Инновациялар

KAZ Minerals жарты жылда қандай нәтижеге қол жеткізді

2018 жылдың алғашқы алты айында KAZ Minerals Тобы 139,6 мың тонна мыс өндірді. Бұл 2017 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 18%-ға артық (118 мың тонна). Өсімнің негізгі себепкері – Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін кен байыту фабрикасының (БФ) былтырғы жылмен салыстырғандағы арта түскен өткізу мүмкіндігі. Екінші тоқсанда кәсіпорын есептік қуатына жетті. 2018 жылдың жарты жылында қол жеткізілген нәтижелер туралы толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы26 Шілде , 14:34

Жалпы,  2018 жылдың бірінші жартысында Павлодар облысындағы Бозшакөл КБК-нде 49,8 мың тонна, ШҚО-ғы Ақтоғай КБК-нде – 60,5 мың тонна, Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде – 29,3 мың тонна мыс өндірілді.2018 жылы мыс өндірісі 270-300 мың тонна деңгейінде болады деп жоспарланған. Сондай-ақ, KAZ Minerals барлық металдар бойынша 2018 жылға жоспарланған көрсеткіштерді орындау жолында жұмыс істеп отыр.

«2018 жылдың бірінші жартысында Топ жоғары операциялық көрсеткіштерге қол жеткізді. Сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай БФ ұзақ уақыт бойы есептік қуатына жетіп, бұл деңгейде жұмыс істеді. Ақтоғай БФ-ның жоғары өткізу мүмкіндігі мыс өндірісінің 2017 жылдың бірінші жартысымен салыстырғандағы 18%-дық өсімге себепкер болды. KAZ Minerals 270-300 мың тонна көлеміндегі жоспарлы аралыққа жету және ілеспе өнімдерді өндірудегі көрсеткіштерді орындау бағытында жұмыс істеп жатыр», - деді   KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

Тау-кен жұмыстарын жүргізу жоспарына сәйкес бозшакөлдік кеннің құрамындағы мыстың орташа үлесі бірінші жарты жылда өткен жылдың осындай кезеңіндегі 0,56%-дан 0,49% азайды. Осыған орай, мыс өндірісінің көлемі 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4%-ға азайды (52 мың тоннадан 49,8 мың тоннаға дейін). Тоқсанға шаққанда мыс өндірісінде 15%-дық төмендеу байқалды: бірінші тоқсанда 26,9 мың тонна болса, екінші тоқсанда 22,9 мың тонна. Бұған кендегі метал үлесінің азаюы, өздігінен жартылай ұсақтау диірменінің қаптамасын ауыстыруға байланысты сульфидті кендерді өңдейтін БФ-ның өткізу мүмкіндігінің төмендеуі және каолин балшығы бар кендерді өңдеу үлесінің артуына орай жалпы бөліп алу коэффицентінің төмендеуі әсер етті.

Компанияның мәліметінше, 2018 жылдың бірінші жартысында алтын2 өндірісі 62,3 мың унция болып, былтырғы жылдың бірінші жартысындағы 62,9 мың унцияға сәйкес келеді. Өңдеу көлемінің артуы кен құрамындағы алтын мөлшерінің 0,31 гр/т-дан 0,26 гр/т-ға дейін төмендеуінің орнын толтырды.

2018 жылдың алғашқы алты айындағы күмістің2 өндірісі 340 мың унция болып, 2017 жылғы бірінші жарты жылдықтағы өндіріс көлемінен 6%-ға аз. Бұл кендегі мөлшердің 1,58 гр/т-дан 1,33 гр/т-ға дейін азаюы салдарынан орын алды.

Екінші тоқсанда Бозшакөлде молибден концентратының азғана мөлшері өндіріліп, оның үлгілері әлеуетті клиенттерге бағалау үшін жолданды.

Бірінші жарты жылда мыс өндірісі 50 мың тоннаға таяу болғандықтан, Бозшакөл 95-105 мың тонна көлеміндегі  жылдық көрсеткіштерге жету жолында келеді. Себебі, өткізу мүмкіндігінің жоғары болуы екінші жыртыжылдықтағы төмен мөлшердің орнын толтырады. Алтын мен күмістің жылдық өндірісі сәйкесінше 115-125 мың унция және 500 мың унция көлеміндегі көрсеткіштерге жетеді деп көзделген.

