Өңірлер

Сенаторлар өңірлерде: Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай дамып жатыр

Қазақстан аймақтарындағы жергілікті халықтың тілектері мен ұсыныстары Парламенттің кезекті сессиясының жұмыс барысында ескерілетін болады. Өңірлерде іс-сапармен жүрген сенаторлар әр өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына мән берді. Сенаторлардыңенаторлардың өңірлерге сапары жайлы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы27 Тамыз , 11:55

Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева Алматыға жұмыс сапарымен барды. Астананың 20 жылдығына арналған «Туған ел» телебағдарламасына қатысқан сенатор онда Елорда мен тұтастай республиканың дамуы туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар, Д.Нөкетаева «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберіндегі Парламентінің заң шығарушылық қызметіне де тоқталып, қабылданған заңдардың мән-маңызына жан-жақты түсініктеме берді.

Сенатор Алматы қалалық «Тері-венерологиялық емханасында» болып, ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында сенаторға емхананың клиника-зертханалық, ұйымдастыру-әдістемелік көрсеткіштері таныстырылып, 2018 жылдың 7 айындағы аталған мекеменің қаржылық қызметі туралы мәлімет берілді.

Сондай-ақ, ол  емхана бөлмелерін аралап көріп, науқастармен әңгімелесіп, жағдайларын сұрады.

Емхананың материалдық-техникалық жай-күйін қарап шыққан сенаторға медициналық жабдықтардың тері-венерология және тері-косметология, эстетикалық медицина саласындағы қолданылу ерекшеліктерімен таныстырды.

 Сенатор емхана жұмысын одан әрі дамытудың келешегі туралы айта келіп, медициналық туризмді дамыту, медициналық қызмет көрсетуді әртараптандыру, шетелдік мамандандырылған және онымен байланысты денсаулық сақтау ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстарын айтты.

Өз кезегінде,  Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен Сенат депутаты Абдалы Нұралиев Бурыл ауылдық округіндегі "Яшар" шаруа қожалығында болып, егін алқаптарының жұмысымен танысты, диқаншылармен жүздесті.

Бектас Бекназаров 94 гектар егістік жері бар, оған қант қызылшасы, дәндік жүгері, жаздық арпа, көпжылдық шөп, қызанақ егіп, жиырма бес адамды еңбекпен қамтып отырған қожалық ұжымымен кездесті.

«Елбасы Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды міндеттеді. Осы салаға жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізуді тапсырды. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау басты бағыт болып табылады», -деп атап өтті Б.Бекназаров.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Сенат депутаттары Ботамойнақ ауылдық округіндегі С.Абланов атындағы орта мектебі мен жаңа оқу жылында ел игілігіне берілгелі отырған үш жүз орындық №4 мектеп лицейінің құрылыс барысымен танысты.

 «Адами капитал – жаңғыру негізі екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Бүгінде техника мен технология көз ілеспес жылдамдықпен тез дамуда. Президент білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы ретінде өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл – мектеп қабырғасынан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін басты талап болуға тиіс», – деді Сенат Төрағасының орынбасары Б.Бекназаров.

Сондай-ақ, сенаторлар Көктал ауылындағы "Дулат" шаруа қожалығының мал бордақылау алаңының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жұмыстарға оң бағасын берді.

«Қазір Сенат депутаттары барлық өңірлерде жүр. Олар облыстарда халықтың тілектері мен ұсыныстарын депутаттық сауалдар арқылы немесе дөңгелек үстелдерде, үлкен жиындарда көтеріп, заңнаманы уақыт талабына сәйкестендіруге атсалысады. Қыркүйек айының басында Парламент кезекті сессиясын жалғастырады. Сонда осында айтылған мәселелердің барлығы ортаға салынатын болады», -деді ол.

Сондай-ақ, Сенатор Асқар Бейсенбаев Түркістан облысында болды.

Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев Түркістан облысы Түлкібас ауданында жұмыс сапарымен болды.

 Іс-сапар барысында Сенатор аудандағы ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарды шолып, дихандармен жүздесті.

«Мөлдір» ЖШС-нің алма бау мен бидай алқабы және «Құлый» магистралді каналының қазіргі жағдайымен танысып қайтты.

 Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында соғылып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына тоқталып, аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің, Шақпақ ауылындағы туннель құрылысының жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, кездесулер кезіндегі жергілікті халықтың тілектері мен ұсыныстары Парламенттің кезекті сессиясының жұмыс барысында ескерілетін болады.
 

Аягөз Құрмаш 

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі




Яндекс.Метрика