Өңірлер

Қазақстан өңірлері Астананың 20 жылдығын қалай мерекеледі

Биыл еліміздің бас қаласы- Астананың 20 жылдығы. 6-шілде күні елорда 20 жасқа толғанын тойлап өтті. Бұл айтулы мерекені тек бас қала ғана емес, еліміздің өңірлері де белсенді түрде атап өтті. Астанаға тарту жасағандары да аз емес. Ел өңірлерінде Астананың 20 жылдығына орайластырған шаралар туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан09 Шілде , 09:36

Астана күні мерекесінде талдықорғандық отбасылар жаңа пәтерге ие болып, бірқатар азаматтар мерейтойлық медаль алды. Пәтерге ие болғандар қатарында көп балалы отбасылар, I, ІІ топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Бұл күні жалпы саны 180 отбасы осындай қуанышқа кенелді.

Облыс әкімі алдымен саябақтағы Астана тақырыбына арналған қалалық білім мерекемелерінің көрмелерін, балалардың спорттық және викториналық жарыстарын тамашалады. Мұнан соң парк сахнасында жетісулық қауымды Астана күні мерекесімен құттықтап, бас шаһардың тәуелсіз ел өміріндегі айрықша рөліне тоқталып өтті.

«Астана – Елбасының төл перзенті,  Қазақстанның жаңа дәуірінің батыл бастамасы! Тәуелсіздіктің кешегі қиын жылдарында, Президент қабылдаған тарихи шешім елімізді дамудың даңғыл жолына шығарды. Есілдің бойына ел қондырған бүгінгі Астана – тәуелсіздіктің төл тарихы, ұлттың ұйытқысы, құт қонған мерейлі мекен! Қаланың сәулеттік философиясын Елбасының өзі қалыптастырып, бас жоспарын өзі сызды. Сөз жоқ, бүгінгі Астана – Тәуелсіз Қазақстанның өз қолымен орнатқан ең бірінші Елордасы, татулықтың тұрағы, бейбітшіліктің бесігі, жасампаздықтың жарқын үлгісі! Ұлтымыздың ұлы армандарының ақиқатқа айналған тарихи шежіресі», - деп атап өтті А. Баталов.

Өз сөзінде Алматы облысы Астананың 20 жылдығына орай  елорда төрінде «Жетісу» саябағын жаңғыртып, тарту жасағынына тоқталған өңір басшысы А. Баталов бүгінгі күні Талдықорған қаласында да бірқатар игі шаралар атқарылғанын тілге тиек етті. Соның бірегейі – бас қаламыздың құрметіне облыс орталығы Талдықорған қаласында «Астана» атты жаңа даңғыл ашылғанын, көрнекті тарихшы-шежіреші Қадырғали Жалайыридың, Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаеваның атына даңғыл мен көшелер берілгенін айтты.

«Астана күні жаппай тойлануда. Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған шаралар барлық аудан, қалаларда өтіп жатыр. Ұлы даланың төсінде – Сарыарқаның төрінде қысқа мерзімде бой көтеріп, ажарланған, саяси салмағы артып, әлем мойындаған ажарлы Астанамыз гүлденіп, көркейе берсін! Жұртымыз аман, еліміз абыройлы, бірлігіміз бекем, мерекеміз құтты болсын, ағайын! Мәңгілік елдің алтын қазығы Астанамыз жасай берсін» – деді А. Баталов өз құттықтауында.

Мұнан соң облыс басшысы бірқатар азаматтарға «Астананың 20 жылдығы» мерейтойлық медалін тапсырды. Мұндай марапатқа жалпы 196 жетісулық ие болды. Облыс орталығындағы жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі де шараның қуанышын еселеді. Мереке айшықты концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жалпы, Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысында осы күні 40-қа жуық түрлі мәдени-бұқаралық, танымдық, спорттық шаралар өтті. Соның ішінде Алакөл ауданы Үшарал қаласында аумағы 5,7, гектар болатын «Астана» саябағы ашылды.

Ал,  Ақтөбеде Астананың  20 жылдығын мерекелеу аясында дәстүрлі түрде бірқатар жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар іске қосылды. Салтанатты шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Ақтөбеліктерді бұл күні Тұңғыш Президент саябағының жанында ашылған аквапарктің ашылуы ерекше қуантты.

Келушілерге үш шомылу аймағы, су аттракциондары мен төбешіктер салынған. Күн сайын мұнда 600-ге жуық адам тыныға алады.

Айта кетейік, бүгін демалушыларды кешеннің құрылысы әлі жүріп жатқан ашық жерінде қабылдады. Ол 2019 жылы аяқталмақ. Бұдан кейін қала тұрғындары мен қонақтары су аттракционының бірегей мүмкіндіктерін жыл бойы пайдалана алады.

Ақтөбеліктерді Елорда күнімен құттықтаған облыс әкімі аквапарк – Ақтөбе облысындағы Бала жылы аясында балаларға тамаша сыйлық болмақ.

«Сіздерді Астананың 20 жылдығымен – елорда күнімен құттықтаймын. Бұл әрбір қазақстандық үшін қазақ халқының еліміздің жаңа тарихындағы мемлекеттік тәуелсіздік алуға байланысты жетістіктерін білдіретін айтулы күн. Астана Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты табысының нышанына айналды. Қазақстанның жаңа астанасын толығыменмемлекет басшысының туындысы және саясаты салтанатының айқын көрінісі деп санауға болады. Осы мерекеде облысымызда жалпы құны 10 млрд теңге тұратын 31 жаңа нысан ашылады. Олардың қатарында қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналады сенім білдіріп отырған аквапарк та бар», - деді өңір басшысы.

Қаланың қақ ортасында орналасқан аквапарк 3 гектар алаңды алып жатыр. жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5,8 миллиард теңге. Отыз адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.

Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында Астананың 20 жылдық мерекесіне арналған гала-концерт өтті. Есімхан алаңында өткен концертке мыңдаған көрермен қатысты. Салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтады.

«Қазақ елінің жасампаз тарихында алтын әріппен жазылатын мерекелердің бірі – Астана күні. Біз тәуелсіздігіміз туралы айтсақ, Астананы айтпай тұра алмаймыз. Өйткені, Елбасы және елорда, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президенттің есімі ажырамас, айнымас егіз ұғым. Астана – Елбасымыздың төл туындысы. Сарыарқа төсінде гауһартастай жарқырап тұрған елордамыз бүгінгі таңда әлемнің таңданысын оятқан, бәрін мойындатқан ғаламат жоба. Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлап отырмыз. Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана күннен күнге жарқырап-жайнап, еліміздің абыройын, мемлекетіміздің келбетін асқақтатып келеді. Астана еліміздің барлық өңірлерінің экономикасының дамуына ықпал еткен қозғаушы күшке айналды. Астана – бейбітшілік, ынтымақтастық және келісім ордасы. Сіздерді тағы да Астана күнімен шын жүректен құттықтай отырып, барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақытты ғұмыр тілеймін», -деді Ж.Түймебаев.

Думанды мерекеде өңір басшысы қоғамның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалын салтанатты түрде тапсырды. Олардың арасында спорт, өнер, БАҚ және өзге де салалардың өкілдері бар. Сонымен қатар, Ж.Түймебаев биыл ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған Түркістан облысының 20 өреніне Алғыс хат тапсырып, үлкен өмірге басқан қадамдарына сәт-сапар тіледі.

Түркістан төріндегі гала-концертте облысымызға және елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Кеште Отан, туған жер, махаббат, Астана, достық тақырыбындағы туындылар мен ел жүрегінен мәңгі орын алған әндер шырқалды. Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Маңғыстаулықтар мерекені  мерекелік медальді табыстаудан бастады.

 Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрында Астана қаласының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

«Президентіміз Астананы әлемдегі бірліктің символына  айналдырды. Бүгінде Елбасымыз бен Елордамыз егіз ұғым. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміздің бәрі бас қаламыздан бастау алады.  Бейбітшілік пен татулықтың, бірлік пен берекенің ордасына айналған Астана арқылы бүкіл әлем тәуелсіз Қазақ елін таныды. Дүниежүзіне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының есімін мойындатты. Осының барлығы еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың Елбасымызға деген үлкен сенімі мен қолдауының нәтижесі деп білемін. Ұлы Еуразия кіндігі – Сарыарқаның төрінде көтерген  шаңырағымыз  құтты   болып,  қысқа ғана уақыттың ішінде  Астана  – Отанымыздың жүрегі, халқымыздың мақтанышы,  рухани  өрлеуіміздің,  экономикалық    дамуымыздың  қозғаушы  күшіне ие болды»,- деді  өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы.

Сондай-ақ, өңірлерде 20 жылдық аясында спорттық шаралар, фестиваль мен флеш-мобтар ұйымдастырылды.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика