АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Қазақстанда егін жинау науқаны қалай өтіп жатыр

Биыл дәнді дақылдар 15,0 млн гектар алқаптан жиналатын болады, оның ішінде бидай – 11,1 млн гектар. Бұл 2017 жылғы деңгейден тиісінше 0,3 млн гектарға және 0,8 млн гектарға аз. Майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн. гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн гектарға көп. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, республика бойынша 20,0 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн. тонна деңгейінде күтілуде.
Астана қаласы19 Қыркүйек , 11:42

Көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн. тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын – 1,0 млн. тоннаға дейін жеткізуге, құрамажем және май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл  көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға КазАгро холдингі бюджеттік кредит қаражатынан 60,0 млрд. теңге бағыттады. 3,2 млн. гектардан астам алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді қолдау үшін 1985 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қаржыландырылды.

Егін жинау барысы

Ө.Шөкеевтің айтуынша, биыл  18 қыркүйекке дәнді дақылдар 8,9 млн. гектардан астам алқаптан немесе жиналуға жататын алқаптың 59%-ы жиналды, 11,2 млн. тонна астық бастырылды, түсімділік гектарына 12,5 центнер болды.

«Оңтүстік облыстарда дәнді дақылдардың 86%-ы, батыс облыстарда – 89%-ы, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда– 56%-ы жиналды.Ауа райы жағдайына байланысты егін жинау қарқыны былтырғыдан төмен.2018 жылғы қыркүйекке арналған ауа-райы болжамына сәйкес орташа ауа температурасы Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында нормадан жоғары, өзге аумақта норма шамасында күтілуде», - деді Ө.Шөкеев.
 

Министр атап өткендей,  айлық жауын-шашын көлемі Батыс Қазақстан облысында нормадан жоғары, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау және Атырау облыстарында, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының солтүстік-батыс бөлігінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде норма шамасында және қалған аумақта – нормадан төмен күтілуде.

«Әлі 6,1 млн. гектар алқаптан дәнді дақыл жиналуы керек. Қолда бар егін жинайтын комбайндардың күндік өнімділігі 800,0 мың гектарға жуық болғанда және ауа райы қолайлы болған жағдайда егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар.Сонымен қатар түскен ылғал өскіндердің пайда болуына, арамшөптердің көбеюіне әкеледі, бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады», - деді министр.
 

АШМ басшысы айтқандай,  осыған байланысты облыс әкімдіктері өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын пайдалану, егін жинауға кедергі жасайтын проблемалық мәселелерді шешу арқылы егін жинау қарқынын арттыру шараларын қабылдаулары қажет.

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттігі 394 мың тоннаны құрайды. Бұл қажеттілік Энергоминімен бірлесіп, Облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесімен анықталған.14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель (68%) жөнелтілді.Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды (жанар-жағармай бекетінде литрі 191 теңге), бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан», - деді Ө.Шөкеев.

Министрдің айтуынша,  жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді.

«Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша базистік ылғалдылық 13,5% болғанда бастырылған астықтың 50%-нан астамының ылғалдылығы 20%-дан жоғары.Қазіргі таңда қазан-қараша кезеңіне астықты кептіруге 6 облыстан 85 мың тонна қосымша дизель отыны көлемін бөлуге өтінімдер түсті.Энергоминінен егін орағы жұмыстарына қыркүйекте бекітілген баға деңгейінде, яғни тоннасына 181,0 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу зауыттарынан дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін көрсетілген облыстарға қосымша дизель отыны көлемін бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз», - деді ол.

Техниканың дайындығы

АШМ басшысы айтқандай,  жалпы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының 96 %-ы дайын және егін жинау жұмыстарына қатысуда.

«Қазіргі кезде шаруаларда 14 мыңнан астам өнімділігі жоғары егін жинайтын комбайндар бар, олармен дәнді дақылдар алаңының 70%-дан астамын жинау болжануда.Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру және шаруаларды қаржылай қолдау мақсатында Министрлік биылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін арзандату бағдарламасын қайта іске қосты, инвестициялық субсидиялау бағдарламасын өзектендірді.Бұл бағдарламаны іске асыру үшін ағымдағы жылы бюджеттен 21,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасы лизингін жылдық 17% аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен субсидиялау көзделуде, оның 10% республикалық бюджеттің есебінен өтелетін болады», - деді Ө.Шөкеев.

Бұдан басқа 2016 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде инвестициялық субсидия төлеу жүзеге асырылуда (субсидия нормативі техника құнының 25%-ы құрайды).

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде республикада жалпы сыйымдылығы 13,6 млн. тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді, олар әкімдіктер беретін лицензия негізінде астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметін көрсетеді.

«Астық қабылдау кәсіпорнының материалдық техникалық базаларын жаңа өнім астығын қабылдауға дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.17 қыркүйекке 160 астық қабылдау кәсіпорны (82%) біліктілік талаптарына сәйкестікке тексерілді.Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 13,1 млн. тонна астық сақтауға арналған сыйымдылықтар бар. Осылайша астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 26,7 млн. тоннаны құрайды, бұл күтілетін жаңа өнім астығын ескергенде астық сақтауға жеткілікті», - деді ол.
 

2018 жылы аса қауіпті зиянды организмдердің 5,1 млн. гектар алқапта, оның ішінде үйірлі шегірткенің – 1,9 млн. гектар, дәнді дақылдардың аурулары – 2,4 млн. гектар және сұр астық көбелегінің – 0,6 млн. гектар алқапта таралуы болжанған болатын.Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 1,7 млн. гектар, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы (қоңыр тат, септориоз) 2,8 млн. гектар алқапта, оның ішінде республикалық бюджеттің есебінен – 544,0 мың гектар, шаруалардың қаражаты есебінен – 2260,0 мың гектар алқапта жүргізілді, сұр астық көбелегіне қарсы өндеу 425,0 мың гектар алқапта жүргізілді.

2019 жылдың өніміне тұқым дайындау бойынша жұмыстар жалғасуда. Дәнді дақылдар тұқымының 563 мың тоннадан астамы немесе қажеттіліктен 22,4%-ы дайындалды. Егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша қол қойылған меморандумдарды ескере отырып, әрбір облысқа тұқым дайындау жоспары жеткізілді.

Республикада тұқым өндірумен 334 аттестатталған субъекті айналысады, оның ішінде 43 бірегей тұқым өндіруші, 108 элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, 183 тұқым шаруашылығы.
Ағымдағы жылы 72 тұқым өндіруші қайта аттестаттаудан өтті, сонымен бірге жылдың соңына дейін 20 субъект қайта аттестаттаудан өтетін болады.

Астық экспорты

Жаңа өнім астығын экспортқа шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Былтыр астық тасымалдайтын вагондардың тапшылығын байқаған болатынбыз, биыл өзге мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алдын-ала жұмыстар жасаудамыз және логистика мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
Мысалы, қазақстандық тауарларды транзиттік елдер арқылы тасымалдаудың жоғары тарифтері проблемасы бойынша мұндай тарифтерді төмендету жөнінде жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ жаңа балама бағыттар пысықталуда.

Премьер-Министр жауын-шашынның әсерінен негізгі астық егетін өңірлер былтырғы жылмен салыстырғанда егін жинау кестесінен 20-25%-ға қалып келе жатқанын айтты. 

Бақытжан Сағынтаев қазіргі ауа-райын қолданып, егін жинау жұмысын уақытылы аяқтауды тапсырды.  

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика