір азаматқа арналған», - деді ол.   

Министр өткен жылы жеке  үй салуға арналған 70 мың жер учаскесін инженерлік желімен қамтамасыз етілгенін айтты.

«Биылдан бастап жыл сайын 40 мың учаскеге инфрақұрылым желілерін тартуды жоспарлап отырмыз. Қажетті инфрақұрылымы дайын болған кезде 10 сотық жер кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Бұл бағдарламаның негізгі талаптарының бірі.Бүгінгі таңда 40,5 мың жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 16,5 мың учаскеге тапсырылды», - деді министр.

Министр айтқандай, 14 облыс орталығында, бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгені құрайтын бірыңғай сәулеттік стильде пилоттық жобаларды іске асыру жалғастырылуда. Бұл жерде құрылысқа тек отандық құрылыс материалдары қолданылатынын атап өту керек.

Қорытындылай келе, биыл Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2030 жылға қарай бір адамға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырғанын атап өткім келеді.

«Осы міндетке жету үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалардың механизмдерін жақсарту шаралары қабылданды. Егер ел тәуелсіздігінің 26 жыл ішінде біз 1,1 млн. баспана салған болсақ ( бұл шамамен жыл сайын 40 мың баспана), «Нұрлы жер» бағдарламасын 15 жыл іске асыру арқылы 1,5 млн. баспана салуды жоспарлап отырмыз. Бұл 100 мың баспана. Яғни, бұрынғыдан 2,5 есе артық баспана саламыз.Осылайша, азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешетін боламыз», - деп сендірді министр.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика