Туризмді дамыту

Ішкі туризмнің дамуына не кедергі?

Жыл сайын дәл осы уақытта көтеріліп, кейін басылып қала беретін қазақстандық тақырып – туризм. Иә, дәл осы жаз мезгілінде ғана ойланып, осы кезде ғана керек. Өйткені, Үкімет тарапынан да қимыл осы кезде басталып, күзге қарай саябырсып, қыста ұмытылады. Көктемде әлгі ой қайта түлеп, жаз шыға «гүлдейді». Неге? Туризм Қазақстанға тек қана жазда керек пе? Өзге маусым қазақ туризміне қолайсыз ба? Тіпті, өзге үш маусымды былай қойып, жазғы демалыстың өзін қаншалықты ұйымдастыра алып жүрміз? Ой қозғап көрейік...
Астана қаласы16 Шілде , 16:22

Қазақстанда қандай демалыс аймақтары бар?

Әлқиссаны Қазақстанда қайда барып демалуға болады, көрер көзге көрікті, жанға жағымды, ауасы саф, табиғаты көркем жерлер бар ма дегеннен бастайық? Бар!

Қазақ даласының қай қиырына көз жүгіртсең де, көрікті. Шығыстан бастасақ, шайырлы қарағайлары бұлттың «қарнын жарып» жататын Катонқарағай, шыңдары аспанмен таласқан Тарбағатай, Рахманның  бастаулары, Марқакөл, Берел қорғандары, Бұқтырма су қоймасы, бүгінде аты алысқа кеткен Алакөл және басқа да толып жатқан туризм ошақтары бар. Алматы облысының табиғатын айтып тауыса алмассыз. Сонау аспан тіреген Хантәңірінен бастап, сол Алатаудың қойнауындағы Көлсай, Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, жалпы Алатаудың қойны-қонышы түгелдей дерлік көз жүгіртуге ғана емес, көкіректі оятуға да табылмайтын демалыс орындары.

Жамбыл облысы мен Түркістан облысын түгел қамтыған Ақсу-Жабағылы, Меркі, Қордай одан ары қарай, Леңгір, Қазығұрт, Сарыағаш, Отырар, Шардара, Түркістан, Созақ, Бетпақдала – бұның бәрі қойнына неше ғасырлық тарихты бұққан керемет бай өлке, табиғаты тұмса жерлер. Бірақ, бұрынғы ОҚО-ның туризм әлеуетін құтқарып тұрған тек Түркістан және Яссауи кесенесі екені белгілі. Жуырда алқалы жиындардың бірінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі «бізді құтқарып тұрған – Яссауи кесенесі, Яссауи есімі» деді. Өзге жерлер неге пайдаланылмайды? Пайдаланылса неге тиісті деңгейде насихатталмайды? Сол сияқты Арал теңізі де бүгінде ондаған шақырымға тартылып кеткен жағалауы қайта толып, балығы тайдай тулап жатыр. Әлемде саусақпен саналық қана ғарыш айлағының ең алғашқысы, ең қуаттысы Қызылорда жерінде, оны неге көрсете алмай отырмыз? Қорқыт атаның кесенесі салынды, басында қонақ үйлер мен кемпингтер де бар, Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігін жалғап жатқан күре жолдың бойында жатыр. Алайда, ол жаппай туризм нысанына айнала алған жоқ. Неге?

Пір Бекет ата бастаған 362 әулиесі бар, қарт Каспийге бөксесін шайып жатқан Маңғытау жері ше? Тіпті, талай жазушының классикалық шығармаларына арқау болған Үстірттің шөлі мен құмы ше? Араб елдері құм сапырған сахарасының өзін туризм көзіне айналдырып, жеке адамдар үшін кәсіп қылып, мемлекет үшін туризм класстеріне айналдырып, оны мемлекеттік кірістің бір бөлігі етіп отыр. Біз ше?

Ақтөбенің ұшқан құстың қанаты талатын Ырғыз даласы, Шалқары, Ембі өзенінің жағалауы... Атырау облысының да көрсететін көлдері мен атыраулары аз емес. Бұл жақта да Каспий жағалауы қайраңдап бос жатыр деуге болады. Неге? Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Ақмола, Павлодар... Бұлардың әрқайсысының туризм әлеуеті деген көрген көз қызығарлықтай. Иә, Қостанай, Ақмола және Павлодар облысының бірқатар жерлері жалпы жұртшылыққа мәлім. Қостанайдың Наурызымы, Көкшетаудың Бурабайы, Керекудің Баянауылы дегендей. Алайда, осы тұмса табиғаттың өзі туристерді өзіне баурап ала алмай отыр. Неге?

Не кедергі?

Неге біздің қалтасы көтеретін халық шетелге барып демалуды құп көреді? Қайткенде шетел асып, қаржысын шашып жүргендерді әуелі өзіміздің ішкі туризмге шақыра аламыз?

Ал енді осы тізілген туризм нысандарына бару қаншалықты оңай немесе қиын? Мәселен, Алматы облысындағы Көлсай немесе Қайыңды көлге жету үшін жол азабын бір кісідей тартасың дейді, Әйгерім есімді саяхатшы. Ол жолдың сапасының нашарлығына шағымданды. Сол сияқты жолдың бойында, Көлсайдың басында қызмет көрсетудың тым төмен екенін айтады.

«Менімен бірге көптеген шетелдіктер жүреді. Олар Қазақстанның тұмса табиғатын көріп естері шығады. Таза ауада демалып, табиғат аясында жүргісі келеді. Бірақ, біздің жолдар өте нашар, көздеген жерге жетем дегенше, адамның ығырын шығарады. Алматы облысының ең көрікті жерлерінің бірі – Көлсай мен Қайыңдыкөл. Екеуіне де бардым. Жол өте нашар. Тек қана джип, уаз секілді жол талғамайтын үлкен көліктермен жүре аласың. Ал көлдердің басы өте лас. Тіпті, баратын дәретхана да жоқ. Шетелдіктерден әбден ұялдым» - дейді саяхатшы Әйгерім Бекжанова.

Еліміздің ішкі туризміне қатысты әлеуметтік желіде сұрау салдық. Кім қайда барады, барып жүр, жол қандай, қызмет сапасы қандай, кімге не ұнайды, не ұнамайды, деп. Көпшілігі бағаның қымбаттығын, қызмет сапасының төленген ақшаға сай емесін айтып жатты.

Мәселен, Еркежан Күнтуғанқызы былай деп жазыпты: «Достарым Каспийге кетти, демалуга. Екі үлкен, екі балаға, тек билет құны – 230 мың теңгеге шыкты. Ал қонақ үйдің бір күні 25 мың теңге. Баға міне осындай! Әйтеуір, шетелден тіл білмейміз деп қорқатындар ғана отандық туризмнің бағын ашып тұр!»

Еркежан бұдан да басқа, жалпы туримзге қатысты өз ойымен бөлісті. «Елдегі туристік база өкілдері шығынды бір маусымда қайтарып, үстінен пайда көргісі келеді. Әрине, бізде маусым қысқа түсінеміз. Бірақ бизнес заңы пайданы 3-5 жылдан соң екі еселеуді көздейді. Ал осы аралықта бизнес аяқтан тұру керек, маркетинг, жарнама, сапасы реттелуі керек. Белгілі бір клиенттік база қалыптасуы керек. Сервисті күшейтіп, бағаны сәл түсірсе, ағылған адам көбейеді ғой. Өзім Түркияға жыл сайын бір демалыс орнына баратын адамдарды білем. Өйткені, сервисі ұнайды әрі үйреншікті. 3-4 рет барғанда туғандары келгендей күтеді. Неше түрлі бонус, жеңілдік, сый қарастырылған. Жалпы мүмкін осы туризм саласындағы инвесторларға салық не төлемдер бойынша бір жеңілдіктер карастырылуы керек шыгар. Өйткені кәсіпкерлер шығын көп деп шырылдайды! Ал жалпы, сервис даяшының бір ауыз сөзі мен көзінен басталады! Мүмкін түрік инвесторларды тарту керек пе?» - депті. Орынсыз ұсыныс дей алмайсыз. Шыны керек, елдегі туризм саласының дамуына, біздің елдің де Түркия, Мысыр, БАӘ секілді туристердің сапырлысып жатуына бәріміз де мүдделіміз. Міне, сол үшін де бұл мәселеге ешкім бей-жай қарай алмайды.

Әлеуметтік желіні белсенді қолданушы, әлеуметтанушы Амангелді Құрмет те өз ойын қалдырыпты. «Негізі демалыстың құны таңдаған демалыс түріне байланысты болатын сияқты. Егер сананың түкпірінде "ханшайым мен ханзададай күтілуім керек" дейтін ой болса, онда оған лайық сервис бізде жоқ. Ұқсайтындары тым қымбат. Баға мен қызмет сай емес. Егер стресс шығарамын, "қуамын" дейтін ой болса, біздің даладан демалыстың жеті атасын тауып алуға болады. Балқашқа 600 шақырым теуіп бардық, екі күн қызыққа баттық, қайта 600 шақырым теуіп келдік, көлікпен. Бүгін зыңбыз. Стресс кетті, «загар» бар. Келесі жолы Балқашқа дайвинг үшін барғым келіп жүр. Ондай қызмет бар екен сол аймақта» деп жазыпты.

Журналист Қуандық Шамахайұлы «біздің қызмет көрсетушілер ақшадан өзгені ойламайды. Қызмет сапасын көтерсе ақша өзі-ақ келетінін ұқпайды» - деп жазып, өзінің Түркияға жиналып жатқанын айтыпты.

Түйін

Жалпы алғанда, қызмет көрсету сапасына демалыс орындарының бағасы сәйкес келмейтінін көпшілік айтып та жүр. Оның сыртында, дәл осы кезеңде поезға да, ұшаққа да билет табылмайды. Қосымша рейстер шығарылмайды. «Жол азабын жүрген білер» деген, біз айтып отырған Көлсайға, Алакөлге, Балхашқа, Тарбағатайға, Зеренді немесе басқа да демалыс орындарына бару қаншалықты оңай. Ол түгіл екі астананың ортасындағы жол күні бүгінге дейін жасалып біткен жоқ. Жұрттың бәрі бірдей ұшақ пайдаланатын жағдайда емес. Ұшақтың құны ұшып тұр. Дәл осы кезде поезға билет қасқалдақтың қанындай. Автомобильмен жолға шығу азап. Олай болса, туризм қалай дамымақ?

Мысалы, дәл қазір Үкіметтік деңгейде ішкі туризмді дамыту керек деген бастама көтеріліп жатыр. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Бурабайда өткен жиында ішкі туризмді мықтап қолға алуды тапсырды. Арнайы бағдарламалар қабылданды, 7 бірдей жоба қолға алынып, жүзеге асырылмақ. Бәрі жөн! Бірақ, біз ең бірінші кезекте нысандарды белгілеп, оған баратын авто, поезд және әуе жолдарын реттемейінше одан қандай да бір нәтиже күту қиын. Сосын, туризм мәдениеді секілді арнайы құжат қабылдау керек ау. Өйткені, біздің ең бірінші кезекте өз азаматтарымыз сол нысандарға барғанда айналасын ластап, қоқыс қалдырып, өзен-көлдердің жағалауын ішкеннен қалғандарды тастап кетіп жүр. Бұған арнайы сол туристік аймақтарда экологиялық полициялар сияқты арнайы жасақтар жұмыс істеуі керек. Ол сол аймақты таза ұстауы үшін қажет. Басты мәселе, үкіметтік деңгейде қабылданатын немесе қабылданған бағдарламалардың жүзеге асуында ғана ма? Туризм - туризмді дамытуға бағытталған мәдениеттен басталуы керек.  Ол – жоғарыда айтылған жол, қызмет көрсету сапасы және тазалық!

Дәулетхан Жиенқұлов

ФОТО: ғаламтордан, әлеуметтік желілерден алынды




Яндекс.Метрика