Ақтоғай БФ-да өңделген сульфидті кеннің құрамындағы мыстың мөлшері 2018 жылдың бірінші жартысында былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,75%-дан 0,62%-ға дейін төмендеді. Дегенмен бұл көрсеткіш супергенді байытылған кенді өңдеудің арқасында кен денесіндегі 0,33%-дық мөлшерден жоғары болып отыр.

«Сульфидті кеннен мыс өндіру 49 мың тоннаға жетіп, былтырғы жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 117%-ға артық (22,6 мың тонна). Өсімге өңдеу көлемінің 110%-ға артуы және жоғары мөлшер мен бөліп алу әсер етті. Сульфидті кенді өңдейтін БФ өндірісті арттырудың айтарлықтай деңгейіне жетіп, бір ай бойы 100%-дық өткізу мүмкіндігін сақтап отырды. Орта есеппен екінші тоқсанда фабриканың  қуаты 89% (1-тоқсан: 66%) болды», - делінген хабарламада.

2018 жылдың бірінші жартысында Ақтоғайдағы оксидті кендерді өңдейтін кешенде 11,5 мың тонна катодты мыс өндірілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11% жоғары. Қазіргі уақытта оксидті кешен толық қуатында жұмыс істеп тұр.

Жылдың бірінші жартысында мыс өндірісінің жалпы көлемі 61 мың тоннағы таяу болды. Бұл 110-130 мың тонна көлеміндегі жылдық жоспарлы аралыққа жету жолындағы айтарлықтай ілгерілеу болып табылады.

2018 жылдың бірінші жартысында «Шығыстүстімет» ЖШС-нің кәсіпорындары мен Бозымшақ кенішінде мыс өндірісі 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 29,3 мың тоннаға дейін немесе 11%-ға азайды. Бұған Орлов шахтасындағы кеннің құрамындағы мыс мөлшерінің төмендеуі және Николаев БФ жоспарлы тоқтауына байланысты өңдеу көлемінің азаюы себепші болды. Тоқсанға шаққандағы мыс өндірісі артты: екінші тоқсанда 15,3 мың тонна (1-тоқсан: 14 мың тонна) өндірілді. Бұл Николаев кен байыту фабрикасында өңделген кеннің құрамындағы мыстың жоғары мөлшеріне байланысты. Бозымшақ толық жобалық қуатындағы жұмысын жалғастыруда: бірінші жарты жылда мұнда 3,7 мың тонна мыс өндірілді. 2018 жылы Шығыс өңірдегі кәсіпорындар мен Бозымшақта 65 мың тонна мыс өндіріледі деп жоспарланған.

2018 жылдың бірінші жарты жылындағы алтынның өндірісі – 27,2 мың унция (2017 жылдың 1-жыртысында: 29,7 мың унция). Жалпы 2018 жылы 45-50 мың унция көлеміндегі өндіріс болады деп күтіліп отыр.

Шығыс өңір мен Бозымшақтағы өңдеу көлемінің, кендегі металл мөлшерінің төмендеуі және бөліп алудың азаюы салдарынан 1,082 млн унция күміс өндірілді (2017 жылдың 1-жартысында: 1,282 млн унция). Жоспарлы жылдық көлем – шамамен 2 млн унция.

2018 жылдың бірінші жартысында концентраттағы мырыштың өндіріс көлемі Николаев кен байыту фабрикасындағы жоспарлы тоқтауға және өңделген кеннің құрамындағы металдың орташа мөлшерінің 2,63%-ға азаюына (2017 жылдың 1-жартысы: 3,07%) байланысты 24,9 мың тоннаға дейін төмендеді (2017 жылдың алғашқы алты айында 32,3 мың тонна). Шығыстүстіметтің шахталарындағы кеннің құрамындағы мырыш мөлшері өзгеріп отыр: айталық, Артемьев шахтасында екінші тоқсанда құрамның мөлшері 0,25% деңгейінде болды. Себебі, өндіріс кен денелерінің арасындағы аумақта өтіп жатыр.

Жылдың екінші жартысында Николаев БФ-да құрам мөлшері жоғарылап, өндірістің артуы күтіліп отыр. Бұл концентраттағы мырыштың өндіріс көлемін арттырып, 60 мың тонна көлеміндегі жылдық аралыққа жетуге көмектеседі.

Айта кетейік,  КAZ Minerals  Қазақстанда заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Топтың өндірістік кәсіпорындары – Бозшакөл мен Ақтоғай – саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика