Туризмді дамыту

Түркістанда туристік индустрияны дамыту басталып кетті

Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы және туризмі дамыған қалаға айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Осыған орай облыс әкімі мен белгілі сәулетшілер мен тарихшылар, археологтар, суретшілер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды.
Астана қаласы18 Шілде , 09:24

Басқосуда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһардың жаңа қазақ тарихында айрықша орны бар екеніне, келешекте әлемнің туризмге тартымды қалаларының біріне айналатынына сенім білдірді.  

Елбасы тапсырмасына сәйкес, Түркістанды түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығына айналдыру жолдары қарастырылып жатқанын мәлімдеді.   

« Түркістан қаласындағы ЮНЕСКО-ның қорғалу аймағындағы ғимараттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, ғимараттар мен баспаналар ортаазиялық стильде салынуы тиіс. Қазақы сәулет өнері мен ою-өрнектер қолданылады. Сонда еліміздегі бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді. Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалды. Оның басты бағыттарының бірі туристік  индустрияны дамыту болып белгіленді. Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын түркі әлемінің тарихи астанасы  ретінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге көрсету. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың сәулеттік, этнографиялық және ұлттық гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру бағытында жұмыс жүргізіледі. Қалада халықаралық әуежай мен теміржол вокзалы, автовокзал мен қонақ үйлер және әкімшілік-іскерлік орталығы бой көтереді»,— деді Ж.Түймебаев.

Өңір басшысы бұдан бөлек халықаралық деңгейдегі Ясауи музейін салу жоспарда бар екенін айтты.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл музей әлем туристерін қызықтыратын әрі тарихтан сыр шертетін ғажап орталық болады деп күтілуде. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасына сәйкес, әрбір облыс пен қала Түркістанға бір-бір нысаннан салып береді. Мәселен, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешов «Астана» саябағын салу жөнінде ұсыныс білдіріп үлгеріпті.

  Жоба бойынша алдағы уақытта 99,6 гектар аумақта түрлі ғимараттар салынады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі  61,8 гектар жер аумағына «Этоносаябақ» салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағында «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысы жүргізілмек. Бұл ретте мәдени ошақтарын салуға түркі тілдес мемлекеттер де үлес қосады деген болжам бар.

  

Ал үшінші кезең бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбаты және оның  бойындағы ғимараттар жаңғыртылмақ. Мұның бәрі әзірше, жоба ғана. Барлық жұмыстар Бас жоспар бекітілгеннен кейін басталмақ. Бүгінде Бас жоспарға халықаралық конкурс жарияланды.

   Түркістандағы келелі келесте Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология  институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев құрылыс жүргізілгенде көп ескерткіштер мен тарихи орындарға зияны тимесе екен деген тілегін жеткізді.  

 «Түркістанды сакралды қала ретінде дамытуымыз керек. Бұл туристерді тартуға да жақсы. Екіншіден, Түркістан туралы жазбалар мен мәліметтерді түгел жинап, зерттеген жөн. Үшіншіден, қала дамуы үшін жеңіл өнеркәсіпті қолға алу қажет. Мәселен, Түркістанда мақта бар. Неге киім тоқу ісін дамытып, халықаралық брендке айналдырмасқа? Төртіншіден, бір облысқа жалғыз университет аздық етеді. Жаңа университеттер ашылса, ғылым дамитын еді», - деді Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа Ұлы Жібек Жолының он бесінші ғасырда салынған көшірмесін салтанатты түрде тапсырды.

 «Бұл картаны Бейжің университетінің профессоры Линь Мэйцунь сыйға тартқан. Түпнұсқасы Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Оның құны – 20 миллион АҚШ доллары. Қытай профессоры өзіндегі екі көшірменің біреуін бізге сыйлады. Картада Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі қалалар мен өзендер белгіленген. Ішінде Түркістан қаласы да бар. Болашақта Түркістан облысының орталығы – Түркістанда үлкен музей салынатынын естідім. Сондықтан осы аса құнды жәдігерді Түркістандағы музейге тапсыруды жөн деп таптым», - деді ол  Х.Әбжанов.

    Профессордың сыйлығына риза болған  Жансейіт Түймебаев бұл карта жаңа мұражайдың төрінде тұратынын, Түркістан қаласы туралы жәдігерлер мен археологиялық байлықтарды іздеу, жинау жұмыстарына атсалысатынын жеткізді.

 

Сондай-ақ, өңір басшысы ғалымдар мен археологтарға, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдеріне нақты ұсыныстарды ғана жазбаша күйде тапсыру жөнінде өтініш білдірді.

   Түркістандағы кеңеске қатысушылар осы күні Отырар ауданындағы «Отырартөбе» қалашығына барды. Алдағы уақытта бұл маңда саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалмақ.

«  Отырар қалашығына келе жатқанда бірнеше төбелер бар. Олардың бәріне зерттеу жүргізілуі керек. Кезінде Отырар үлкен қала болса, соның айналасындағы ауылдар оған қызмет жасаған. Мысалы, «Алтынтөбе» деген жерде осы шаһарға қажетті тиындарды, ақшаларды, әйелдерге әшекей бұйымдарын басқан. Одан кейін «Жаман төбе» деген жерде малды сойып етін жіберіп отырған. «Шақты төбе» дейді. Онда пышақтарды қайраған. Яғни, агломерация сол кезде болған. Қазір көне қалашықты дамытуға облыс қазынасынан қаржы бөлініп жатыр. Себебі, мұнда келетін туристерге тиісті жағдай жасалу керек. Негізінен, бұл аймақ келешекте ашық аспан астындағы музей іспеттес келбетке ие болуы керек», — деді Ж.Түймебаев.

   

Алдағы уақытта Отырардағы тарихи орындар Түркістанмен бірге дамып, инфрақұрылымы күшеймек.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика