Президенттің бес бастамасы

«7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға 148 өтініш қабылданды

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілген «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға құжат қабылданып жатыр. Осы уақытқа дейін азаматтардан 148 өтініш қабылданып, оның 95-іне иппотекалық несие беру мақұлданған. Рәсімделуге жіберілген өтініштердің жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрап отыр. Сондай ақ, индустриалдық аймақтардың дамуы, жұмыспен қамту, транзиттік жүк тасымалы да бүгінгі ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баспасөз мәслихатында айтылды.
Астана қаласы20 Шілде , 14:55

Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуінің қорытындысы ретінде баспасөз конференциясын өткізді. Министрдің айтуынша, Индустрияландыру бағдарламасы өңдеу секторының дамуына оң әсер еткенін көрсетіп отыр.

«Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу секторы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға өсті. Индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң динамика байқалып отыр. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1%-ға артып, 2,5 млрд. АҚШ долларына жетті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 18,2%-ға өсіп, 532,8 млрд. теңгені құрады», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Индустрияландыру басталғалы бері (2010-2017жж.) барлығы 6,6 трлн. теңге болатын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Биыл жалпы сомасы 850 млрд. теңге болатын 123 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.

Ведоство басшысының ақпараты бойынша, биылғы жылдың 1-тоқсанында тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 6,7 млрд. долларды құрап, 24,4%-ға өсті.

«Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды болып келеді. Тікелей шетелдік инвестиция құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 3 есе өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2018 жылдың 6 айында 4,5 трлн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға артық. Біз 59 миллиард доллардан асатын 658 инвестициялық жобаның негізгі тізбесін құрдық, ол 2020 жылға дейін жүзеге асырылады», - деді инвестициялық жобалар туралы айтқан министр.

Құрылыс саласында биыл 12,1 млн. шаршы метр тұрғын үйді немесе 103 мыңнан астам баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4%-ға жоғары. Республика бойынша 49 667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532 жеке үй бар.

«Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ипотеканы одан әрі дамыту және төлем қабілеті бар халықты қолдау мақсатында «7-20-25» жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасы енгізілді. Төмен пайызды ипотека жаңа құрылыстан баспана алуға беріледі. Ұлттық банктің дерегі бойынша биыл 4-шілдеден бастап кредиттік комиссияның қарауына өтініштер түсе бастады. Бүгінгі күні 148 өтініш жолданып, 1,1 млрд. теңге болатын 95 ипотекалық кредитті беру мақұлданды», - деп хабарлады министр Жеңіс Қасымбек.

Еліміздің көлік-тасымалы саласында да өсім байқалады. 

Барлық көлік түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 6,4%-ға өсіп, 1,8 млрд. тоннаны құрады. 6 айдың қорытындысы бойынша транзиттің жалпы көлемі 8,5 млн. тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың (7,8 млн тонн) сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9%-ға артық. Контейнерлік тасымал көлемі 206 мың контейнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артты (2017 жылдың 1 жартыжылдығында – 148 мың ЖФЭ). Соның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша аталмыш көрсеткіш 101 мың контейнерге жетті. Бұл 38%-ға артық (73,1 мың ЖФЭ).

Азаматтық авиация саласында жолаушылар ағынының тұрақты өсім қарқыны сақталуда. 2018 жылдың 6 айында тасымалданған әуе жолаушыларының өсімі 19%-ды немесе 3,8 млн. адамды құрады (2017 жылы 3,2 млн. адам).                  

Халықаралық бағыттарға ұшу географиясы кеңеюде.   

         «Былтыр 10 жаңа халықаралық әуе қатынасы ашылды. Биыл жыл басынан бері 12 халықаралық маршрут ашылды. Оның ішінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау-Франкфурт, Астана-Қазан, Астана-Тюмень, Астана-Вильнюс, Астана-Челябинск, Астана-Краснодар, Астана-Томск, Астана-Сочи бағыттарын орындайды. Сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылар орындайтын Рига-Алматы («AirBaltic»), Новосибирск-Павлодар («Сибирь»), Красноярск–Алматы («Ангара»), Мәскеу-Қызылорда («Аэрофлот») жаңа әуе маршруттары ашылды», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. 

Министрлік геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы дәйекті реформаларды жүзеге асырады. Посткеңестік кеңістікте алғаш австралиялық модельді тау-кен өнеркәсібіне енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа заңнама қабылданды. Жер қойнауын пайдалану кодексі биыл 29 маусымда күшіне енді, ал қазір Riotinto, Iluka, Freeport-Macmoran және тағы басқа да тау-кен өнеркәсібіндегі ірі әлемдік компаниялар Қазақстанға инвестиция салуды қарастыруда.

Дәулетхан ЖИЕНҚҰЛОВ

ФОТО: ғаламтордан алынды

 




Яндекс.Метрика