Өңірлер

Ақтөбе облысында қандай әлеуметтік-экономикалық шаралар жүзеге асырылуда

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа пәтер иелеріне тапсырылды.«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Қазақстандық ипотекалық компания» арқылы 566 пәтерге арналған тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында екі жаңа мектеп есігін айқара ашты. Өңірдің жаңадан ашылған нысандары мен әлеуметтік жағдайы туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы03 Қыркүйек , 12:15

90 пәтер кезекте тұрған көп балалы және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, толық емес отбасы, мүгедек балалары бар отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне үлестірілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан қоныстанушыларды  өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады.

«Әр адам үшін үйдің ерекше мәні бар. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде осы аудан дәлел - бірнеше жыл бұрын мұнда ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын ауданы салынған. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жылы 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл біз кем дегенде 900 мың шаршы метр пайдалануға береміз» - деді аймақ басшысы.

Пәтер кілтін алғандардың бірі – көз ауру бойынша мүгедек Шайзада Жазылбаева. Ол көп жылдар бойы тұрғын үйді жалға алғанын айтты.

«Мен кезекте 11 жыл қатарынан тұрдым. Алты адамнан тұратын біздің отбасымыз ұзақ уақыт бойы үйді жалға алдық. Жақында бізге екі бөлмелі пәтер алатынымызды хабарлады. Мен әлі күнге дейін толқып жүрмін», - деді ол.

Жыл басынан бері Ақтөбеде 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін облыста 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қызылжар ауылында қазақ ақыны М.Мақатаев атындағы 300 орындық мектеп ашылды. Екі қабатты 3 мыңға жуық шаршы метр аумағы бар оқу ғимараты оқушылардың оқуы мен жаттығулар, сондай-ақ мәдени және спорттық тәрбие алуын қамтамасыз етуге арналған. Мектеп 21 класқа арналған және екі ауысымда жұмыс  жасайды.

 Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқушылар мен мұғалімдерді маңызды шарамен құттықтады.

 «Мемлекеттің дамуы бірінші кезекте азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез-келген мемлекет әлеуметтік салаға назар аударады. Сіздер жақсы білесіздер, Қазақстанда бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, театрлар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Мұның барлығы біздің мемлекетіміз әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуы үшін бағытталуда. Бүгінгі Қазақстан – танымал, жетістікті меңгерген мемлекет, бірінші кезекте, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесінде болып отыр», - деді аймақ басшысы.

Мектепте кең спорттық және акт залынан бөлек, химия және биология, ағылшын тілі, кітапхана, медиатека кабинеттері бар. Бірінші қабатта 100 орындық асхана, кіре берісте кіретін турникет орналастырылған.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңдары, жүгіру жолдары орналасқан. Ерекше қажеттілігі бар балаларға лифт пен ұстайтыны бар пандустар қойылған.

Осындай мектеп Жаңақоныс ауылында да ашылды. Оған  қазақ ақыны, публицист С.Дөнентаевтың аты берілді. Оқу ғимаратының арнайы кластарында технология бойынша сабақтар өтіп, онда тігін ас әзірлеу, ағаш пен металдарды өңдеуге арналған станоктар қарастырылған.

Мектептердің аумағында заманауи шынайы жабындар және волейбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары, ойын алаңдары бар.

Айта кетейік,  биылғы жылы облыс көлемінде 26 мектеп құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 15 мектеп беріліп, оның ішінде 9 мектеп жаңа оқу жылынан бастап жұмыс істейтін болады. Салынып жатқан мектептер  14 үш ауысымды мектеп, 2 апаттық, 2 мектеп орын тапшылығын және 8 ескірген мектептердің мәселелерін шешеді.

Сонымен қатар,  Ақтөбе қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған екі жаңа мектепте алғашқы қоңырау жасалды.  «Ясное-2» ауылында 600 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы ашылып, оған белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Онанғарсынованың есімі берілді.

 Аумағы 10,3 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты оқу ғимараты балалардың жаттығуға және бос уақытына, сондай-ақ мәдени және спорттық, білімге деген қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген. Мектеп 29 сыныпқа арналған және екі ауысыммен жұмыс істейді: бірінші қабатта 210 орындық асхана бар, кіреберісте турникеттер бар.

 Мектепте қажетті жабдықтарымен спорт және акт залдары, информатика, физика, химия және биология кабинеттері, ағылшын тілі, медиа-кітапхана және 22 мың кітап қоры бар кітапхана бар. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін лифт пен ұстайтыны бар пандустар қойылған. Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу ойын және спорт алаңдары, жүгіру жолдары орналасқан.

 Қалалық Сүт зауыты ауданында 600 орындық тағы бір мектеп ашылды. Бұл мектеп отандық ғалым-археолог, тарихшы Әлкей Марғұланның есімімен аталады.

Сонымен бірге, оқушыларды жалпы білім беру мекемелеріне қауіпсіз тасымалдау мәселесі жергілікті билік органдарының басымдықтарының бірі болып табылады. Осыған байланысты «Бақытты бала» аймақтық жобасының аясында 10 мектептің директорлары жаңа Iveco шағын автобустарының кілттерін алды. Отандық өндірістің ыңғайлы автокөлігі облыс орталығының шалғай аудандарынан балаларды тасымалдау үшін арналған.

Биылғы жылы Ақтөбе облысында 15 жаңа мектеп ашылады, оның 9-ы 1 қыркүйекке дейін алғашқы оқушыларын қабылдайды.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының медицина саласында да  жаңалықтар аз емес.  Өңірде  органдарды трансплантациялаудың елуінші операциясы жасалды.

Жақында Ақтөбеде бүйрек трансплантациялаудың кезекті операциясы жүргізіліп, онда науқастың өз қарындасы донор болды, осылайша ол ағасына екінші өмір сыйлады. Бұл Ақтөбе жеріндегі елуінші мерейтойлық операция болғандықтан дәрігерлердің арнайы есебіне алынды. Соңғы жылдары Ақтөбе дәрігерлері бүйректі трансплантациялау бойынша 38 операция, бауырды трансплантациялау бойынша 12 операция жасады.

Айта кетейік,  Ақтөбе медициналық кластері трансплантациялауды одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс жасауда. Басты мақсат - бүкіл Батыс өңірінің тұрғындары үшін органдарды трансплантациялауды жүзеге асыру, осылайша республикамыздың тұрғындарының денсаулығын жақсарту.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика