Сараптама

Өзін өзі қамтығандар жаңа салық саясатын құтқара ала ма?

2018 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Жазғы демалыста депутаттар өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысты. Демек, халықты не толғандырады, қандай өзекті мәселелер бар екенін көзбен көріп, өз құлақтарымен естігендері рас. Өйткені депутаттардың қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолында қызмет етулері – олардың басты міндеті. Хош. Елбасы ел аралап келгендерге не тапсырды, қандай маңызды мәселелер бар? Ой жүгіртейік.
Нұр-Сұлтан04 Қыркүйек , 16:42

Қос палатаның жазғы демалысынан кейінгі бірлескен жиында   Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар назар аударуы тиіс негізгі басымдықтарды, яғни қажетті заңнамалық актілерді дереу қабылдауды айқындап берді.

Олар:

1. Өзін-өзі қамту саласында.
2. Тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық.
3. Табиғи монополия.
4. Орта және шағын бизнес.
5.  Ауылшаруашылығы кешені.
6. Рухани жаңғыру.
7. Түркістан облысы.

Осы орайда, 2018 жылғы 1 қыркүйекте Парламентте, қалың папкалардың арасында жатқан және таяу арада қаралатын заң жобаларын зерделедік. Жалпы Парламенттің қарауында  –  58 заң жобасы бар, оның ішінде Сенаттың қарауында  –  8, Мәжілістің қарауында – 50.  

Демек, берілген деректерді зерделей отырып, келесі қорытындыларды жасауға әбден болады.

Біріншіден, Елбасы айқындаған 7 басымдық Парламентте шоғырланған барлы заң жобалардың небары 12% құрайды. Бұның тым аз екенін айтудың қажеті де жоқ шығар.

Екіншіден, барлық 58 заң жобасының шамамен 48-50% - халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялауға байланысты. Ұзын сөздің қысқасы, біздің алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының негізгі күш-жігері халықаралық шарттар мен келісімдердге жұмсалатын болады. Қалған жартысы ғана қазақстандықтардың қал-қадіріне, яғни, ішкі экономикалық-әлеуметтік һәм рухани дүниемізге қалады екен.

Үшіншіден, төмендегі кестеде, Парламент Мәжілістің қарауындағы заң жобалар беріліп отыр. Барлығы 50, қалған 8 Сенатта.

Біздің зерттеулеріміз бойынша  Елбасы айқындаған басымдықтар аясында шешілмей тұрған өзекті мәселелер бар. Мысалы.

 Өзін-өзі қамту саласында. Халықтың 2,1 млн. өзін-өзі қамтамасыз етуде. Олар Үкіметтен ештеңе сұрап отырған жоқ, тек бізге тиіспе деп отыр. Егер мемлекет тұтас төлем енгізіп олардан салық ала бастаса, осы іс-шараның басты мақсаты – фискалдық екені байқалып қалады. Енді осы жобаны әзірлеген Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек экономиканың көптеген салалары мен кәсіпорындарға беріліп отырған салық  жеңілдіктерінің көлемі 1 трлн.теңгені құрайды екен. Ал үкіметтің елдегі экономикалық ахуалды түзейік деп істеп отырған іс-шаралары  Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарына қайшы келеді. Біз аталған ұйымға толығымен 2020-2021жж. Кіруді жоспарлап отырмыз. Үлкен сауда ұйымына ену алдындағы бұл әрекетіміз бізге абырой әкеле ме? Меніңше, өзін-өзі қамтушы азаматтардың қалтасына қол салмай, осы салықтық жеңілдіктерді алып тастағанда, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азаматтарды тиіспей, Үкімет қосымша бюджетке 1 трлн.теңге қаражат жинар еді.

  Табиғи монополия. Қазақстан заңнамасы аясында монополияның екі түрі бар. Біріншісі – табиғи монополия (жарық, жылу, т.б.). Екіншісі – доминанттар, яғни нарықта үлес салмағы 35% асатын кәсіпорындар. Осындай кәсіпорындар өзінің өнімдеріне деген бағаларды өз еркімен көтере алмайды, міндетті түрде құзырлы мемлекеттік органдармен келісе отырып шешеді. Ал егер әлгі кәсіпорындардың түгелдей мемлекет бақылап, қадағалап отырса, Қазақстанда шынай «нарықтық экономика» құрылды деп айта аламыз ба? Қайдам?!

 Сонымен қатар, біздің, яғни Экономикалық саясат институтының зерттеуі бойынша, 2015-2016 жж. Ресейге көршілес кейбір облыстарымызда солтүстік көршілеріміздің кәсіпорындары өндірген (импортталған) кейбір ауыл шаруашылығы мен тұтынатын азық-түлік таураларының бағасы Ресей нарығынан әлде қайда төмен, яғни арзан сатылған. Сонда ресейлік кәсіпорындар өздері шығынға бата отырып, осындай қадамға барды деген сөз бе? Олай болуы мүмкін емес. Бұл дегеніңіз нонсен! Экономика заңдалығына еш сәйкес келмейді. Оның үстіне, бұл Еуразиялық экономикалық одақ шартының нормаларына қайшы келеді. Дегенмен, РФ осы аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындарына жасырын дотация немесе субсидиялар беріп отыр ма, деген күдіктің құлағы қылтияды.

Бірақ, осыған қарамастан, Ұлттық экономика министрлігі және өзге де құзырлы органдар осы мәселені шешуге немесе соған сәйкес қандай да бір  шара қабылдап, қадамдар жасамады.

 Орта және шағын бизнес. Қазақстан халқына арналған Жолдауында Н.Ә.Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың экономикадағы үлесі не бары 26% екенін, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 %-ға көтеру керектігін айтқан болатын.

 Сонымен қатар елдегі 1000 адамға шаққандағы шағын және орта кәсіпорындар саны да анау айтқандай көп емес. Ел аумағында бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда - 13,7 болса, әлемдегі дамыған елдерде  - 30-50. Демек, осы көрсеткішті 3,2 есе ұлғайту керек.

 Қазақстанда кәсіпкерлік дамуының өзекті мәселелеріне келетін болсақ, оларды былайша көрсетуге болады:

-  Орта және шағын бизнес инфрақұрылымының әлсіздігі

- Қолданыстағы заңдарды жергілікті жерлерде орындау дәрежесінің төмендігі;

- Салық салу және салықтық тексеру үдерістердің күрделілігі;

- Қаражатты алуға және айналым қаражатын толықтыру үшін  қаржы ресурстарының тапшылығы;

- Осы салада ақпараттық қолдаудың тұтас жүйесінің жоқтығы;

- Саланы дамытуда әкімшілік тосқауылдардың орын алуы;

- Кәсіпкерлікті инновациялық тұрғыдан қолдаудың әлі де қалыптасып болмауы;

- Рыноктық қатынастардың, шағын бизнесте бәкелестік қатынастың дамуына монополиялардың кедергі болуы;
т.б.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша елімізде 1,1 млн. шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер қаражатқа ауадай мұқтаж. Бірақ біздің Үкімет қыруар ақшаны екінші деңгейдегі банктерге жаппай беруде.

Тиісті қаржы ресурстары оларға қол жетімді болмағасын, экономикалық өсу қарқыны да  азайды. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі бағыттарының біріне қайшы. Біздің отандық кәсіпкерліктің тұралап қалуының салдарынан, көрші ресейлік бизнес топтары біздің рынокқа кіріп, әбден жайғасып алды. Оған дәлел – Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда балансында көрші ел 7,4$  млрд. алда келеді. Демек, шұғыл түрде қандай да бір шаралар қолданып, осы аралықтағы үлкен айырмашылықтың орнын толтыру қажет.   

Ауылшаруашылығы кешені. Агроөнеркəсіп саласында төмендегідей проблемалар сақталып отыр. Коммерциялық ақпараттың жеткіліксіздігі, нарықтық конъюнктураның өзгеруі, нарықта жұмыс істеу тəжірибесінің жоқтығы және т.б.

Ауыл шаруашылығы саласында «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы, оның ішінде отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабілеттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Дегенмен, еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, қолданылатын технологиялардың жетілмеуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы - оның кең көлемде дамуына мүмкіндік бермей отыр.

Экономиканың аграрлық секторындағы экономикалық агенттердің мүдделерін үйлестіру, көбінесе оларды нарықтық жəне мемлекеттік реттеу нысандарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын ынталандыру арқылы қол жеткізілуде.

 Ауыл шаруашылығы өндірісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Басқа салаларға қарағанда, тəуекелдік (құрғақшылық, су тасқыны жəне т.б.) ерекшелігімен, сұраныс пен ұсыныстың ұдайы өзгеруі, техникалық үдерістің шапшаңдығымен ілесе алмауымен сипатталады.

Ауыл тұрғындары жалпы халықтың 40% құрайды десек, олар шығарған өнімінің үлесі ІЖӨ 5% ғана құрайды екен. Бұл нағыз кедейшіліктің көзі ауылда сақталып отыр деген сөз. Өйткені ауылда өндірілген 5% қосымша құнды 8 млн. халыққа бөлгенде тым аз келеді. Тіпті, көлеңкелі экономика аясын алғанда да, бұл өте аз.

  Сондықтан макроэкономикалық тұрғыдан жоғарыда көрсетілген 5% бен 40% арсындағы диспропорцияны дереу өзгерту керек, егер елге жақсы болсын десек, әрине, жақсы жағына қарай.  

Әрине, біз тек қана бірнеше бағытта қалыптасқан проблемаларды ғана алдық. Осындай мәселелер өзге салаларда сақталып отыр.

Сөз жоқ, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы, «7–20–25» бағдарламасы, қосымша 20 мың білім грантын бөлу, 70 мың орындық жатақхана салу, жалақысы төмен азаматтардың табыс салығын 10 есе азайту,  жеке іс бастауға берілетін шағын несиелер көлемін 62 миллиард теңгеге көбейту секілді жұмыстардың алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Ол өз алдына жеке тақырып.

 

Қайырбек Арыстанбеков

 




Яндекс.Метрика