"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы

Елімізде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 35 көрсеткішінің 2 көрсеткіші орындалмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған бағдарламаның жарты жылдықтағы нәтижелері мен көрсеткіштеріне арналған Үкімет отырысында айтты. Бағдарламаның өзге көрсеткіштері туралы толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан17 Шілде , 13:04

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  атап өткендей, бағдарлама  негізгі 7 бағыт және  39 индикатор бойынша жүзеге асырылуда.

«Елбасының  2018 жылғы  Жолдауына сәйкес, қоғамдық денсаулық сақтауды басқару іс-шаралар жоспары бекітілді. Саламатты өмір салтын сақтау аясында бұқаралық шаралар белсенді жүргізілуде.  6 айда  аталған шараларға  6 млн адам қатысты. Скринингпен 1,5 млн-нан астам адам қамтылды. Бұл 91 пайызды құрады», - деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық  көмектің  шеңберінде амбулаторлық-емханалық желіні кеңейту аясында дәрігерлік учаске саны  12 пайызға ұлғайды. 1  учаске дәрігерінің басына халықтың саны  1950 болып отыр. Өткен жылы  2200 науқас болған.

Министр айтып өткендей, жедел жәрдемнің шақыру орнына жетуі  7 минутқа қысқарған.

«Емдеуге жатқызуға дейінгі қайтыс болу жағдайлардың көрсеткіші төмендеген. Алайда, стационарға дейінгі жеткізгенге дейінгі өлім көрсеткіші Маңғыстау және өзге облыстарда республикалық деңгейден жоғары екені байқалады», - деді Е.Біртанов.

Сонымен қатар,  Е. Біртанов Ұлттық дәрі-дәрмектермен қамту саясатын іске асыру аясында амбулаторлық дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді орталықтандыру жүргізілгенін жеткізді.

«Сондай-ақ, Бірыңғай дистрибьютор қызметінің ашықтығы арттырылды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, бұл сатып алулардың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.Дәрі-дәрмектермен қамтылған амбулаторлық пациенттер саны 5% артты. Амбулаторлық–дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қаржыландыру өңірлердің 31 млрд теңге көлеміндегі қосымша өтінім науқанының қорытындылары бойынша 27% артты», - деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов осы жылдың тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжаттар айналымын енгізуді аяқтаудың аса маңыздылығын атап өтті.

«Осылайша, біз еліміздегі әрбір пациент үшін жеке-жеке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл сонымен қатар, әрбір пациентпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді», — деді министр Е. Біртанов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2019 жылы халықты дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың шілде айынан бастап өңірлер үшін дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізуді жүргізу бойынша шаралар басталды.

Сондай-ақ, министр айтып өткендей, 2018 жылдың  1-ші жарты жылдығы қорытындысы бойынша мембағдарламаның   35 көрсеткішінің  2 көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ.

«Мемлекеттік бағдарламаның нәтижелеріне көп қол жеткізілмеген жағдайлары Маңғыстау, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында байқалады. Мемлекеттік бағдарламаның жалпы өлім көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ. Ол көбіне қан айналым жүйесу аурулары, қатерлі ісік, жарақаттану мен уланудан болып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Елжан Біртанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) түріндегі инвестициялардың саны артып келе жатқанын атап өтті.

« Осы жылдың 6 айында МЖӘ жобаларының саны 30 бірлікті құрады. Жалпы алғанда, 2016–2018 жылдар аралығында 35 млрд теңге сомасына 65 МЖӘ келісімшарты жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 8 облыста пилоттық қағазсыз медициналық құжат айналымы іске қосылды, 1 шілдеден бастап еліміздің барлық қалған өңірлері қосылды. Медициналық ұйымдарда жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл көрсеткіш шамамен 88% құрады», - деді ол.

Министр  «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес, корпоративтік басқаруды қалыптастыру аясында Қадағалау кеңестерін құру талаптарын жеңілдету, олардың мүшелеріне қойылатын талаптарды өзгерту және кеңестің өкілеттігін кеңейту бойынша заң жобасы енгізілгенін атап өтті.

« Шаруашылық жүргізу құқығымен кәсіпорындарды Қадағалау кеңестерінің саны 23,5%-ға атқаны байқалады. Сонымен бiрге, осы жылдың соңына дейiн барлық медициналық ұйымдар шаруашылық жүргiзу құқығының (ШЖҚ) негiзiнде кәсiпорындардың заңды мәртебесiне көшетін болады. Бүгінгі таңда бірқатар өңірлерде бұл жұмыс 70-80%-ға орындалған», - деді ол.

Ал, ШЖҚ-ға көшкен медициналық ұйымдардағы дәрігерлердің орташа еңбек ақылары мемлекеттік медициналық мекемелердегі әріптестерінің алатын жалақыларынан жоғары және 157 мың тг құрады, орташа қызметкердің алатыны – 101 мың тг.

«Біздің кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқығына көшуінің прогрессивтілігі мен тиімділігі уақытпен дәлелденді», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар, министр  бірқатар өңірде мамандар тапшылығы бар екенін атап өтті.

 «Денсаулық сақтау саласында кадрлар тапшылығы төмендесе де, бірқатар өңірде мамандар тапшылығы республикалық деңгейден жоғары болып отыр. Мұның басты себебі өңірлерде мамандарға әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіз шаралары», - деді Е. Біртанов.

Ол 2017 жылы жергілікті атқарушы органдар жас мамандардың 44%-ына ғана әлеуметтік қолдау көрсеткенін айтты.

«Алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындарымен стратегиялық әріптестік жалғасуда. 2019 жылдан бастап медицина ЖОО-да іріктеу үшін қосымша емтихан алу заңмен енгізіледі. Келесі жылдан бастап мемлекеттік грантпен оқыған барлық кадр үш жыл медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін болады», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Өз кезегінде,  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  16 шілде күні №2 перинаталдық орталықта жаңа босанған жас ана өліміне қатысты министрден  «Астана қаласы бойынша ана өліміне қатысты тағы да ақпарат шықты, не себеп?» деп сұрады.

Елжан Біртанов Астана қаласында осы жылдың ішінде 4-ші жағдай тіркелгенін растады.

«Қазіргі күні қажетті зерттеу жұмыстары өткізілуде. Бақытжан Әбдірұлы, оның себебі бәрі шілде айында болғаннан кейін анатомиялық, морфологиялық зерттеу біткен соң ақпарат береміз. Біз қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейдегі осы әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімшілігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Үлкен мәселе бар деп айтуға болмайды. Кейбір жағдай әйелдің негізгі денсаулығына байланысты. Бірақ жалпы перинаталдық орталықта тексерістің бәрін жүргіздік. Санитарлық эпидемиялық режим дұрыс. Әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз. Ақпарат беремін», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Өз кезегінде Астана әкімі Әсет Исекешев қауіпсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық медициналық көмек үшін Еуропаның мықты мамандар шақырылғанын айтты.

 «Барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандардың қатысумен консилиум өткізіледі. Барлық жағдайлар денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары құрылды. Сондай-ақ қауіпсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық медициналық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда», - деді қала әкімі.

Қорытындысында Премьер-Министр  Бақытжан Сағынтаев  баяндалған   көрсеткіш бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ілгерілеу бар екендігін атады.

« Цифрландыруға көшкен кезде оның Қазақстан бойынша негізгі бөлініп жатқаны 35 пайыз ғана төмендеп отыр. Яғни біз қаншалықты қажеттігін білмейміз, артық ақша жұмсап сатып аламыз, оның бәрін қоймаға жинаймыз, артынан сонда артық қаржының шығыны шығып отыр. Яғни біз әр өңірге қажетті дәрі-дәрмек санын білмейміз. Қай дәріге, қай ауруханадан, емханадан өтінім қалай түсті сол қалпында қарастырамыз.Осы мәселені, Елжан Амантайұлы, мұқият қадағалаңыз», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер  Елбасы былтыр тапсырма бергенін жеткізді.

«Елбасы өз  Жолдауында да айтып кеткен денсаулық сақтау саласын қайта реттеу бойынша атқарылып отырған шаруалардың мәселесі.Солтүстік Қазақстан облысында  5 жыл қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласында бірде-бір нысан ашылмаған.  Ал Қарағанды – 4, Ақмолада – 8, Алматы облысында – 9, Қостанайда – 13, Павлодарда – 15, Астанада – 90, Алматыда – 57, Түркістанда – 43. Яғни, төмен айтылған өңірлерде жұмыс жоқ деген сөз. Осыған, құрметті әкімдер, көңіл бөлулеріңізді сұраймыз. Мүмкіндіктің бәрі жасалды. Жұмыс орындары ашылуы керек. Егер әлеуметтік саладағы мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс орындары ашылмаса онда жұмыстың дұрыс бағытта жүрмегені», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер аталған мәселеге қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.


Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика