Өңірлер

Түркістан қаласының жанынан 670 гектар жерге жаңа қалашық салынады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді.Сапары барысында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты. Премьердің жаңа облысқа сапары туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы28 Маусым , 09:23

Жаңа облыс орталығының даму жоспарымен таныстырған Ж.Түймебаев Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында арнайы штаб құрылғанын атап өтті.

Асқар Маминге сонымен қатар, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жобасы, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын одан әрі жаңғырту жұмыстары баяндалды.

Мәселен, жаңадан жасалған бас жоспарға сәйкес қала аумағының көлемі 35 мың гектарға ұлғайған. Ал Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Оның 170 гектар болатын аумағына әкімшілік-іскерлік орталық салынса, 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылатын болады. Аталған қалашықта 65 мыңға жуық тұрғын тұрады деп жоспарлануда.Сонымен қатар, жаңа жоспарға сәйкес инфрақұрылымдық жүйелерді және көліктік-логистикалық бағытты дамыту жолдары қарастырылуда.

Бұдан бөлек, таныстырылым барысында  «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы баяндалды. Жоба Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр.

Оның біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.

Қаланың даму жоспарымен танысқан  Асқар Мамин аталған жұмыстардың орындалуы Үкімет тарапынан қадағаланатынын айтып, Мемлекет басшысы тапсырмасының тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін Үкіметтен мейлінше қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласы әкімдігінің жұмысымен және мемлекеттік қызметкерлерге арналған жатаханамен, сондай-ақ, қолданыстағы темір жол вокзалын аралап көрді.

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс орталығында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның алғашқы отырысын өткізді.

Елбасы Жарлығына сай облыс орталығын Түркістанға көшіру жұмыстарын жоспарға сай жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылғанын айтқан облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған тапсырмаларды сәтті орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«Түркістан қаласын ауыз сумен, газбен, жылумен, электр қуатымен қамту, сонымен қатар кәріз жүйесінің құрылысы жобалары мен Түркістан және Кентау қалаларында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу, инфрақұрылымын дамытуға және туризм индустриясына басымдық берілу қажет. Рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 миллионнан астам адам келеді. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер.  Осы орайда, облыстың туристік потенциалын толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек поездын ашу да маңызды. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын қарастыруды да жөн деп санаймыз. Сонымен қатар 8-10 айда негізгі әкімдік ғимараттарын аяқтап, оған дейін мемлекеттік қызметкерлердің баспана жалдау  жайын мемлекет есебінен шешу мәселесін ұсынамын. Қысқа мерзімде көпқабатты тұрғын үйлерді салуға еліміздегі ең ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр», - деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ,  бүгінде көшіру шығындары мен қажетті ғимараттар мен баспана және өзге де мәселелер толығымен есептеліп отыр. Инфрақұрылымдық және транспорттық-логистикалық жүйелер зерттелді.

«Түркістан еліміздің батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін орталыққа айналған. Енді бұл тиімді бағытта жаңа деңгейде дамытуды қолға алуды қарастырамыз. Себебі Түркістанда ауыл шаруашылығын дамытуға климаттық жағдай өте ыңғайлы. Елімізді, әсіресе батыс аймақтардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар барынша күшейтілетін болады.  Түркістан облысының жаңадан құрылуына байланысты осындай ерекшеліктерді қамтый отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қайта қарастыруымыз қажет»,-деді облыс әкімі.

Көне шаһар Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы үлкен жауапкершілік пен міндетті жүктеп отырғанын айтқан қала әкімі Ә.Өсербаев қаланың даму динамикасы мен логистикалық мүмкіндігін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

«Бүгінде қала тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда облыс орталығы болуына байланысты, қала халқының саны 250 мыңға дейін өскен жағдайда қажетті су көлемі тәулігіне 50 мың  кубты құрайды. Келешекте қаланы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су қоймалары салыну қажет. Бүгінгі таңда қала халқының 26,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, тиісті қаржы бөлінген жағдайда 2019 жылдың  соңында  тұрғындарды толығымен газбен қамтылады. Ал қаламыздағы жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын басты көшелерінде кептелістер орын алуы мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта  көшелердің енін 12-18 метрге дейін кеңейту қажеттілі туындауда. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі қаланың ортасынан өткендіктен қала тұрғындары мен қонақтарының жолда жүру қауіпсіздігін қамтасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы ретте, қала ішінде орналасқан 18 шақырым республикалық маңызы бар жолды қала сыртына көшіру қажет»,-деді Ә.Өсербаев.

Отырыста сөз алған ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалынатын жаңа бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды.

«Біріншісі түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасын үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылатынын болады. Сондай-ақ, Астана қаласының салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың тұжырымдамасын техникалық тапсырмасы мен бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасын әзірленген жобасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет»,-деді Қ.Өскенбаев.

Түркістан қаласының дамуы бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеті тұрғанын айтқан ҚР ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов жалпы экономикалық көрсеткіштер бойынша облысты қайта қарау керек екеніне тоқталды. 

Оның айтуынша,  жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша бүгінгі күндегі көрсеткіш 1 млн теңгенің төңірегінде екен. Бұл көрсеткіш Республика бойынша ең төменгі көрсеткіш деп айтсақ болады. Сол себепті жалпы экономика бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүру керек екені көрсетіліп отыр деді.

Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жоғарыда баяндамашылардың көтерген мәселелері назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасын тиісті деңгейде орындау үшін бар күш-жігерді салуды тапсырды. Сонымен қоса тиісті жоспар жасап, ұсыныс енгізуді сала жетекшілеріне жүктеді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика