Сараптама

Қоғам дамуындағы Конституция

Конституция – еліміздегі ең жоғарғы заңдық күшке ие құжат. Қазақстан қоғамындағы саяси және экономикалық реформалар, тұрақтылық пен келісім, заманауи мемлекеттің халықаралық жетістіктері Конституцияда бекітілген қағидаттармен тығыз байланысты. Қазақстанның ширек ғасырлық кезеңдегі әлемдік аренадағы бейбітсүйгіш, бітімгерлік, теңгерімді қарым-қатынасы Конституция баптарындағы құндылықтардың жемісі деп айтуымызға болады.
Астана қаласы30 Тамыз , 16:48

Кеңес Одағы тараған соң, Қазақстан экономика, саясат және әлеуметтік салада өзіндік даму моделін құруы қажет болды. Ел Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Аталған ұстаным «советтің сауытынан» шыққан жас мемлекет үшін санада сілкініс тудыруы қажет еді.

Қазіргі уақытта «әлеуметтiк мемлекет» конституциялық идеясын немесе конституциялық қағидатты iске асырудың аса зор маңызы бар. Әлеуметтік мәселелер кеңестік қоғам кезінен ең өзекті болып келді. «Әлеуметтік мемлекет» ұғымы өткен жүзжылдықтың екінші жартысында саяси дамудың маңызды факторы ретінде санала бастады. Қоғам дамуының критерийлерін анықтауда, демократия жағдайы мен азаматтық қоғам институтының рөлін, әлеуметтік-экономикалық және саяси даму механизмдерін нығайтуда әлеуметтік мемлекет құру қадамдары маңызды.

1995 жылғы Конституцияның 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет деп бекітті. Қазіргі экономикалық жағдай Қазақстанда сондай мемлекет қалыптасты деп айтуға мүмкіндік бермейді, дегенмен Республиканы әлеуеметтік мемлекет деп жариялау фактісі, сонымен қатар сол бағытта әзірленіп жатқан және қабылданған шешімдер халықтың, азаматтардың мүдделері, мұқтаждықтары өзекті мәселе болып табылады.  

Шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, әлеуметтік мемлекеттің табысты жұмыс істеуі қарқынды дамыған, тиімді және барлық деңгейдегі азаматтардың қызығушылығына қызмет ететін экономикадан негіз алады. Осы көрсеткішке жету үшін Қазақстан құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру, әсіресе өтпелі кезеңде орнықты әлеуметтік саясат жүргізу үшін дамыған елдердің оң тәжірибесін ескеріп отырады.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында XXI ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің ішінде сегізінші болып «Үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық» көрсетіледі. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік екені анық. Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыссыз отырғаны белгілі. Еуропалық Одақта жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болуда. Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады».

Заман дидарының өзгеруі жағдайында конституциялық реформа жүргізу халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жағдай. Мәселен, 2018 жылы 11 наурызда Қытай депутаттары жабық дауыс беріп, Конституцияға өзгерту қабылдады. ҚХР БХӨЖ 13-шақырылымы 1-сессиясында Конституцияда қатталған иероглифтер соңғы 14 жылда қайта қаралды. Қытай сияқты алпауыттың Басты заңын түзету ішкі саяси реформа ғана емес, халықаралық қатынастар жүйесіне ықпал ететін оқиға. Қолданыстағы Конституция 1982 жылы бекітіліп, әлеуметтік-экономикалық модернизациямен қатар бес жыл сайын түзетіліп отырған. Осы кезеңдегі конституциялық реформа экономикалық сипатта болды. ҚКП ОК соңғы ұсыныстары – ҚХР мемлекеттік басқару саласындағы жүйелі бетбұрыс. 

Қырғызстанда соңғы  конституциялық өзгертулер 2017 жылы күшіне енді. Конституцияның жаңа редакциясы бойынша, Президенттің бірқатар өкілеттілігі бөлініп, Премьер-министрдің қызметіне қосымша басымдық берілген еді. Көршілес Тәжікстан Республикасының Басты заңы 1994 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданып, 1999, 2003, 2016 жылдары өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал Өзбекстанның Конституциясы 1992 жылы қабылданып, 2003, 2007, 2008, 2011, 2014 жылдары әртүрлі баптарға түзетулер қосылды.

Тәуелсіз Қазақстан да жаңа технологиялық дәуірдің сын-қатерлері мен сұраныстарына сай болу үшін сындарлы кезеңде әлеуметтік-экономикалық және рухани модернизация үрдісін дер кезінде қолға алды. Оған қажетті бағдарламалық негіз толығымен қалыптасқан. Қазақстан Конституциясы өз өміршеңдігін көрсетіп, заманның беталысына сәйкес өзгерістер енгізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 1998 жылы Конституцияның 19 бабына, 2007 жылы депутаттарды сайлау туралы, 2011 жылы ҚР Президентінің өкілеттілігі туралы өзгертулер енгізілді. Соңғы 2017 жылғы конституциялық реформаға сәйкес, ҚР Президенті 45 өкілеттілігін Үкімет пен Парламент арасында бөліп, олардың саяси шешім қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл саяси модернизация мемлекетіміз үшін тағдырлы мәселе және Төртінші өнеркәсіптік революцияға бейімделу мақсатында орындалған маңызды шара болып саналады.

Жалпы алғанда, мемлекетті қалыптастыру үрдісі - мемлекет пен қоғамда тұрақты жүргізілетін және экономикада, саясатта, рухани өмірдегі өзгерістерге сәйкес өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отыратын үздіксіз іс-әрекет. Бұл конституциялық құқықтық қатынас субъектілерінің, халықтың, әлеуметтік топтардың, мемлекеттің, оның органдарының, лауазымды тұлғаларының күш-талпынысын қажет етеді. Елбасының өз өкілеттіліктерін бөлуінен басталған реформа қоғам өмірінің барлық саласында көрініс тауып отыруы тиіс.

Олжас Бейсенбаев 




Яндекс.Метрика