Халықаралық интеграция

Азияның медиа диалогы: Халықаралық медиа әлемнің салалық шаралары Астанада

Астананың мерейтойына арналған «Азияның медиа диалогы» халықаралық медиа әлемінің салалық шаралары өтеді. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталмыш Азия-Тынық мұхиты елдерінің ұлттық және аймақтық хабар тарату бірлестіктерінің 100 аса өкілі қатысатынын айтты. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған шара туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы09 Шілде , 14:22

10-12 шілде күндері Астанада «Азия медиа диалогы»  жалпы лозунгының аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өтеді.  Оның аясында семинарлар мен конференциялар және Азия радиосының  ән фестивалі  өткізіледі. Дәурен Абаев Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағымен бірлесіп қолға алған «Азия медиа диалогы» жобасының басталғалы тұрғанын мәлімдеді.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағы бірлесіп қолға алған «Азия медиа диалогы» жобасының басталғалы тұрғанын хабарлау үшін жиналды. Бұл іс-шарада бірнеше семинар мен конференциялар өтеді. Талқыланатын басты тақырыптың бірі – теле-радиохабар таратуды заманға сай дамыту . Форумға Азия-Тынық мұхиты елдерінің ұлттық және аймақтық хабар тарату бірлестіктерінің 100-ден  аса өкілі қатысады. Сондай-ақ, қазақстандық медиа-менеджерлер мен журналистер   осы іс-шараны ауқымды түрде насихаттауға атсалысады деп үміттенеміз», - деді Д.Абаев.

Сондай-ақ, министр айтып өткендей, теле мен радио жоғары технология бойынша әрдайым дамып отыруы керек. Қазақстандық БАҚ құралдары да бұл үрдістен қалыс қалмауы керек.

««Азия медиа диалогы» біздің Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағымен әзірлеп отырған алғашқы ірі жобамыз болып табылады. Одақ коммерциялық емес ірі кәсіби қауымдастық және ол 69 елдегі 292 хабар тарату ұйымының басын біріктіріп отыр. Оның әлеуеттік  аудиториясы шамамен 3 млрд адамды құрайды», - деді ол.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев айтып өткендей, бүгінде қазақстандық теле-радио индустрия қарқынды  дамып келе жатыр.

«Бүгінде елде  200-ден астам телеарна тіркелген, аналогты спутниктік-цифрлық хабар тарату желілер жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда министрлік цифрлық эфирге көшуді кезеңдеп жүзеге асыруда. Отандық телеарналар өзінің контентін шетелге сату бойынша алғашқы  қадамдарын жасап жатыр. Қыркүйек айында «Astana Media Week» шарасын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Дәурен Абаев.

Ақпарат министрі атап өткендей, «Азияның медиа диалогы»  тиімді жұмыстың алғышартына айналатынын айтты.

Ал, Азия-Тынықмұхиттық хабар тарату одағының бас хатшысы Джавад Моттаги Астанаға екінші мәрте сапарлап отырғанын жеткізді.

«Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағы  тек қана  одақтың  3 млрд-тық  адамын ғана емес, барша әлем бойынша  адамдарды біріктіріп отыр. Бізде  290-нан астам мүшелік бар, сондай-ақ, 3 белсенді мүше Қазақстаннан болып отыр. Мен 2004 жылы таңертең Астанада болып, кешке Алматыға қарай жол жүріп кеткенмін. Бүгін көріп отырғанымдай, қалада ауқымды өзгерістер болғаны көрініп тұр. Сіздердің қалаларыңыз өте әдемі және ол қарқынды өсіп келе жатыр. Әрине, бұл қаладағы ең маңыздысы – бұл адамдар. Адамдар мемлекет үшін бағалы ресурс болып табылады. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Астана қаласының 20 жылдығымен сіздерді құттықтағым келеді», - деді Джаавад Моттаги.

Сондай-ақ, ол Қазақстан мен  ABU арасындағы серіктестік  өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.  

«Бұл шара екі тараптың ынтымақтастығын арттыра түседі деп ойлаймын. Қазақстанда ABU ұйымының үш ірі жобасын өткізу арқылы біз арадағы әріптестік пен қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, дамыта түсеміз деген сенімім бар. Ауқымды үш шара:  Азия елдеріндегі радио, Әндер фестивалі және MEDIA – 2020», - деді ол.

Сонымен қатар, Азия-Тынықмұхиттық хабар тарату одағының бас хатшысы аталмыш шара шығыс пен батыстағы медиамамандар арасындағы диалогты талқылап, оны нағайту орны Астана  екенін білдіретінін жеткізді.

««Азияның медиа диалогы»   шарасы  Қазақстандағы медианы дамыту бойынша ірі істерді қолға алудың оң бастамасы. Сіздерде мүмкіндік өте көп, елдеріңіз өте көрікті. Сіздер тек Орталық Азияға ғана емес, бүкіл өңірді дамытуға өз үлестеріңізді қоса аласыздар», - деді одақтың хатшысы.

Өз кезегінде,  «Қазмедиа орталығының» бас директоры Ләззат Жүнісова 10-12 шілде аралығында өтетін «Азия медиа диалогы» шарасына  әлемнің 37 елінен келген 100-ге жуық өкіл қатысатынын айтты.

«Жиын аясында бірқатар маңызды іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Атап  өтсек, 10-11 шілдеде «Азия радиосы» халықаралық конференциясы болады. Мұндай конференция Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі отыр. Шара барысында радиохабар таратудағы маңызды бағыттар талқыланады. 11 шілде Азия радиосының Халықаралық ән фестивалі өтеді. Фестивальге Үндістан, Вьетнам, Қытай, Түркия және тағы 10 мемлекеттен келген жас әншілер қатысады», - деді Л.Жүнісова.

Айта кетейік, 2017 жылы қыркүйекте Қытайда өткен АТХМХТО Бас Ассамблеясының қатысушыларына  өз үндеуінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан барлық әлемнің көрнекті медиа өкілдерін жинап, өзін Еуропа мен Азия арасындағы маңызды коммуникациялық торап ретінде  көрсететінін айтқан болатын.

Іс-шараның аса маңызды қонақтары беделді медиалық үкіметтік емес мекемелердің басшылары болады, олардың ішінде АТМХТО және COPEAM бас хатшылары, әлемде тыңдаушылар аудиториясы ең үлкен радио – Үндістан радиосын  қоса алғанда, Азия мен Еуропаның телерадио хабар тарататын компаниялары. Осылайша,  АТМХТО желісіндегі іс-шаралар Қазақстандағы оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған аса маңызды имидждік жоба болады.

 

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика