Адами капитал

Астана – жетістіктер қаласы: Бас қалада бағы жанған тұлғалар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында партияны жаңғырту бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның аясында құрылған Nur Otan Talks алаңында бүгін «Астана: асқақ арман» іс-шарасы өтті. Аталмыш шара екінші мәрте өткізіліп отыр. Қатысушылар Астанадағы жеңісті, жемісті күндерімен бөлісті. Елордадағы тағдыршешті шешімдердің олардың өміріне қалай әсер еткені туралы сыр шертті. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы02 Шілде , 18:15

Шараның алғы сөзін бастаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия қызметіндегі түбегейлі өзгерістерге осындай тың бастамалар айқын дәлел екенін жеткізді.

«Елбасының тапсырмасы бойынша  22 жаңа жоба дайындадық. Жобаларды жүзеге асыруға кірісіп те кеттік. Сонымен қатар, біз бүгін партияның жұмысын заманға бейімдеп, қазіргі заманауи үрдістерді ескеріп, жаңаша жаңғыртып, жұмысты жүргізуге басымдық беріп отырмыз. Осы бағытта  партия саясатына да өзгерістер енгіздік. Жалпы, ақпараттық жүйе жұмысы бойынша бірнеше жобаларды қолға алдық. Nur Otan Trend алаңы сарапшылардың кездесіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылауға арналған. Ал,  Nur Otan Talks деген жобаны  қайта қарап, заманауи түрде жалғастырып отырмыз. Бүгін жаңартылған форматтағы кездесуде біраз мәселені талқыламақпыз. Оның басты мақсаты қоғамдағы құндылықтарды дұрыс қалыптастыруға үлес қосу», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, партия төрағасының бірінші орынбасары   аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін өзінің пікірі мен позициясы бар азаматтар шақырылғанын айтты.

«Астананың  20 жылдығы бүкіл қазақстандықтар үшін үлкен мереке. Бұл – біздің тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жеңісіміз және жетістігіміз. Астана тек әсем ғимараттарымен ғана емес, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті  халқымен де ерекшеленеді. Елорда талай жанның биіктерді бағындырып, армандарына қол жеткізуіне үлкен септігін тигізді. Осы кездесуге сондай жандарды шақырып отырмыз», - деді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, елордада өзге өңірлерден келген адамдар  да, тұрғылықты халықтың да жолы болып, үлкен жетістікке жеткен. Өзінің  балалық шағын Астанада өткізіп, туған қаласында биік шыңдарды бағындыра білген  шахматшы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов  жетістік пен жеңіс  жолындағы  тарихын айтып берді.

«Бұл алаң өте тиімді деп есептеймін. Елорданың   20 жыл бұрын Алматыдан Астанаға көшірілуі  өте үлкен серпін еді. Елбасының тікелей шешімінен соң, қалада ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіле  бастады. Бұл қаладан шыққан жетістіктер тарихы мен табысты тағдырлардың  саны өте көп», - деді Д.Сәдуақасов.

Танымал шахматшы қазір ойжарыс, яғни шахмат ойыны қыздар арасында да қарқынды дамып кеткенін жеткізді.

«Қыздар соңғы өткен Әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп жатыр. Біздің жастардың мүмкіндігі өте жоғары. Ең сапалы білім алуға мүмкіндік бар. Елордада қаншама зәулім ғимараттар, клубтар, секциялар ашылып жатыр. Егер Целиноград кезінде  шахматтан  2 секция болса, қазір олардың саны  30-ға жетіп отыр. Біздің өскелең ұрпақтың басымдығы жоғары деп ойлаймын. Себебі, олар спорт секцияларына қатысып, жоғары нәтижеге ие бола алады», - деді ол.

Ал, Балалар үйінде  жұмыс істейтін  «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры  құрылтайшыларының бірі Динара Зәкиева  адам жақсы істер жасау арқылы айналасын  өзгерте алады  деп есептейді.

«Астана  ұстаздарымды, сүйемелдеушілерім мен қолдаушыларымды кездестірген қала. Мен  9 ай бұрын Балалар үйіне жұмысқа тұрдым. Бұл мен үшін өте ерекше құбылыс болды. Біз жақында осы аралықтағы жұмыстың қорытындысын жасадық. Қала әкімі бізге мекеменің жұмысын жаңа әдістер мен жаңа технологияларды қолдану  бойынша  трансформациялауды тапсырған болатын. Бұл орайда біз жұмысты шаруашылықтан, тұрмыстық мәселелерден бастадық», - деді Д.Зәкиева.

Оның айтуынша, әрбір адам өз айналасындағы өмірді жақсы жаққа өзгерте алады.

Өз кезегінде тарихшы, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы қоғамдағы құндылықтар түсінігін нығайта түсу  қажеттігін айтты.

«Астана барлығымыз үшін қасиетті қала. Менің бүгінгі жасап отырған жұмысым, бала күнімдегі арманым екен. 8-ші сыныптан бастап өз туған жеріміздің елді-мекендерін зерттеуден бастадық. Біз  1996 жылы елордадағы  ақпараттық  жүйені қалыптастыру үшін келдік. Ол кезде астанада ешбір министрлік  қалыптаспаған еді. Мақсатымыз  журналистерге ақпарат тарату үшін мүмкіндік  жасау болатын. 1998 жылы елорданың атауын «Астана» не «Ақорда» деп атау бойынша екі ұсыныс болды. Депутаттар  «Астана» нұсқасын таңдап алған болатын», - Б.Әбдіғалиұлы.

Оның айтуынша, парсы тілінде Астана «киелі» деген ұғымды білдіреді. Киелі мазар болған жер екен. Осы киелі жердің  төңірегіне халық жиналып, шоғырланған.

« «Киелі Қазақстан» мен «Туған жер» дегенде ауыл-аймаққа барып статистика санап кетеміз. «Туған жер» жобасының басты мақсаты ол салт-дәстүр. Қаланың аты қала, ол өзіміздің қазақи дәтүрлерді ұмыттырады. Дәстүр ауылда сақталған. Сондықтан да, «Туған жер» бағытының басты мақсаты ауылға бару. Балаларымызды, немерелерімізді апарып, ақсақалдармен кездесу өткізу, себебі, ауыл мен қаланың арасы алшақтап бара жатыр. Туған жерімізді ұмытып бара жатырмыз. Бағдарламаның басты мақсаты ауылға бару, ауылға тағзым ету, одан нәр алу, күш алу. Себебі, қазақтың қазақылығы ауылда жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәйегі дәстүрімізді қалпына келтіру. Дәстүрді ұмытқан сайын, жаһандану жаулайды. Дәстүр деген біздің имандылығымыз, қорғаушымыз, тарихымыз.  Оны білмесек, ұлт ретінде құримыз. Елбасының айтқаны сол, Қазақстан бізге ортақ киелі. Киелі жер деген тек қана ескерткіштер,ұлттық кешендер емес, рухани құндылықтар. Ол елдік, тұтастық, мемлекетшілдік. Ата-бабаларымызды мақтаныш ету. Батырларды ұлықтаймыз. Себебі, Қазақстан жерінің аумағы бойынша әлемдегі 9-шы мемлекет болып отыр», - деді Б.Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ, қатысушыларға «ашық микрофон» айдары бойынша сұрақтар қойылды.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика