Басқару

Елбасы Атырауда кеңес өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды. Мемлекет басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру барысында Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты. Іле-шала аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы24 Тамыз , 09:33

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу кезінде Елбасы қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ отаныңды сүюге негізделген салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.

Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы алаңда әйгілі күйшінің бюсті орнатылатын болады, – деді Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев.

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-сына 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті.

Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды.

2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.

Атырау жастарымен кездесуден кейін, Президент облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында зор жетістікке жеткеніне тоқталып, оған Атырау халқы да үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Біз 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Цифрлық Қазақстан», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары және «Бес әлеуметтік бастама» жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы нысандарды аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөніндегі есепті тыңдаған соң, жалпы, аймақтың экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты.

Атырау облысының әкімі өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде баяндады.

– Облыстың өңірлік жалпы өнімі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 1 646,2 миллиард теңгеге, индекс көлемі 112,1 пайызға жетті. Республиканың ішкі жалпы өніміндегі өңірдің үлесі 14 пайыз болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 миллиардқа артты. Нақты индекс көлемі – 112,6 пайыз. Еліміз бойынша өңірдің үлесі 27,7 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 21,8 миллиард теңге болатын әрі 331 жұмыс орнын ашуға арналған 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар бағытына қатысты оң нәтижелерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.

– Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өндіріс құруға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жобаларды жүзеге асыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты пилоттық жобаны жүзеге асырудың тиімділігін айтып, жергілікті атқарушы органдарға осы тәжірибені қолдануды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

Жиын соңында Қазақстан Президенті облыс әкімдігіне және орталық мемлекеттік органдарға өңір экономикасын әртараптандыру, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылысын тезірек аяқтау, аграрлық және қайта өңдеу саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ жүктелген міндеттер үшін басшылардың дербес жауапкершілігін бекіту жөнінде бірқатар тапсырма берді.




Яндекс.Метрика