Басқару

Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Атырау қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Қазақстан Президенті бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарды аралап, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мұнай-газ өндіру кәсіпорнында болып, жаңа технологиялардың қолданылу барысымен танысты. Шолу Ақорданың баспасөз қызметінің ақпараттары негізінде жазылды.
Астана қаласы23 Тамыз , 17:02

Елбасы «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Дәулет» жеке индустриялық аймағында болды. Мемлекет басшысы нан және макарон өнімдерін шығару жөніндегі цехты аралап көріп, осы жерде өндірілетін дайын өнім үлгілерімен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау облысындағы инвестициялық жобалар көрсетілді. Атап айтқанда, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр станциясы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.

 «Дәулет» жеке индустриялық аймағы – көп салалы заманауи кәсіпорын. Оның құрамында нан және кондитерлік өнімдер өндіретін «Дәулет Нан» зауыты, ауыз су дайындайтын цех, «Райхан» шаруа қожалығы, макарон өнімдерін өндіретін цех, диірмен, ет комбинаты, тігін цехы, сондай-ақ асфальтбетон зауыты жұмыс істейді.

«Дәулет» жеке индустриялық аймағында 244 жұмыс орны ашылған.

Бұдан кейін, Елбасы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына барды. Мемлекет басшысы Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда Елбасыға цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

– Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек, – деді Қазақстан Президенті.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Атырау облысының әкімі аталған электронды ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай ақ, Президент жұмыс сапары барысында "Жігермұнайгазсервис" ЖШС бас кеңсесіне барып, жұмысшылармен кездесті.

Елбасы өнім өндіру көлемін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәлдігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, робот көмегімен дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа зауытта ішкі нарыққа және экспортқа шығаруға арналған дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Қазақстан Президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу барысында өнеркәсіптің түрлі салаларында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, «Жігермұнайгазсервис» компаниясының өндірісін әртараптандырудың артықшылықтарын айтты.




Яндекс.Метрика