Халықаралық интеграция

Мемлекет басшысы Арал тағдырын талқылайтын саммитке қатысу үшін Түрікменстанға барды

Қазақстан Президенті Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысу үшін Түрікменбашы қаласына барды. Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп, Аралды құтқару бойынша Халықаралық қоры құрылтайшы-мемлекеттерінің саммитіне қатысты. Сондай ақ, жиын барысында Қазақстан Президенті жиынға қатысушы елдердің басшыларымен жекелеген кездесулер өткізбек. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарлама негізінде жасалған Strategy2050.kz шолуы.
Нұр-Сұлтан24 Тамыз , 14:13

Бүгін Түркменбашыға табан тіреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірден Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.  Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен әңгіме барысында бүгінгі отырыстың маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі тараптың да стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендігінің айқын көрінісі саналатынын айтты.

– Мемлекеттеріміз арқылы өтетін Әмудария мен Сырдария өзендері бассейндерінің мәселелерін талқылаймыз. Бұл екі өзен біздің балаларымыз бен немерелерімізге өмір сыйлайды. Осы проблемаларды бірлесе талқылаудың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы саммиттің Түрікменстанда дер кезінде өткізіліп отырғанына тоқталып, Халықаралық Аралды құтқару қорының бұған дейінгі саммиті 2009 жылы өткенін атап өтті.

– Мен бауырлас Түрікменстанның даму барысын жіті қадағалап отырамын. Түрікмен халқына барлық жақсылықты тілеймін, – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.

Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіріп, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бауырлас елдерімізді біріктіретін Каспий теңізінің жағасына – Түрікменстанға қош келдіңіз! – деді Түрікменстан Президенті.

Түрікменстан басшысы Қазақстан Президентін Бесінші Каспий саммитінің табысты өтуімен және тарихи құжат – Каспий теңізіне қатысты конвенцияға қол қойылуымен құттықтады. Екі ел көшбасшылары Жол картасын іске асыру, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қарастырды. Соңында Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.




Яндекс.Метрика