Адами капитал

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі сақтала бермейді

Еңбекті қорғауды басқарудың өтемдеу үлгісінен өндірісте жұмыскерлердің денсаулығы мен өмірін сақтау үшін алдын ала әрекет қолдануды іске асыруға, қолайсыз еңбек жағдайларына байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін жүйеге көшу – Қазақстандағы еңбекті қорғауды реформалаудағы негізгі мақсат. Дәл осылай «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК бас директоры, техника ғылымдарының докторы Серікқали Бисақаев пікір білдірді.
Астана қаласы13 Қыркүйек , 17:30

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарында өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды алдын ала ескерту және алдын алу, еңбек процесінде адам өмірі мен денсаулығын сақтау көзделеді.

«Мемлекетіміз Халықаралық еңбек ұйымының № 187 Конвенциясын бекіту арқылы кәсіптік қауіптерді басқаруға көшу бойынша алғашқы қадам жасады, оның ережелеріне сәйкес жұмыс орындарында кәсіптік қауіптерді басқару жүйесін енгізу талаптары қамтамасыз етілуі тиіс.Еңбекті қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді өз мойнына алу әлеуметтік жаңару қағидаттарына жауап береді және Мемлекет басшысының қауіпсіз еңбек жағдайларын құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», - деді ол.

Оның айтуынша,   өткізіліп жатқан шараларға қарамастан, республикамызда жұмыскерлердің зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары болып қалып отыр. Бүгінгі таңда тұтастай алғанда республика бойынша жұмыскерлердің 22 %-ы гигиеналық нормативтерге жауап бермейтін жұмыс орындарында еңбек етуде, кейбір салаларда – 40–60 % көлемінде.

«1 000 жұмыскерге шаққанда адам өлімімен аяқталатын жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті Қазақстанда 0,05-ті құрайды, бұл дамыған елдердегіге қарағанда жоғары, бұл ретте адам өлімімен аяқталған жарақаттану жағдайларының өндірістегі жазатайым оқиғалардың жалпы санына арақатынасы 9 %-ды құрайды, бұл жасырын жарақаттану деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді», - деді С.Бискақаев.

Профессордың айтуынша,  қазіргі нарықтық жағдайларда қолданыстағы еңбекті қорғауды басқару жүйесінің өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталуы нашар, жұмыс берушілер мен сақтандыру ұйымдарын еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды, жарақаттану себептері үшін жауапкершілікті зардап шеккен адамның өзіне артып қояды, шығын тудырады әрі өтем жасауға әкеледі, жұмыскерлердің жарақаттануы мен ауыру салдарын жоюға, зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеуге бағытталған.

«Қазақстан Республикасындағы еңбекті қорғауды және еңбек қауіпсіздігін басқару саласында түбегейлі өзгеріс жасау қажеттігі өзекті екені айқын.Осыған байланысты еңбекті реттеудің отандық тетіктерін әзірлеу мен жеттілдіруді еңбек қатынастарының әлемдік жүргізілу деңгейіне бағытталу тұрғысынан және үздік алдыңғы қатарлы тәжірибелерді пайдаланудың мақсатқа сәйкестігі тұрғысынан қараған жөн. Республикамызда еңбекті қорғауды басқару жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты еңбекті қорғауды басқарудың өтемдеу үлгісінен өндірісте жұмыскерлердің денсаулығы мен өмірін сақтауға алдын ала әрекет қолдануды іске асыруға, сондай-ақ қолайсыз еңбек жағдайларына байланысты шығындардың барлық түрін азайтуға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы жүйеге көшу болуы тиіс», - деді ол.

Бас директор атап өткендей,  дамыған елдердің оң тәжірибесін негізге ала отырып, өндірістің және еңбекті ұйымдастырудың қазіргі техникалық деңгейінде жоюға келмейтін зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайларындағы ауыр еңбек үшін кепілдіктер мен өтемақылар белгілеу және беру жүйесін реформалау қажет.

«Қағаз жүзінде «тізім» бойынша кепілдіктер  беруден жұмыскердің ағзасына келтірілген тек нақты зиянды әрі қауіпті әсер ескерілетін тәсілге біртіндеп көшу 2016 жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414 - V жаңа Еңбек кодексі енгізілген соң басталды.Мемлекеттік деңгейде реттеу үшін бұл бағытта бағдарламалық кешенде жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын бағалау нәтижелері деректерінің электрондық банкін құруды енгізу қажет», - деді ол.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесін   жетілдіру бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырудың келесі бір айтарлықтай маңызды қыры – жұмыс берушілердің экономикалық тұрғыдан еңбек жағдайларын жақсартуға және жарақаттануға жол бермеуге мүдделілігін туғызу тетіктерін енгізу қажеттігі. Бұл шараларды төмендегідей жүзеге асыру көзделіп отыр:

–       біріншіден, салық салу және жеңілдіктер жүйесін пайдалану арқылы жұмыс берушілерді ынталандыру тәжірибесін енгізу, сондай-ақ сақтандыру тетіктерін жетілдіру;

–       екіншіден, еңбек қауіпсіздігімен және еңбекті қорғаумен (бұдан әрі – ЕҚжЕҚ) байланысты құқық бұзушылықтар үшін жұмыс берушілерге өте көп мөлшерде айып санкцияларын енгізу;

–       үшіншіден, жазатайым оқиға басталған кезде жұмыскердің жауапкершілігін жоюды заңнама жүзінде белгілеу, яғни жұмыскердің кінә дәрежесін ескермеу және жалақыдан (кірістен) айырылуға байланысты зиянды өтеу бойынша барлық шығыстарды, сондай-ақ оңалту шығындарын жұмыс берушіге және сақтандыру ұйымдарына (Германия мен Жапониядағы сияқты) жүктеу.

Профессор айтқандай,  стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген басым бағыттарды іске асыру еңбекті қорғауды басқару жүйесін ХЕҰ стандарттарымен сәйкестендіруді көздейтін және жарақаттану көрсеткіштерін дамыған елдердегі деңгейге төмендетуге бағытталған ғылыми зерттеулердің мемлекеттік маңыздылығын айқындайды.

«Халықаралық еңбек ұйымы еңбек жағдайлары қауіпсіз елдер әлдеқайда бәсекеге қабілетті екенін көрсетті және стандартқа негізделген тәсіл барынша тиімді болып отыр. Сонымен бірге кәсіпорындарда ҚР-да бекітілген стандарттарды, мысалы, ХЕҰ - ЕҚБЖ - 2001 және OHSAS 18001 стандарттарын енгізудің тәжірибелік мәні олардың тендерлерде бәсекелік артықшылыққа ие болу мақсатында қағаз жүзінде енгізіліп, сертификатталуында, не болмаса бұл серіктес кәсіпорындардың талабы болып табылады. Осыған байланысты еңбекті қорғауды басқару жүйесін құру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі, өйткені Қазақстанда қолданылып жүрген басқару жүйелерінің стандарттарында өндірістің салалық ерекшелігі ескерілмейді және отандық жағдайлар мен ерекшеліктерге бейімделмеген», - деді ол.  

Оның айтуынша,  жаңа еңбекті қорғауды басқару жүйесіне тән ерекшелік кәсіпорынның экономикалық қызметінің түріне және көлеміне байланысты саралап қарау болуы тиіс.

«Ұлттық еңбекті қорғауды басқару деңгейінде ерекше тәсілмен қарауды қажет ететін шағын кәсіпорындарға үлкен көңіл бөлінетін болады, сондықтан нормативтік талаптарды қамтамасыз етуді жеңілдететін арнаулы оңайлатылған рәсімдер әзірленеді. Бұл ретте кәсіптік қауіптерді басқару жүйесіне көшу экономикалық тұрғыдан жұмыс берушілерді ынталандырудың барлық қатар қолданылып жүрген жүйелері, өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру, жұмыс орнындағы еңбек жағдайларының жай-күйіне байланысты жеңілдіктер мен өтемақыларға кепілдік беру тетігі арасындағы нақты өзара байланысты белгілеу арқылы қамтамасыз етілуі тиіс», - деді С.Бисақаев.

Айта кетейік,  зерттеушілердің, кәсіпорындар тарапынан сарапшы - тәжірибешілердің және мемлекеттік органдар өкілдерінің белсенді түрде ынтымақтастық орнатуы арқылы қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми инновацияларды өндірісте іс жүзінде іске асыру мүмкіндігі тиімді инновациялық ЕҚБЖ құрудың кепілі болып табылады.

Аягөз Құрмаш 

 

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика