Халықаралық интеграция

Astana Finance Days: Қаржы саласының басты шарасында жүзеге асқан келісімдер

Қаржы саласының биылғы жаздағы басты оқиғасы - Astana Finance Days-2018 іс-шарасы аясында бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылды. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанаты ертең өтеді. Ал қаржы күндері аясында түзілген меморандумдар туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы04 Шілде , 10:25

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Mastercard халықаралық төлем жүйесі арасында Стратегиялық серіктестік жөнінде меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Тараптар қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытуға және төлем технологияларын ендіруге бағытталған жобалар, атап айтқанда,  АХҚО резидентінің картасы» және «Ақылды қалаларды» дамыту саласындағы бастамалар  аясында бірлесе жұмыс жүргізуді көздеп отыр.

Үш жақты құжатқа Mastercard-тың Қазақстандағы, Беларусьтегі және Армениядағы басқарушы директоры Нина Виллемс, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қол қойды.

«Қаржылық технологияларды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытпайынша, цифрлік экономиканы қалыптастыру мүмкін емес екендігіне біз сенімдіміз. Бүкіл әлемдегідей, біз Қазақстанда да қолма-қол ақшасыз экономиканың дамуына барынша жағдай жасайтын озық инновациялары ендіріп жатырмыз. Mastercard және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы арасындағы серіктестік Қазақстанда цифрлік экономиканы дамыту кезіндегі басты белеске айналады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, осы серіктестік аясында біз заманауи төлем инновацияларын қолдана отырып жасалған резидент картасының мүмкіндігін жұртшылыққа таныстырып үлгердік. АХҚО инфрақұрылымын қалыптастыру аясындағы бірлескен жұмысымыз арқасында резиденттер инновациялық қаржылық қызметтерге қол жеткізеді, ал біздің терең сараптамамыз және бай халықаралық тәжірибеміз бүкіл Қазақстанда «ақылды қалаларға» арналған технологиялардың дамуына қозғау салмақ», - деп атап өтті Mastercard-тың Қазақстандағы, Беларусьтегі және Армениядағы басқарушы директоры Нина Виллемс.

Өз кезегінде  «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов аталмыш халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың жалғасқаны игі бастама екенін айтты.

«Біз қаржы орталығының резиденттеріне жайлы әрі технологиялық жағынан озық ортаны жасап беру үшін Mastercard-пен арадағы ынтымақтастығымызды жалғастыруға қуаныштымыз. Біздің осы тәжірибеміз «Цифрлік Қазақстан» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес бүкіл елімізде «ақылды қалаларды» құру үшін сәтті үлгіге айналатындығына сенімдімін», - деді Қ.Келімбетов.

 Ал Астана әкімі Әсет Исекешев  бүгінгі күні Астана – бұл туризм, қонақжайлылық, білім беру, қызмет көрсету сынды тағы да басқа көптеген салалардағы даму әлеуеті зор заманауи мегаполис екенін жеткізді.

 «Елорданың алдағы дамуы озық технологиялармен тікелей байланысты болғандықтан, инновациялық шешімдер саласындағы ерекше тәжірибеге ие Mastercard компаниясымен ынтымақтасуымыз Астананың «болашақтың қаласы» деген мәртебеге жету үшін жасаған қадамдарының біріне айналады. Біздің серіктестігіміз «Smart Astana» жобасын кеңінен дамытуға мүмкіндік бермек», - деп баса атап өтті Астана әкімі Әсет Исекешев.

Үш жақты серіктестіктің басты бағыты «АХҚО резидентінің картасы» бірлескен бастамасы аясындағы жобаларды дамытумен және ілгерілетумен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге, инновациялық технологияларды дамытуға, тәжірибе алмасуға, АХҚО қаржылық технологияларының экожүйесін дамытуды қолдауға арналған бірлескен іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ, басқа да ынтымақтастық түрлерін, соның ішінде «Ақылды қалаларды» дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлмек.

Қазақстанда 20 жылдан аса уақыттан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан Mastercard компаниясы қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытуға және әлемдік төлем инновацияларын ендіруге кеңінен жағдай жасап келеді.

Сондай-ақ,  Astana Finance Days шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілігі» АҚ және Еуразиялық Топ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат инновациялық қызметті алға жылжыту үшін АХҚО-мен тіркелу кезінде ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

Меморандум ERG АХҚО-ға пилоттық жобалар мен стартаптарда, серіктестермен алмасуда және қаржылық технологиялар мен электрондық коммерция саласында байланыстыруда блокчейн технологиясын әзірлеуге және енгізуге көмектесуін көздейді.

«Біздің әріптестігіміз екі жаққа қаржылық және ақпараттық технологиялар саласындағы озық тәжірибелерді енгізуге серпін беретініне және АХҚО-ның аймақтағы және әлемдегі инновациялық қаржы орталықтарының біріне айналатынына сенімдіміз. Біздің ынтымақтастығымыздың аясында жинақталған ғаламдық тәжірибе арқасында, біз ең жақсы шешімдер мен практиканы кеңінен тарата аламыз, бұл аймақтағы жаңа стартаптар мен жаңа технологиялардың экожүйесін дамытуға оң әсерін тигізеді», - деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Сондай-ақ,  Eurasian Resources Group директорлар Кеңесінің төрағасы Александр Машкевич   төртінші индустриалдық революция бизнестің Еуразиялық Топ жасайтын өзгерістерге икемді және оперативті түрде әрекет етуіне мәжбүр ететінін айтты.

«Біз цифрландыру жобаларын әзірлеу және енгізу бойынша белгілі бір тәжірибе жинақтадық және оны серіктестерімізбен бөлісуге дайынбыз. Еуразиялық Топ Қазақстанның сапалы алға жылжу әлеуетіне ие екендігін және біздің елімізде дамыған барлық жаңа технологиялық шешімдердің Қазақстанның жаңа бәсекелестік артықшылығын қалыптастыратынына сенімді бола отырып, мұндай технологиялар экономиканы жеделдетіп модернизациялауды жылдамдатады. АХҚО - тиімді IТ-стартаптардың экожүйесін қалыптастырудың тамаша алаңы, қаржылық технологиялар саласында ғана емес. Бұл жерде атқарылатын міндеттер бизнес үшін де, үкімет үшін де өте өзекті деп есептейміз», - деді Александр Машкевич.

Өз кезегінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі АХҚО-ның құқықтық базасын және оның қатысушыларына қалай қолданылатынына, сондай-ақ АХҚО-ға тіркеу және аккредиттеу сатыларына көмек көрсетуге және көмектесуге көмектеседі. Меморандумға сәйкес, АХҚО-ға қатысушы ретінде тіркелу кезінде осы аумақта кеңсенің кеңістігін ұсыну мәселесін қарастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, тараптар қаржылық технологиялар - семинарлар, конференциялар, тренингтер, практикумдар өткізу бойынша бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда тығыз ынтымақтастықта болады.

Меморандум негізінде отандық ІТ-өнімдерін және тұтастай ІТ-нарығын дамытуға қызмет ететін ынтымақтастық тұжырымдамасын және жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Шара аясында қол жеткізілген тағы бір маңызды келісім ол  - «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Hong Kong Cyberport Management Company қаржы инновацияларды дамыту туралы.

  «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) және Hong Kong Cyberport Management Company (бұдан әрі – Cyberport) Astana Finance Days шеңберінде кездесуді өткізіп келешектегі Қазақстанда және Белдеу мен Жол бастама мемлекеттерінде қаржы технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың нығайтуын талқылады.

Cyberport Төрағасы д-р Джордж Лам Белдеу мен Жол бастамасы аясындағы өзара тиімді маңыздылығын атап өтті.

Ынтымақтастық жаңа технологиялық экожүйені құруға жәрдемдесуді, бөлінген регистрлік технологиялар (кибер қауіпсіздік), жасанды интеллект, ірі деректер, активтерді басқару саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуді қамтуы мүмкін.

Тараптар сондай-ақ, жаңа және инновациялық идеяларды құру, стартаптарды ұлғайту, серіктестермен алмасу және қаржы технологиялары мен электрондық коммерция саласындағы тәжірибені біріктіру жөніндегі күш-жігерді біріктіруге келісті.

Cyberport - бұл Гонконгтағы ақпараттық технологиялар саласының дамуының басты белгісі. Cyberport және АХҚО командалары арасындағы синергия тек жергілікті емес, сондай-ақ халықаралық деңгейде сандық қауымдастыққа қолдау көрсетудің құндылығын арттырады.

Айта кетейік,   2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика