Сараптама

ҰБТ: мамандық пен оқу орнын таңдау ғана ма?

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізіліп келе жатқанына 15 жыл толды. Он бесінші рет өтіп жатқан тестілеуге 100 мың түлек қатысуға бекініпті. Сол түлектердің 76 мыңы, яғни 76% емтиханды қазақ тілінде тапсырады.
Астана қаласы26 Маусым , 16:17

Жалпы, 2018 жылы  146 мың   оқушы  мектеп  бітірген көрінеді.  Олардың 100 мыңы  ҰБТ тапсыруға бекінген болса, демек мектеп түлектерінің  68 пайызы  елдегі ең басты емтиханға  қатысуға бекінген  болып отыр. Ұлттық тестілеу орталығының директоры  Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 15 жыл ішінде тестілеуге 1,5 млн-ға жуық адам қатысқан. Сөйтіп,  ҰБТ  қазақстандық жастардың әлеуметтенуіне, қоғамнан өзіндік  орнын табуына өз ықпалын тигізіп келе жатқан шаралардың біріне айналып отыр. 

Сонымен бірге,  ҰБТ және  мемлекет тарапынан  бөлінетін білім гранттары  Қазақстанның әлеуметтік мәселелерге айырықша көңіл бөлетінін, ел дамуын  біліммен байланыстыратындығын айғақтайды. Әрі ҰБТ  Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екендігін де байқатып тұр. Дегенмен,  Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген  15 жыл ішінде аталған шараның түрлі  қырлары  байқала бастады. Біріншіден, ҰБТ  Қазақстан қоғамындағы ең маңызды шаралардың біріне  айналды.  

Екіншіден,  ҰБТ   білім мен мәдениет салаларының, отбасы институтының, қоғамдық қатынастардың барометрі  деңгейіне шығып отыр. Тіпті, жастардың емтихандарға  «шпаргалка» алып кіруінің  өзі  креативтіліктің өлшеміне айнала бастағанға ұқсайды. Оған  Ұлттық тестілеу орталығының  директоры  Рамазан Әлімқұловтың биылғы тест кезіндегі бір оқиғаға байланысты пікірі куә. Ол тестлеуге айырықша «шпаргалкамен»  келген түлектің әрекетін фукнционалдық сауаттылыққа балаған.  Талапкер   емтиханға алып кірген судың  құтысына  химияның  формулаларын жазып алған көрінеді. Онда да құты сыртындағы өндіруші туралы деректер  жазылатын тұсқа әлгі формулаларды жазып қойса керек.  Яғни,  ҰБТ  емтихан алушылар мен тапсырушылардың,  олардың  жақтастарының арасындағы детективке айнала бастағанға да ұқсайды. Тестілеудің  өзгеше бір қыры да осында.

 ҰБТ  білім саласындағы  бизнестің дамуына   ықпал етті

 Ұлттық бірыңғай тестілеудің қазақстандық   қоғамдағы мән-маңызының артқаны сонша, бұл шара білім саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға да  зор үлесін  қосты.  Бүгінде ақылы негізде  білім берумен айналысатын орталықтардың басым  көпшілігі  басты назарды ҰБТ-ға  аударады.  Білім беру саласындағы жеке меншік  орталықтардың «көзірі»  де  осы ҰБТ  болып отыр. Яғни, ҰБТ-ға даярлау  жеке меншік білім мекемелерінің, орталықтардың  табыс көзіне айналған. 

Ата-аналар да  ұлттық бірыңғай  тестілеуге  даярлықтан  қаржы аяған емес. Интернет кеңістігінде де  ҰБТ-ға даярлыққа қатысты  жарнамалар, ақпараттар молынан кездеседі. Мәселен,   Google -де  «Подготовка ЕНТ» деген  сөзді іздесеңіз 1 млн 70 мың нәтиже шығады.  Ал, Яндекс  жүйесінде бұл көрсеткіш бірден 75 млн –ды көрсетеді.

Мұның өзі  ҰБТ-ға дайындыққа деген сұраныстың  мол екендігін көрсетіп тұр.  Мәселен, бір ғана  Вконтакте  әлеуметтік желісінде  ҰБТ- ға қатысты 1190 топ бар. Соның ішінде қазақша «ҰБТ» деп белгіленген 710 топ кездеседі. Соның ішінде ең көп жазылушы тіркелген топта  216 мың 214 адам бар. Интернеттегі мұндай топтардың барлығы дерлік  тест тапсырмаларын сатып, ақылы негізде даярлық курстарын  өткізеді. 

Айталық, ЕНТ Талапкер/ЕНТ2018 мобильді   қосымшасы  ҰБТ емтихандары кезінде  ақылы сабақтарға жеңілдік жасаған.  Бұрын  мұндай бес  дәріс 7500 теңге болса,  21-22 маусымда 2000 теңгеге.  Интернеттегі  түрлі топтар мен паликтерде  ҰБТ-ға даярлайтынын айтып, жарнама жасайтын  ұстаздар,  Назарбаев университеті мен өзге оқу орындарының оқытушылары    өте көп кездеседі. Сөйтіп,  қосымша табыс табуға ұмтылатындар кездеседі. Әрине, білім саласындағы фрилансерліктің  ұстаздар мен оқытушыларға  пайдалы екені анық, дегенмен фрилансерлердің табысынан  бюджетке салық түспейтіні тағы бар.  Алайда, ҰБТ  белгілі бір мөлшерде  азаматтардың табысын арттырып жатыр.

Аятжан Ахметжан, республикалық «Қазбілім»   орталығының  директоры:

«Білім саласының табысты кәсіп түріне айналғаны рас. Көптеген  орталықтар ҰБТ-ға даярлық, робототехника,  ментальды арифметика тәрізді көптеген бағыттарды ұсынады. Біз ҰБТ-ға және  Назарбаев Зияткерілк мектептеріне, Білім инновациялық лицейлеріне оқушылар даярлаймыз. Ата-аналар  жекеменшік даярлық курстарында балаларын оқытуға қаржы аямайды.  Әрі оларға сенеді. Ал  орталықтардың көбі сенімді ақтап жатыр. Өйткені,  жекеменшік орталықтардағы мұғалімдер тек білім берумен ғана айналысады. Артық жұмыс пен қағазбастылық жоқ. Табыстары да жақсы. Демек, нәтиженің   жақсы болуы   ұстаздардың әлеуметтік жағдайына,  өз біліктіліктерін арттыру мүмкіндігінің бар-жоқтығына да байланысты болса керек».

ҰБТ қоғамдық барометр ма?

  Мүмкін.  ҰБТ-ның қоғамдағы рөлін бірнеше қырынан қарастыруға болады. Ең алдымен ҰБТ   орта білім сапасының барометрі. ҰБТ арқылы мектептерде берілетін білім деңгейін ғана емес,  білім саласындағы келеңсіздіктерді,  қитұрқылықтарды,  білім жүйесіндегі адам тағдырының орнын  анықтауға болады. Әрине, соңғысы жанама түрде екені анық. Ал бастапқылары,  білім деңгейі мен білім саласындағы келеңсіздіктерді ҰБТ ашық көрсетіп бере алады. 

Айталық,   тестілеу қарсаңындағы  жасөспірімдер суицидін, сыбайлас  жемқорлық деректерін,  сабақ үлгерімі  төмен оқушыларды мектеп басшылығының   тестлеуге жібермеуге  тырысқан сәттерін осы ҰБТ  қарсаңында жиі байқаймыз.  Одан бөлек  тестілеу кезінде емтиханға қатысушы азаматқа астыртын көмек  ұйымдастыру, тест сұрақтарын сатуға ұмтылу сияқты деректер жыл сайын қайталанады.  Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанның айтуына қарағанда ҰБТ  енгізілген жылдардан бері  тест  сұрақтарын сату, алдын ала таратып жіберу, тіпті «шпаргалка» қолдану деңгейі  әжептәуір азайған. 

Емтихандағы тест сұрақтарын  бүгінде  алдын ала біліп алу  мүлдем мүмкін емес. Бірақ,  интернет пен  ақпараттық технологиялар арқылы  тестке қатысушыларға  жәрдемдесу тәсілдері жетіліп келеді. Ұлттық тестлеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов та мұны мойындап отыр. Ол ҰБТ өтетін мыңнан астам аудиторияда 4G желісін өшіретін арнайы құрылғылар орналастырылғанын айтқан. Бірақ, жыл сайын тест кезінде аудиториядан түрлі тәсілдермен ақпараттар сыртқа шығып кетіп жатады.

 Рамазан Әлімқұлов, Ұлттық тестлеу  орталығының директоры:

«Өкінішке қарай, қандай да бір жолмен сұрақтарды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жарияланған  фактілер бар. Біз осы фактімен жұмыс істеп, күресіп жатырмыз. Он телефон аудиторияға кірер алдында тәркіленді. Бұл қалыпты жағдай. Өзімен телефон алып кірмекші болған оқушының барлық телефондарын тартып алды».

Тестілеуге  білім деңгейін көтеру арқылы емес, түрлі техникалық құрылғыларды пайдалану әдістерін  жетілдіру арқылы даярлану- қоғамдық сананың  өспей тұрғанын көрсетеді. ҰБТ осы тұрғыдан келгенде  аса маңызды әлеуметтік шара болып отыр. Тіпті, әлеуметтік мобильділіктің қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан, ҰБТ-дан қандай  тәсілмен болса да өту қазақстандық жастар үшін  маңызды болып қала беретін түрі бар. Тестлеуден сәтті өтіп, ЖОО-ға түскен жағдайда азаматтың әлеуметтік статусы көтерілетінін, соған сәйкес қоғамдағы беделі мен әлеуметтік жағдайының жақсаратынын  бұқара жақсы біліп отыр.

Сондықтан,  ҰБТ-ға барынша даярланады. Алайда ҰБТ-ға даярлану, мамандық таңдау, жоғары білімінің қажеттілігін сезіну мәселесінде қоғамда жаңсақ қадамдар тым көп кездеседі. Саясаткер Саясат Нұрбек келтірген деректерге сенсек,  қазақстандық түлектердің 80 пайызы болашақта өздерінің  қандай маман болатынын елестете алмайды екен. Түлектердің 90 пайызы ҰБТ тапсырған кездің өзінде  қай оқу орын мен қандай мамандыққа түсетінін таңдамайды.  6 түлектің  бесеуі универсиетті орналасқан елі мен қаласына байланысты таңдайды екен. 10 талапкердің  сегізі өзі таңдаған мамандық бойынша жұмыс істемейтінін алдын ала білетін көрінеді. ЖОО түлектерінің 60  пайызы  өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Әлбетте, Саясат Нұрбектің соңғы дерегіне күмәнмен қарауға болады.

Бірақ, көптеген мамандық иелері өз салаларында қызмет жасамайтыны белгілі. Бәлкім пайыздық мөлшері 60 болмауы мүмкін, алайда ондайлар аз емес. Мұның  өзі  ҰБТ-ның әлеуметтік лифт  ретіндегі  рөлін жіті зерттеп, зерделеу қажет екендігін көрсетеді. ҰБТ жеке азамат үшін, отбасы үшін ненің маңызды екендігін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан қоғамы үшін білім  маңызды сияқты көрінгенімен, іс жүзінде отбасы құндылықтары бірінші орында тұрады. Әлеуметтанушылар отбасын алдыңғы қатарға қосатындардың үлесі 63-65 пайыз екендігін анықтаған. Алайда, сол отбасында білімге деген көзқарас жүйелі қалыптаспай отыр. ҰБТ ға даярлық кезінде қаржы шығарып, тест барысында  түлектерге көмектесетін ата-ана, мамандық  пен оқу орынын таңдауда  рационалды бола  алмай қалады.

Білім сапасының да көрсеткіші

       ҰБТ  еліміздегі білім саласының  деңгейін анықтауға септігін тигізетін маңызды шара. Орта білімнің,  орта білімге қажетті оқу-әдістемелік құралдарды даярлаушы мамандардың сапасын,  мектеп басшылары мен білім  бөлімдерінің ұстанымдарын, ата-аналар мен оқушылардың көзқарастарын анықтауға да ҰБТ қолғабыс жасайды. Әрине, кешенді әлеуметтанулық зерттеу  нәтижесінде болмағанымен, ҰБТ  процесін бақылау барысында  салаға қатысты  көптеген мәселені анықтау мүмкіндігі бар. Айталық, ҰБТ  жоғары білім алуға деген  ұмтылысты бәсеке  деңгейіне шығарып отыр. Сөйте тұра,  мектеп бітірушілердің  арасында ҰТБ-ға қатыспаушылардың  үлесі соңғы  төрт жылда көбейіп келеді. 

Мәселен, 2013 жылы  Қазақстанда 156 мыңнан астам бала мектеп бітірсе, олардың 68,6 пайызы ҰБТ-ға қатысып, 31,4 пайызы   қатысудан бас тартқан. 2014 жылы 127 мың түлектің 31,1 пайызы, 2015 жылы 134 мың түлектің 33,1 пайызы, 2016 жылы 121 мың түлектің 30,6 пайызы, 2017 жылы 136 мың  түлектің 31,8 пайызы, биыл 146 мың түлектің 32 пайызы тестке қатысқан жоқ. Дегенмен, 2004 жылы 235 мың 540 түлектің 23,9 пайызы  ҰБТ-ға қатыспағанын ескерсек,  тестке қатыспаған түлек саны жөнінен ҰБТ енгізілген жыл рекордтық көрсеткішті құрап тұр. 56 мың түлек. ҰБТ-ға қатысушылардың ең жоғары көрсеткіші де  сол жылдарға тиеселі. 2005 жылы  219 мың түлектің 83,2 пайызы  тестке қатысқан.

  Бұл дегеніңіз 182 мың түлек.  Алайда,  ҰБТ-ға қатыспаушылар үлесінің артуы  Қазақстанда жоғары білімге деген сұраныстың төмендегенін білдірмейді. Керісінше,  жоғары білім алудың балама көздерінің арта түскенін  байқатады. Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесіне  сенсек,  жыл сайын қазақстандық мектеп түлектерінің 15-20 пайызы шетелдердегі оқу орындарына кетеді екен. Статистика комитетінің 2016 жылғы дерегіне қарағанда  сол жылы шетелдерде оқып жүрген 101 мың студенттің 86 пайызы Қытай мен Ресейде білім алатыны белгілі болған. Ресейде 72 мың, Қытайда 14 мың қазақстандық студент білім алып жүргені анықталған. 

Бұл деректер ҰБТ –ның білім саласының сапасы мен  құнын анықатуға көмектесетін индикатор  ретіндегі рөлін байқатып тұр.  ҰБТ-ға қатыспаушылардың басым бөлігі Ресейде білім алатынын ескерсек,  ЖОО бәсекесінде  ресейліктер озып тұр.  Оларда  жоғары білім құны арзан әрі  бұрыннан келе жатқан «Ресейдегі білім сапалы»  деген стереотип жұмыс істеп тұр. Екіншіден,  Ресейлік оқу  орындарына кетіп жатқан түлектердің көпшілігі  болашақтағы тағдырын сол елмен байланыстыруға бел буған, атажұртына оралуды көздейтін әулеттердің өкілдері. Бұл ҰБТ-ның  ішкі-сыртқы миграция мәселесінде де өз орыны бар екендігін байқатып тұр. ҰБТ-ға қатысу азаматтардың өз тағдырын Қазақстанмен тікелей байланыстар білуінің көрінісі болса, одан бас тарту  қоғамда  миграцияға кететін адамдардың алғашқы  қадамдары ретінде сипаттала бастаған. Оған   біздегі жоғары білімнің  қымбаттығы да әсер етіп отыр.

Төлен  Тілеубай, журналист:

«Finprom.kz зерттеу компаниясы жуырда мынадай мәлімет таратты: 2017 жылы елімізден шетелдерге 20 мыңнан астам (!) білікті мамандар кетіпті. Соның ішінде 6,6 мыңы - техникалық, 3,6 мыңы - экономикалық, 2,3 мыңы - педагогикалық мамандық иелері екен. Бұл - ең өзекті мәселенің бірі. Тағы бір мәселе бар. Біздің солтүстік облыстардағы түлектердің көбі Ресейдің жоғары оқу орындарына түсетіні рас. Себебі - біздегі оқу ақысы удай қымбат. Мысалы, заңгер мамандығына оқимын деген түлек Астанадағы Ұлттық заң университетіне ақылы бөлімге түссе, жылына 800-850 мың теңге төлеуі тиіс. Ал Ресейдің Томск қаласындағы университеттің заң факультетіне түссе, жылына бар-жоғы 350-400 мың теңге төлейді».

ҰБТ-ның   білім саласына қатысты тағы бір  көрсеткіші  қажетті ұпайды  жинай алмаған азаматтардың жалпы үлесіне байланысты болып отыр. 2004-2016  жылдар аралығында  тест кезіндегі ең төменгі шектік ұпайды жинай алмаған  азаматтар саны 355 мың 227 адамды құрапты. Бұл дегеніңіз жалпы түлектердің 22,4 пайызы. Әрине, ҰБТ-ға дейін бұл топ білім саласына тікелей қатысты  болса,  тесттен кейін білім саласынан алыстаған, әлеуметтік статусы  төмен, әлеуметітк мобилділігін ұдайы бақылауды қажет ететін  топқа айналып шыға  келеді. Ең төменгі ұпайды  жинай алмаған 355 мың азаматтың тесттен кейінгі тағдырына қатысты дерек жоқ. Қоғамдағы орындары да белгісіз. Сондықтан,  бұл бағытта кешенді зерттеу жүргізілуі  қажет.

ТҮЙІН

ҰБТ жай ғана тест емес. Бұл шара  қоғамдағы әлеуметтік  мобильділіктің сипатын анықтайтын,  құндылықтар иерархиясын белгілейтін  шаралардың бірі.  Бірақ, азаматтардың ҰБТ ға дейінгі және кейінгі тағдыры,  олардың әлеуметтік статустары, арман-аңсарлары, мақсат-мүдделері толық сараптамадан өтіп, зерттелген жоқ. Әсіресе, жастардың ҰБТ-дан кейінгі  тағдыры  әлеуметтанушылардың  назарынан тыс қалған.  ҰБТ-ға даярлық шаралары да толық зерделенген жоқ. Көбіне қасаң статистикаға  сүйенудеміз. Сондықтан,  ҰБТ-ның  қоғамдағы  рөлі жайлы кешенді әлеуметтанулық, мәдениеттанулық  зерттеулер жүргізу қажеттілігі бар.

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика